Сөз бостандығының жеңістері

Жыл сайын “Жаһандық баспасөз бостандығы күні” – 3 мамырда ақпаратты өндірушілер мен тұтынушылар бір сәт әлемдік БАҚ-тың қазіргі жай-күйіне ой жүгіртеді. Биыл журналистер мен үкімет өкілдері бұл оқиғаның 25 жылдығын атап өту үшін Ганаға жиналып, бүкіл әлемде бұл мамандықтың басындағы сын-қатерді, журналистер кездесіп жатқан қиындықтарды талқылайды, үкіметтердің баспасөзге тікелей және жанама түрдегі қысымы демократияға қалай қауіп төндіретінін айтады.

Бұл уайымның барлығы орынды, әрине, бірақ бұл – толық картина емес. Журналистер де қайратына мініп келеді. Сондықтан, әлем журналистері кездесіп жатқан кедергілерді сөз етудің орнына 3 мамыр мерекесін оптимизмге бастайтын ойлармен атап өтсек деймін.

Біріншіден,

ешбір медианарық баспасөз бостандығына төнген қауіптен сақтандырылмаған, қауіп болған күннің өзінде қарсы тұруға болады. Еуропада жақында болған оқиғалар осыны дәлелдейді. Словакияда айғақтамашы журналист Ян Кучак пен оның қалыңдығы Мартина Кушнированың саяси себептермен өлтірілуі халықтың ашу-ызасын туғызғаны сондай, премьер-министр Роберт Фицо қызметінен кетуге мәжбүр болды, ал оның орнына келген Питер Пеллегрини қоғамдық пікірге қарай аңдап басып келеді.

Венгрия да аз болса журналистік табандылықтың үлгісін көрсетті. Еуропа журналистика орталығының жақында жасаған зерттеуіне қарағанда, БАҚ-тың жұмысына мемлекеттік бақылау күшейе түскенімен, айғақтама журналистика әлі де өте белсенді, сондықтан “салық төлеушілердің ақшасын орынсыз пайдалану әрекеттері тұрақты түрде әшкереленіп отырады”.

Дегенмен, ақпарат құралдары бұрын-соңды болмаған қыспақта тұрғанын мойындау керек, және бұған фейк жаңалықтар мен шектен шыққыш президенттер ғана кінәлі емес. 30 сәуірде Кабулда болған жанкешті террорист ұйымдастырған жарылыстан 25 адам қаза тапса, солардың 9-ы – журналистер. Бұл Ауғанстан журналистері үшін  “Талибан” құлағалы бергі ең қайғылы күн болып қана қойған жоқ, әлемдегі ахуалға да әсер етті. “Шекарасыз репортерлар” ұйымының деректеріне сүйенсек, соңғы 15 жылда әлемде 1 мыңға жуық журналист кісі қолынан өлген, ал өлтіргендердің аз ғана бөлігі жазасын алған.

Соған қарамастан, жаңадан үміт сәулесін оятқан жайттар да бар. Бүкіл әлем журналистері мен оларды қолдаушылар қарсы күресте батыл қимылдап жатыр.

Онлайн цензураны қарастырайық.

Қытайдан Ресейге дейінгі көп елдің үкіметтері Интернетке тосқауыл қойып жатқанымен, қазір әлем халқының жартысы ғаламторға қосылған. Тек бес жыл ішінде Интернетке қосылғандардың саны 20 пайызға өскен.

Судан журналистері бұл байланыс түрін кісі өмірін сақтауға қолданып келеді. Былтыр үкімет тырысқақ дертінің таралғаны туралы ақпаратты жұртқа жариялаудан бас тартқанда Dabanga радиосының журналистері дәрігерлермен және медбикелермен бірлесіп, WhatsApp арқылы аурудың алдын алу және оны емдеу жолдары туралы ақпарат таратып отырды.

Тіпті Сомали сияқты соғыс болып жатқан қырықпышақ елдерде Интернет халық игілігіне пайдаланылады. Мұнда ақпарат жіберу жылдамдығы артып, сырттағы қалың диаспора өкілдері елдегі дос-туыстарымен байланыс орнатты, соның арқасында түрлі қауымдар арасында мағыналы диалог орнады.

Заңдық нормалар да дұрыс бағытта қалыптасып жатыр. 2011- 2016 жылдар аралығында ақпарат бостандығы туралы заң қабылдаған елдер саны 90-нан 112-ге көбейді.

Өткен айда Еуропа одағы ақпар берушілерді қылмыстық қудалаудан қорғайтын заң қабылдап, бұл ұстанымды тіпті қатайта түсті. Арнайы мәлімдеме жасаған билік өкілдері Еуропа заңдарын бұзғандар туралы ақпар берушілерді қорғайтын бұл заң айғақтамашы журналистерге көмектесетінін ерекше атап өтті.

Қорыта айтсақ…

Журналистикасы заңдық тұрғыда аз қорғалған елдерде тілшілер тіпті креативті болып кетеді. Тәуелсіз ақпарат құралдарына саясаткерлер күйе жағып, онлайн-тролльдар шабуылдаған Филиппинде журналистер тіпті ерекше қарымта қайтарды. Мәселен, медиаға қоқан-лоқы жасағандардың бетпердесін әшкерелеген мақалалар топтамасында  Rappler  ақпараттық сайты үкіметтегі адамдармен тікелей байланысы бар тролльдар желісін тапты.

Оның үстіне, журналистер өз саласындағы әркелкілікті арттыруға үлес қосып жатыр. Конго Демократиялық Республикасында бір ақпарат құралы БАҚ-қа комментарий не сараптама бере алатын мыңдаған әйел сарапшының дерекнамасын жинастырған. Бұл қарапайым ғана шаруа баспасөзге шығатын әйел сарапшылардың санын анағұрлым арттырған.

Биыл Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күнін атап өтіп отырғанда осындай аз да болса жарқын мысалдарға көңіл бөлуіміз керек. Күн сайын ержүрек ерлер мен әйелдер (кейде тіпті балалар да) бізге ақпарат жеткізу үшін бастарын бәйгеге тігіп жүр. Бәріміз олардың жанкештілігінің шапағатын көріп отырмыз, сондықтан бәріміз олардың құрбандықтарын ғана емес, жетістіктерін де мақтан етуіміз керек.

Сөз бостандығының жеңістеріЛеон Уиллемс – Free Press Unlimited компаниясының директоры.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz