ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Мусин: Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші жөнінен әлемде 4-орында

Бағдат Мусин, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика

және арнайы есеп комитетінің төрағасы:

ҚАЗАҚСТАН ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ ЖӨНІНЕН 100 МЫҢ АДАМҒА ШАҚҚАНДА 27,5 КӨРСЕТКІШПЕН ӘЛЕМДЕ 4-ОРЫНДА [ДДСҰ ДЕРЕКТЕРІНЕ СӘЙКЕС]. АЛ 2015 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУИЦИДТІҢ НАҚТЫ КӨРСЕТКІШІ 100 МЫҢ АДАМҒА ШАҚҚАНДА 21,1 АДАМНАН КЕЛДІ.

Бұл дерек Бағдат Мусиннің Фейсбуктегі жазбасынан алынды. Онда Мусин ҚР Құқықтық статистика комитетінің суицид статистикасын келтіріп, оны басқа дерек көздерімен, соның ішінде ДДСҰ мәліметтерімен салыстырады.

ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Мусин: Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші жөнінен әлемде 4-орында

Үкім: Жартылай шындық 

ДДСҰ деректері бойынша, Қазақстан 2015 жылғы суицид көрсеткіші бойынша шын мәнінде төртінші орында тұр. Дегенмен, бұл арада назар аударатын мәселелер бар.

Біріншіден, барлық елдер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына өлімнің түрлері және себептері бойынша толыққанды статистиканы ұсына бермейді. Кейбір елдерде әдістеме жетілмеген болса, енді бір елдерде, мәселен, Қытай, Үндістан немесе Солтүстік Кореяда суицид және суицид жасауға талпыну заңмен қудаланатындықтан, мұны толыққанды статистика дей алмаймыз.

Ұйымға мүше 172 елдің ішінде тек 60 мемлекет қана толық деректерді ұсынады, Қазақстан солардың қатарында. Әлемдегі суицидтің 71%-ына жауап беретін қалған 112 ел үшін көрсеткішті ДДСҰ арнайы есеп үлгісіне салып есептейді.

Екіншіден, суицидтің бір бөлігі абайсызда болған өлім, кісі өлтіру немесе белгісіз себептен өлу түрінде болып, тиісті жіктемеге суицид ретінде кірмеуі мүмкін.

Үшіншіден, суицид шын мәнінде өз-өзіне қол жұмсау ретінде тіркелуі үшін дәрігерлердің және құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы жолға қойылуы тиіс.

Құқықтық статистика комитетіндегі бөлім прокуроры Ержан Жұмабековтің айтуынша, кейде өлім туралы куәліктегі медициналық ұйғарымда өз-өзіне қол жұмсағаны көрсетілгенімен, тексеріс нәтижесінде полиция өлген адамның бұған қатысы болмағанын анықтайтын жағдайлар кездеседі. Мұндайда құқық қорғау органдарының құжатында өлімнің себебі басқаша көрсетіледі де, медицина статистикасында ол «суицид» бағанында қалып қояды.

Ал ДДСҰ медициналық көрсеткіштерге негізделген деректерге сүйенеді.

Тағы бір маңызды жайт ретінде суицид статистикасын жинау әдісіндегі айырмашылықты айтуға болады, бір елдің өзінде де түрліше болуы мүмкін. Сондықтан, мәселен, Қазақстан үшін ДДСҰ деректері Құқықтық статистика комитетінің мәліметтерімен сәйкеспеуі мүмкін.

Ал ДДСҰ айырмашылық бар екенін жасырмайды: мысалы, 2012 жылы толық деректерді ұсынған 60 елде 100 000 адамға шаққандағы суицид көрсеткіші 0,89-дан 28,85-ке дейін өзгерген.

Кез келген статистика салыстырмалы, ал суицид тіпті де шетін мәселе, өйткені мәдени, діни және саяси жағдайларды ескеру керек. Әрі назарды тек көрсеткішке ғана емес, себептеріне және оның алдын алуға аударған жөн.

Басқаша айтқанда, психологиялық көмектің қолжетімді болуына, психологиялық сауаттылық негіздеріне, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен әлеуметтік қызметкерлерге, жалпы суицидтің алдын алуға үлесін қоса алатындардың баршасына назар аудару аса маңызды дер едік.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz