МАНИПУЛЯЦИЯ | «Жедел жәрдем» бригадаларын жою науқастар өлімінің артуына алып келеді

Ресей Коммунистік партиясының сайтында Айнұр Құрмановтың Қазақстандағы жедел медициналық жәрдем қызметіне қатысты реформаны сынаған материалы жарық көрген.

Құрманов дәрігерлік жедел жәрдем бригадаларының жойылғанын, ал мұның өлім-жітімнің артуына, білікті дәрігерлердің жаппай қысқартуға ұшырауына алып келетінін және жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін дабыл қағарлық жағдай екенін айтады.

МАНИПУЛЯЦИЯ | «Жедел жәрдем» бригадаларын жою науқастар өлімінің артуына алып келеді
Ресей Коммунистік партиясының сайтынан скрин

Үкім: Манипуляция

Шын мәнінде бұл реформа білікті жедел жәрдем бригадаларының бірінші кезекте шұғыл шақыруларға барып, соларға қызмет көрсетуін көздейді. Дәрігерлер бригадасы жойылмайды. Құрманов мырзаның оқырманға ұсынып отырған ақпараты толық емес.

Реформа әлі толыққанды жүзеге аспағандықтан, оның табысы жөнінде де, сәтсіздігі жөнінде де әңгіме айтуға ерте. Сондықтан, біз оның мән-жайын анықтауға тырысқан едік.

Кіріспе деректер

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың бірінші тоқсанында «Жедел жәрдем» қызметі өміріне айтарлықтай қауіп төніп тұрмаған 1 626 981 адамға көмек көрсетіпті. Бұл жалпы шақыртулардың 81,4 пайызына тең. Алайда, шұғыл жағдайлар бойынша өлім деңгейі жоғары күйінде қалып отыр, олардың көбінде науқасты ауруханаға жатқызып та үлгермейді.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек

Экономикалық әріптестік және даму ұйымы (ЭӘДҰ) елдерінде жедел жәрдемнің орташа жету жылдамдығы 10-15 минут. Жалпы шақыру көлемін азайту есебінен ауруханаға жатқызғанға дейінгі және бір тәулікке дейінгі өлім көрсеткіші айтарлықтай төмен.

МАНИПУЛЯЦИЯ | «Жедел жәрдем» бригадаларын жою науқастар өлімінің артуына алып келеді
Дереккөз: Республикалық денсаулық сақтауды дамыту ұйымы

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2017 жылдың 3 шілдесінде «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» бұйрыққа қол қойған болатын.

Реформаның мәні неде?

Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Ажар Төлеғалиеваға жолдаған сауалымызға ҚР ДСМ ресми жауап келді.

Жаңа реформа жедел және шұғыл медициналық көмек көрсетудің екідеңгейлі амалын қарастырады. Барлық шақыруды 4 категорияға бөледі.

1-3 категорияға кіретін науқастарға, тікелей өміріне қауіп төніп тұрған жағдайларда жедел медициналық көмекті жедел медициналық көмек станциясының фельдшерлер және дәрігерлер бригадасы көрсетеді.

4-категориядағы сырқаттарға өмірі мен денсаулығына тікелей және айтарлықтай қауіп төніп тұрмаған науқастар жатады. Оларға медициналық көмекті аймақтық емханалардағы шұғыл медициналық көмек бөліміндегі фельдшерлер және дәрігерлер бригадасы көрсетеді. Министрдің бұйрығымен емханалар тәулік бойы жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар, арнайы және реанимация бригадалары да қызмет ететін болады.

«алғашқы көмек» түсінігінің енгізілуі жедел медициналық көмек станциясының дәрігерлері мен фельдшерлері қысқарады деген сөз емес.

Нақтылай кететін тағы бір мәселе: жаңа бұйрыққа сәйкес, жедел жәрдем келгенге дейінгі алғашқы көмекті медициналық білімі жоқ адамдар, яғни полиция қызметкерлері, патруль қызметі, білім беру, көлік, өнеркәсіптік кәсіпорын, әлеуметтік сала және тағы басқа салалардың қызметкерлері көрсетеді.

Реформаны жасаушылар мұны былайша түсіндіреді:

статистика бойынша, егер бірден алғашқы көмек көрсетілген болса, қайтыс болғандардың 90 пайызын құтқарып қалуға болар еді. «алтын уақыт» ережесі бойынша, адам өміріне қауіп төніп тұрған жағдайда уақыт мәселесі өте маңызды. осыған орай халықпен тығыз жұмыс істейтін категорияға жататын адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету аса маңызды. олар – жол полициясы, құқық қорғау органдары, білім беру, өнеркәсіптік кәсіпорындар, спорт және жалпыхалықтық мәдени орын қызметкерлері.

Қазіргі кезде ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылдың 3 шілдесіндегі «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету ережесін бекіту туралы» бұйрығын жүзеге асыру бойынша жол картасы жасалуда. Оның алғашқы кезеңінде қабылданған өзгертулерге сәйкес медицина қызметкерлері оқытылады.

 

Factcheck.kz