ЖАЛҒАН | Мемлекеттік емханалар мен Вакцина орталықтарындағы вакцинаның сапасы бірдей емес

Үкім: Жалған

Вакцинаны тұрғылықты мекен-жай бойынша емханада тегін салдыруға да, белгілі бір ақыға жекеменшік орталықта жасатуға да болады. Алайда, олардың сапасы екі түрлі деген сөз қисынға келмейді.

«Мемлекеттік емханаларда тегін жасалатын вакцина мен Вакцина орталықтарында жасалатын вакцинаның сапасы бірдей емес. Вакцина орталығында еуропалық сападағы, тазаланған вакцина болса, емханаларда  Үндістанда шығарылған, тазаланбаған вакцина қолданылады». Интернет форумдарда айтылатын мұндай мәліметтің шындыққа жанаспайтынын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі де растайды.

ЖАЛҒАН | Мемлекеттік емханалар мен Вакцина орталықтарындағы вакцинаның сапасы бірдей емес
Скриншот pandaland.kz сайтынан

 

ЖАЛҒАН | Мемлекеттік емханалар мен Вакцина орталықтарындағы вакцинаның сапасы бірдей емес
Скриншот facebook.com әлеуметтік желісіндегі Azamat Bitan есімді қолданушының парақшасынан

Емханада тегін алуға болатын вакцинаны жеке орталықта белгілі бір ақы төлеп алу – әр адамның жеке құқығы. Алайда, олардың сапасы бірдей.

Бұл мәселе орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми жауабы мынадай:

Қазақстанда мемлекеттік медициналық ұйымдарда (емханаларда) да, жеке егу орталықтарында да қолданылатын барлық вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтеді. Вакцина жаппай егуге дейін клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтан өтеді.

Вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттардың  әрбір партиясын әкелу кезінде Қазақстан Республикасында тіркелген вакциналар мен басқа да иммундық-биологиялық препараттардың сапасын, тиімділігі мен қауіпсіздігін бағалау рәсімінен өткізіледі. 

Біздің елімізде 2005 жылдан бастап балаларды иммундау үшін сапасына кепілдік берілген, өндірісін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар сатып алынады. Олар Бельгиядан, Ресейден, АҚШ-тан, Ирландиядан, Франциядан, Үндістаннан, Жапониядан, Израильден, Польшадан сатып алынады.

Денсаулық сақтау министрлігі, сондай-ақ, Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесіне сәйкес балаларға жоспарлы вакцина жасаудың тегін екенін айтады. «Жеке медициналық ұйымдарда жоспарлы профилактикалық екпелер жүргізілмейді» дейді.

Күнтізбеге сәйкес балаларды вакциналау үшін қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы құрамдастырылған вакцинациялау әлемнің көптеген елдерінде пайдаланылатын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған «Serum  Institute of India Ltd»,Үндістан вакцинасы қолданылады.

ЖАЛҒАН | Мемлекеттік емханалар мен Вакцина орталықтарындағы вакцинаның сапасы бірдей емес
Фото albedo.kz сайтынан

«Альбедо» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанында вакцина жасайтын екпе кабинеті бар. Мұнда күнтізбеге сай және күнтізбеден тыс вакцина жасалады. «Альбедо» серіктестігінің ресми сайтында былай делінген:

Барлық вакцина Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дәрілік өнімдерді сараптамадан өткізетін Ұлттық орталығында міндетті түрде тексеруден өтеді. Онда зертханалық және клиникалық зерттеулер жүргізіледі.

Factcheck.kz