Тексеруге арналған материалдарды таңдау критерийлері

Фактчек

Форматтың нысаны: медиа материалы немесе белгілі тұлғалардың ел алдындағы сөзі, ал факті журналистикасында әдетте болған оқиға материалдың нысаны бола алады.

Материалдың құрылымы: авторы көрсетілген фактологиялық тұжырым (factual claim) – ашық деректерге негізделген тұжырымның растығын тексеру – тұжырымның рас-өтірігіне үкім тағайындау. Ал тұжырымның рас-өтірігіне қатысты үкім түрлері әр фактчекерлік ұйымда әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен олардың көпшілігі бір-біріне ұқсас – “шындық” пен “жалған” негізгі нұсқа, олардың арасында “жартылай шындық”, “негізінен шындық”, “негізінен жалған” (‘mostly true’ и ‘mostly false’ у PolitiFact), “манипуляция” және редакцияның ішкі саясатына қарай басқа да нұсқалар болуы мүмкін. Фактчектің міндетті формат қалыптастырушы бөлігі ретінде тұжырымды тексеру барысының егжей-тегжейлі сипатталуы жатады, сонымен бірге фактчекер жұмысының тәсілдері мен қорытынды шығару барысы да анық көрсетіледі.

Жұмыс принципі: факті журналистикасынан ерекшелігі – фактчекте аноним дереккөзге сүйенуге мүлдем болмайды, тіпті журналист толыққанды сенім артса да. Фактчекер жұмыс істейтін дерек көздерінің барлығы да ашықтық критерийіне жауап беруі тиіс. Сонымен бірге, фактчек редакциясы жұмысының принциптері мен методологиясы аудиторияның танысуы үшін міндетті түрде ашық болуы керек.

Іріктеу критерийі: тұжырымның тексерілетін болуы аса маңызды  (тұжырымның фактологиялық және нақты болуы, салыстырылып отырған жағдаймен байланысты болуы, сонымен қатар, екінші жағынан, журналистің тек қана ашық дерек көздерін пайдалана отырып тұжырымды тексеретін мүмкіндігінің болуы және соған сай ресурстардың болуы); қоғамдық маңызы болуы керек (тұжырымның қоғам үшін маңыздылығы, айтылған фактінің қоғам өмірі мен жекелеген адамдарға ықпалының болуы); ретрансляция деңгейі  (медиаға сілтеме және дәйексөз келтіру көлемі).  Уақыт (жарамдылық уақыты) негізгі критерий емес екенін атап айтқан жөн, өйткені бұрын бұрмаланған ақпараттың салдары біраз уақыт өткеннен кейін шығып, осы шақ үшін өзекті болуы мүмкін (мысал ретінде ресейлік саясаткердің шведтің Готланд аралына қатысты мәлімдемесін айтуға болады, швед журналисі ақпаратты тексеріп жатпай эфирге беріп жіберіп, соның нәтижесінде бүкіл әлем бұған сеніп қалды).

Дебанкинг (Аңыздар мен стереотиптерді сейілту)

Форматтың нысаны: қоғамда қалыптасқан, тұрақты айтылатын нарратив. Мұндай нарратив әлеуметтік топқа, шынайы жағдайға, даулы тарихи фактілерге қатысты пікірлерге, түсіндіру қиынға соғатын шынайы жағдайларға, жергілікті мифологемаға, т.б. байланысты болуы мүмкін.

Материалдың құрылымы: нарративті сипаттау (егер нарратив бірнеше құрамдас бөліктен тұрса, олардың әрқайсысы жеке сипатталып, түсіндіріледі, мысалы, белгілі бір діни немесе этникалық топтарға қатысты болса, ондаған компонент болуы мүмкін) – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің рас-өтірігін ашық деректер негізінде тексеру – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің шындыққа сай немесе сай емес болуына орай редакция бекіткен стандарт бойынша үкім шығару, үкімнің бір жағы “шындық” болса, екінші жағы “жалған” болады.

Жұмыс принципі: дебанкингте аноним дереккөзге сілтеме жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Ғылыми дерек көздерін пайдалануға да болады, қажет болған жағдайда техникалық эксперимент құралдарын пайдалана отырып, құжатқа экспертиза жасалады.

Іріктеу критерийі: ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы, тексерілетін болуы (кей жағдайларда эксперимент жасау арқылы тексеріледі).

Уәдені қадағалау

Форматтың нысаны: белгілі адамдардың берген уәдесі. Танымал тұлғаның атқарып отырған қызметі шеңберінде тікелей ықпал ете алатын, болашақта болатын жағдайлар да осыған кіреді, нақты көрсеткіштер мен мәліметтер келтірілген уәде көпшілікке қолжетімді болуы керек. Сонымен бірге, мерзім деген қосымша көрсеткіш бар, егер танымал тұлға уәдесінің нақты орындалу мерзімін айтпаған болса, қызметінен кеткен күніне дейінгі орындалуы тексеріледі.

Материалдың құрылымы: журналист белгілі тұлғаның берген уәделерін жинақтап, жүйелейді – уәдені орындайтын мерзім жеткен кезде оның орындалу деңгейі мен сапасына анализ жасалып, үкім шығарылады.

Жұмыс принципі: уәдені қадағалау форматында аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Форматтың ішкі жұмысында бұрмалаушылық болмас үшін уәдені қорытындысын бағалау жүйесі нақты белгіленіп, ашық жариялануы тиіс, мысалы PolitiFact “әлі бағаланған жоқ”, “жұмыс жүріп жатыр”, “кейінгі қалдырылды”, “жартылай орындалды”, “орындалды”, “орындалған жоқ” (‘Not yet rated’, ‘In the works’,  ‘Stalled’, ‘Compromise’, ‘Promise kept’, ‘Promise broken’) деп береді. Бұл форматтың басқа жобаларын бағалау жүйесі сәл басқаша болуы мүмкін, бірақ ол ашық және көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Редакцияның бейтарап позициясына қол жеткізу үшін орындалуға қажетті ресурстарға қарамастан,берілген уәденің барлығы теңдей бағаланады. .

Іріктеу критерийі: тексерілетін болуы, қоғамдық маңызы. Уәдені қадағалауда ретрансляция деңгейі маңызды емес, танымал адамның уәдесі үшін оның айтылуы мен жазылуынан гөрі орындалуы маңызды.

Үгіт-насихат (пропаганда) деконструкциясы

Форматтың нысаны: медиадағы және қоғамдық дискурстағы үгіт-насихат нарративтері, белгілі тұлғалардың мәлімдемелері. Егер үгіт-насихат бағытындағы идеясы болса, цифрлық үлгідегі фейктер мен әзіл-қалжың да нысанаға ілінуі мүмкін. Бұл форматтың мақсаты мәліметтердің растығын тексеру немесе үгіт-насихат бағытындағы нарративтің бар/жоғын тексеру емес, мақсат – қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру. Яғни, фейк бастапқыда фактчектің нысаны болуы мүмкін, оның жалған екені дәлелденгеннен кейін сол фейк үгіт-насихат деконструкциясының нысаны бола алады. Әлбетте, журналист материалының мақсаты оның жұмыс істеу принципі мен қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру болса.

Материалдың құрылымы: үгіт-насихат нарративін сипаттау, материалда пайдаланылған манипуляцияның жекелеген техникасын талдау және осы техниканың қоғамдық санаға қалай ықпал ететінін түсіндіру. Техниканы талдау кезінде верификация және фактчектің басқа да жұмыс тәсілі пайдаланылуы мүмкін, бірақ тұжырымды тексеру логикасын сипаттау, фактчекер жұмысының әдістері мен оның қорытындысын сипаттау қажетті формат қалыптастырушы белгіге жатпайды.

Жұмыс принципі: аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Нарративтерді түсіндіру және интерпретациялау үшін қоғамдық сананы манипуляциялық технологиясына қатысы бар ғылыми әдебиетке сілтеме жасайды.

Іріктеу критерийі: нарративтің ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы. Үгіт-насихат деконструкциясында міндетті түрде тексерілетін болуы маңызды емес, өйткені үгіт-насихат деконструкциясы форматында журналистік материал дайындаудың мақсаты нақтылығын анықтау емес, насихаттың қоғамға әсер-ықпалын түсіндіру.

Фактчек форматы туралы толығырақ білгіңіз келсе, П. Банников пен Т. Соколованың «Журналистиканың форматы ретіндегі фактчектің теориялық негіздемесі» мақаласын оқысаңыздар болады.