Батыста сүндетке отырғызу сақтала ма?

Өз кезегінде, Исландия Ислам мәдени орталығының имамы Ахмад Сиддиқ сүндетке отырғызудың ислам дінінің құрам бөлігі екендігін уәж ете отырып, Гуннарсдоттир ұсынған заң жобасының «дін бостандығына қайшы» келетінін айтты. Ал Исландия епископы Агнес М. Сигурдардоттир мұндай тыйым күшіне енген жағдайда сүндетке отырғызумен айналысатын кез келген адам алты жылға түрмеге жабыла алатындықтан иудаизм мен исламның «қылмыстық дінге» айналатынын ескертті.

ВАШИНГТОН, АҚШ – Исландияда медициналық көмектен тыс сүндеттеуге тыйым салу туралы заң жобасының қабылдануы еврейлер мен мұсылмандардың наразылығын туғызғаны қалыпты жағдай. Олардың алаңдауына толық негіз бар: Нидерланды мен Скандинавияда да сүндетке отырғызуды заңсыз деп тануға шақырғандар болған; Ұлыбританиядағы дәрігерлерге де сүндетке отырғызуға тыйым салуды қолдаңдар деген талап қойылып отыр және 2012 жылы Германияда сүндетке отырғызудың заңдылығы қызу пікірталас туғызғаны да әлі ұмытыла қойған жоқ.

Адам құқықтарына берілген анықтама кеңейтіліп, оған балалардың денесіне тиіспеу талабы енгізілгелі, сондай-ақ, дін бостандығының анықтамасы негізінен діни салт-жораларды орындау және бірлесу құқығына дейін тарылғалы Еуропада сүндетке отырғызу салты соңғы уақытта қатаң сынға ұшырауда. Алайда, құқықтардың мұндай жаңашыл иерархиясын ойланып басқармаса, бүкіл адам құқықтарын қорғау жобасының заңдылығына қауіп төнуі мүмкін.

Исландия парламентіне заң жобасын ұсынған Прогрессивтік партияның өкілі депутат Силья Догг Гуннарсдоттирдің айтуынша, басты мәселе – «дін бостандығы емес, … бала құқықтары». Гуннарсдоттир ханым «әркімнің өз нанымын өз қалауы бойынша таңдауға құқылы болып табылатынын» мойындай отырып, «бала құқықтары – діни сенім құқығынан жоғары» екендігін атап көрсетті.

Құқыққа қарсы құқық

Бұл аз болғандай, екі жақ та өз уәждерін адам құқықтарына негіздеп отыр. Мәселен, тыйым салуды жақтаушылардың кейбіреулері дәлел ретінде сүндетке отырғызудың Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (АҚЖБД) 5-Бабын бұзатынын айтады, себебі онда

ешкім де азапталуға немесе қадір-қасиетін қорлайтындай адамшылыққа жатпайтын қатыгездік жолмен жәбірленуге, немесе жазалануға тиіс емес 

делінген. Жақтаушылардың пікірінше, «жәбірлену» сүндетке отырғызуға қолданыла алады.

Сонымен бірге, сүндетке отырғызуды қорғаушылар да АҚЖБД-ға, атап айтқанда, оның 18-бабына сілтеме жасап отыр:

Әр адам ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар.

Аталмыш бапта бұл құқық тіпті кеңірек ашылған: ол

өз дінін немесе наным-сенімін өзгерту еркіндігін, өз дінін, наным-сенімін жеке өзі, немесе басқа адамдармен бірігіп тұтып, жария түрде, немесе жеке жолмен уағыздау, құдайға құлшылық ету, діни салт-жораларын орындау бостандығын да қамтиды.

Мұндағы «діни салт-жораларын орындау» сүндетке отырғызуды қамтыса керек.

Мәдениет құықққа қарсы

Адам құқықтарының қарама-қайшы мәселелері барған сайын әр алуан болып келе жатқан қоғам мүшелерінің құқықтары мен міндеттемелерін теңестіру үшін олардың астарын жете түсінуді қажет етеді. Сүндетке отырғызу мәселесінде айқын шиеленіс тек дін бостандығы мен адамдардың денесіне тиіспеу арасында ғана емес, сонымен қатар ата-ана құқықтары мен мемлекет билігі, мәдени алуан түрлілік пен ұлтшылдық һәм діни және зайырлы тұрғыдағы өнегелік көзқарас арасында да туындап отыр.

Оның үстіне, түрлі қауымдастықтардағы адам құқықтарының маңыздылығы да әртүрлі: біреулері үшін адам құқықтарының өнегелік құндылықтар жүйесі де жеткілікті болса, енді біреулері үшін, Брукингс институтының сарапшысы Уильям Галстон атап өткендей, «адамгершілік және рухани әлем адам құқықтарының тұжырымдамаларына симайды».

Басқаша айтқанда, адам құқықтарын түсіндіруде мәдениет адамдардың көбі ойлағаннан әлдеқайда үлкен рөл атқарады, сондықтан адам құқықтарын қорғаушылар мәдени не діни тамыры тереңде жатқан әлдебір мәселе жөнінде үстірт пікір айтудан сақ болғаны жөн. Мәдениеттанушы психолог Ричард Шведер атап өткендей, сүндетке отырғызу Еуропа мен Таяу Шығыс халықтары арасында ғасырлар бойғы қақтығыстарға арқау болған. Осы күні еврейлер ханука мейрамы деп атап өтетін б.з.б. ІІ ғасырдағы еврей халқының грек билігіне қарсы көтерілісінің бір себебі сүндетке отырғызуды заңсыз деп танып, ол үшін өлім жазасын көздеген жарлықтың қабылдануы еді.

Сонымен…

Батыс елдерінде болса, адам құқықтары туралы түсінік мәдени тұрғыдан индивидуализм мен секуляризмге қарай анағұрлым ауқымды ығысумен қатар дамып, діни салт-жоралардың бірқатарына деген қарсыласуға алып келді. Сүндет мәселесі –Еуропа қоғамдарының дін бостандығын, нанымдар мен салт-жоралардың алуан түрлілігін мойындап, қабылдау үшін жеткілікті шамада әлі де құрметтей ме, жоқ па – осыны бағалауға мүмкіндік беретін өлшемдердің бірі. Сүндетке отырғызу мыңдаған жылдар бойы әлем халықтарының үлкен бөлігінің төл мәдениеті мен діни нанымдарының ажырамас құрамы болып келген. Оны Батыста жоюға бағытталған қозғалыс – келешекте дін бостандығының шектеле түсетінінің айқын белгісі.

Мұның ар жағында жатқан қатердің мәні – зайырлы қоғам нормаларын белгілі бір құқықтарды таңдай отырып жүзеге асыру «адам баласы үйелменінің барлық мүшелеріне тән қадір-қасиетін» және құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету үшін қажетті минималды шарттарға қатысты бірауыздылықтың арқасында әлем халықтарын біріктіріп, адам өмірін жақсартуды көздейтін бүкіл адам құқықтарын қорғау жобасына деген сенімді жойып қана қоймай, алуан түрлілік пен азшыл топтарға төзімді көзбен қарауға негізделген либералдық тәртіпке деген сенімнің де тамырына балта шабады.

Сүндетке отырғызуға тыйым салу Батыста бұл дәстүрден елеулі алшақтаудың нышаны болары анық. Төзімділіктің ондай нанымдардың «дұрыстығы» не «бұрыстығы» туралы пікірін паш етпей, халықтардың өз нанымдарына сәйкес дінін ұстануға немесе төл мәдениетін өзгеше білдіруге деген құқығын құрметтейтін әлдеқайда кең ұғым екендігін Құрама Штаттардың тарихы көрсетіп отыр.

Батыста сүндетке отырғызу сақтала ма?Сет Д. Каплан – Джонс Хопкинс Университетінің Пол Г. Нитце атындағы Алдыңғы қатарлы халықаралық зерттеулер мектебінің профессоры және түрлі мәдени мәнмәтіндегі адам құқықтарының болашағы жайлы жақында жарық көретін кітаптың авторы.

Авторлық құқық: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz