Ашық деректер тапшылығы: түйткілді мәселе және оны шешу жолдары

Ашық деректер тиімсіз немесе жеткіліксіз болса, деректерді басқа жерден іздеп табуға тура келеді немесе оқырманға не себепті дәлел келтіре алмағаныңызды түсіндіру керек. Poynter материалында аргентиналық және америкалық журналистер осыған көз жеткізді.

Балама ақпарат көзін іздеу

2007 жылы Аргентина билігі инфляцияның өсіміне қатысты статистиканы қолдан жасай бастады. Бұл реформа жағдайдың өзгеруіне септігін тигізе алмады: Reuters хабарлауы бойынша, 2014 жылы да жекеменшік бағалаушылармен салыстырғанда, көрсеткішті төмендетіп көрсету жалғасын тапқан.

Бұндай мәселе тек экономикалық деректерге қатысты туындаған жоқ.  2008 жылы, елді Кристина Фернандес де Киршнер басқарып тұрған кезде билік оған дейін жыл сайын шығып отыратын қылмыс статистикасын жариялауды тоқтатты.

Мұның бәрі фактчекерлерге айтарлықтай қиындық тудырады. Chequeado (Буэнос-Айресте орналасқан фактчек ұйымы) директоры Лаура Зоммердің айтуынша, бұндай жағдайда балама ақпарат көздеріне сүйенуден басқа амал жоқ. «Коммерциялық емес ұйымдар мен жекелеген экономистерден алатын мәліметтер мінсіз емес, әрине. Алайда ол мәліметтер мемлекет ұсынып отырған нақты емес ақпарат пен мүлдем дерек жоқ сәттерді түсінуге зор септігін тигізеді», – дейді Зоммер.

Америкалық  фактчекинг ұйымдары да дәл сондай тәсілді пайдаланады, мұнда да журналистерге бейресми ақпарат көздеріне жүгінуге тура келеді.  Мысалы, полицейлер тарапынан оқ ату статистикасын сақтайтын  The Washington Post және John Jay College of Criminal Justice мәліметтер базасын келтіруге болады.  FactCheck.org директоры Юджин Кили ФТБ деректеріне сүйенудің қажеті жоқ деп біледі, өйткені ол жерде полицейлердің ерікті түрде жасаған рапорттары ғана тіркеледі деп есептейді. «Иә, басқа ақпарат көздері де баршылық, алайда биылғы статистиканы өткен жылдармен салыстыру алма мен апельсинді салыстырғанмен тең. Сондықтан басқа дереккөз тауып, оқырманға салыстыруға келмейтін жағдай екенін нақты түсіндіруіңіз қажет», – дейді Кили.

Журналистер басқа салалар бойынша да ФТБ  ақпараттарының толық еместігіне көз жеткізген. Мәселен,  2016 жылғы есепте 2015 жылмен салыстырғанда қылмыс статистикасының  кестесі 70%- ға аз, атап айтқанда, қамауға алу, адам өлтіру және қылмыстық топтар ішінде шамамен қанша адам өлтіру болғаны жөніндегі деректер мүлдем жоқ . Соңғысы тек жалпы мемлекет көлемінде ғана берілген, штаттар бойынша статистика келтірілмеген.

Бұл мәселеге ФТБ статистика түрін жеңілдету жөнінде шешім қабылдағандарын және мұнда жоқ ақпаратты ресми сұрау салу арқылы алуға болатынын мәлімдеген. Алайда,  FiveThirtyEight ФТБ анализ жасауға мүмкіндік бермейтін «шикі» ақпарат ұсынатынын және олардың бергені  онлайн мәліметтерге сай емес екенін айтуда.

Мемлекеттік органдардың ақпаратпен манипуляция жасайтыны жалғыз бұл емес. The Washington Post басылымының жазуынша, 2017 жылдың сәуірінде EPA ауа райы мәліметтері бар біршама сайтты өшіріп тастаған. The New Republic репортері Эмили Аткин бұл жайт оның жұмысын біршама қиындатқанын айта келе: «Ол сайттарда болған ақпараттарды басқа жерлерден де табуға болады, бірақ оған енді едәуір көп уақыт кетеді», – дейді.

Тағы да ашықтық туралы

Жоғарыда айтылған жайттарды түйіндесек, мүлдем дерексіз қалғаннан гөрі, қандай болса да ақпараттың болғаны абзал. Алайда, дерек шынымен мүлдем жоқ болса ше?

«Мұндай жағдайда біздің міндетіміз мәліметті жеткізу не түсіндіру емес, аудиторияны дәлелдердің жоқ екенінен хабардар ету. Саясаткердің мәлімдемесін тағы бір мәрте келтіріп, оның неліктен нақты емес екенін айта кетсеңіз, тіпті тамаша», – дейді Зоммер.

Аргентинада ресми криминалдық статистика жоқ болған жылдары   Chequeado  осылай жасаған. Зоммер мынадай мысал келтіреді: «Жыл сайын президент адам өлтіру қылмысының төмендегені туралы айтқан кезде біз үкіметтің ол туралы деректерді жариялауды тоқтатқанын жазып отыратынбыз. Осыдан кейін оған сену не сенбеу әркімнің өз еркінде».

Деректердің бар-жоғын кез келген адам тиісті мекемелерге сұрау салу арқылы тексере алады. «Әріптестерімізбен қайта-қайта айтылатын мәлімдемелерді осылай бірнеше мәрте тексерген болатынбыз. Алайда, жауап ала алмадық. Бұл «жоғарыдағы» біреудің шешімі екені айдан анық. Ашықтық фактчекингтің негізгі қағидаларының бірі болғандықтан, деректердің міндетті түрде ашық болуы үшін күресу – біздің міндеттеріміздің бірі», – дейді Зоммер.

Factcheck.kz