Қазақстан мектептеріндегі мемлекеттік аттестация туралы аңыз бен ақиқат

“Қиналсаң да, жасауға тиіссің”… Орта білім берудің сапасын бақылау жүйесінің тиімділігін зерттеу мақсатымен осы жобаны жасаған Айгерім Көпееваға бір мектеп директорының айтқан сөзі осы. Зерттеу барысында барған бір мектебіндегі көрініс тіпті қиын, “Астанадан келе жатқанын” естіген әрі келуінің себебі мемлекеттік аттестациямен байланысты екенін білген мектеп ұжымы бума-бума қағазға көміліп қалғаны соншалық, ар жағынан өздері әрең көрініп отыр екен.

Мектептерді мемлекеттік аттестациядан өткізу (қазір “коррупция қаупін төмендету шарасы қабылдануына орай тоқтап тұр) мұғалімдерге ғана емес, мектеп оқушыларының ата-аналарына да әсерін тигізеді. Мектептерді мемлекеттік аттестациядан өткізу туралы қоғамда қалыптасқан пікірлер мен мифтердің рас-өтірігін анықтап көрсек.

Мемлекеттік аттестация үрей ұялатады және ынтаны жояды

Үкім: Шындық

Қазақстан мектептері үшін мемлекеттік аттестациядан сәтті өту маңызды мақсаттардың қатарында еді. Сондықтан мұндайда мектептің бар мүмкіндігі жан-жақтан іске қосылатын. Соңғы уақыттарға дейін қолданыста болған Ереже бойынша, мемлекеттік аттестацияның қорытындысы екі-ақ түрлі болатын (аттестациядан өтті/ аттестациядан өткен жоқ). Сондықтан мектепте түнеуге де тура келетін, аттестация шеңберінде оқушыларды дайындауға да айрықша күш жұмсалатын. Соңғы жылдары мұғалімге қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарас, яғни оларды бүкіл ерікті-еріксіз іс-шараның тікелей қатысушысы ретінде қабылдау қанға сіңгені соншалық, кейде мұғалімдердің өзі де сырттай бақылаушы сияқты ғана болып қалады (Қазақстан мұғалімдерінің 82%-ы – әйел адамдар).

[google-drive-embed url=”https://drive.google.com/uc?id=16UfMHGcsln2qrSx3VLMi9B8khA5fE6FQ&export=download” title=”pedagogi.jpg” icon=”https://drive-thirdparty.googleusercontent.com/16/type/image/jpeg” width=”849″ height=”399″ extra=”image” style=”embed”]

Мектептер тексеруге дайындалуға қыруар уақытын сарп етеді. Мектеп басшыларының айтуынша, дайындық тексеру болады деген күннен кемінде 3 ай бұрын басталады, соның ішінде мектептердің барлығы дерлік оқушыларға қосымша сабақ өтеді (бұл санитарлық талапты бұзу болып есептеледі) әрі оның ақысы төленбейді. Мұғалімдер үшін аттестация деген – төтенше жағдай, оған бар күш-жігеріңді жұмсауға тура келеді. Оқушылар үшін де солай. Мектеп басшыларының айтуынша, тест тапсырар алдында талып қалған оқушылар да болған, ал мұғалімдер мектепте түнеген.

Яғни, мектептер тұрақты күйзеліс жағдайында жұмыс істеген. Тексеруге қойылатын талаптардың тым жоғары болуы, жазалауға ұшыраудан үрейлену, бума-бума құжат дайындау қажеттігі, өзінің кәсіби біліктілігіне деген сенімсіздік мұғалімнің жағдайын одан бетер қиындата түседі.

Мемлекеттік аттестация процедуралары тексерудің ашықтығына кепілдік береді

Үкім: Жалған

Материалдарға бірыңғай талап қойылмайды. Тексерушілер бекітілген әдістемеге емес, өз мектептеріндегі тәжірибеге сүйеніп талап етеді. Осы арада сыбайлас жемқорлық факторы көрініс береді.

БАҚ және мемлекеттік органдардағы коррупция туралы хабарламалар:
Названы самые коррупционные сферы образования (в целом за 2016г).
Поборы в школах в Экибастузе (Павлодарская обл, ГорОО (Экибастуз), Макумова)
В сфере образования ЮКО началась чистка (ЮКО, г.Сарыагаш, ГорОО, Маханов)
Коррупция-2016: в Казахстане воруют ударными темпами (Актюбинская обл, ДКСОН, Кушербаев; г.Алматы, ДКСОН, Едилбаев)
Совещание по вопросам антикоррупционной политики (ЮКО, ДКСОН, Жаксыбеков)
В Кызылординской области задержан глава департамента по контролю в сфере образования (Кызылординская обл, ДКСОН, Чагай)
Жамбылские коррупционеры дают со взяток сдачу и избегают тюрьмы из-за невменяемости (Жамбылская обл, ДКСОН)

Аттестациядан өтуге орай туындаған бірқатар сыбайлас жемқорлық жағдайлары осы сөзімізге дәлел бола алады. 2016 жылы ҚР Премьер-министрі орынбасарының “мемлекеттік аттестация кезінде жол берілетін коррупция қаупін төмендету” бойынша шараларды қолға алу керектігін айтуы тегін емес. Шын мәнінде қауіп өте жоғары: соңғы 4 жылда бұқаралық ақпарат құралдарында Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің аймақтық бөлімшелері мен білім басқармалары қызметкерлеріне қатысты кемі 7 қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат шыққан.

Яғни техникалық тұрғыдан алсақ, кез келген мұғалім, соның ішінде бір жыл ғана жұмыс істегені де, 20 жылдық тәжірибесі бары да аттестациялық комиссия мүшесі бола алады. Қандай да бір этикалық талаптар мен өкілеттіктің нақты шегі де жоқ, соның салдарынан кейде комиссия мүшелері өзінің көзқарасын мектеп педагогтарына таңатын жағдайлар да кездеседі.Оның үстіне, мемлекеттік аттестация ережесінде тексерушілердің біліктігіне қатысты ғана талап бар, олардың кәсіби деңгейі мен тәжірибесіне айтарлықтай талап жоқ.

Мұндай жағдайда мектептер қайткенде де өздерін жақсы жағынан көрсетеді, соның кесірінен кейде құндылықтар өзгеріп кетіп жатады. Комиссия тексеретін көрсеткіштерге баса назар аудару салдарынан педагогтар оқыту процесінен ауытқып, балаларды тест тапсыруға дайындауға көбірек уақытын арнайды. Мұның дұрыс емес екенін білгенімен, тексеру кезінде тест нәтижесіне айрықша назар аудару осылай тек тестке дайындалуға мәжбүр етеді.

Мемлекеттік аттестация нәтижесі еліміздің орта білім саласындағы жағдайды көрсетеді

Үкім: Жартылай шындық

Біздегі орта білімнің сапасын тексеру жүйесі баланың отбасының экономикалық жағдайы немесе мектептердегі материалдық ресурстың жеткілікті болуы секілді ерекшеліктерді есепке алмайды. Экономикалық ахуалы төмен ауданда орналасқан мектептер мен соңғы бес жылда салынған және озық техникамен жабдықталған мектептер бірдей талаппен бағаланады. Ал негізінде оқушылардың үлгерім сапасына дәл осы факторлар айтарлықтай ықпал етеді, PISA, TIMSS, PIRLS сынды беделді халықаралық зерттеулер де соны көрсетеді.

Мәселен, TIMSS-2015 жаратылыстану ғылымдары мен математика бойынша білім беру сапасын зерттеу қорытындысына сәйкес, ата-анасының білімі бар, үйінде қажетті жағдай жасалған, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру орталығына барған, жалпы жағдайы дұрыс отбасынан шыққан баланың оқу үлгерімі мейлінше жоғары. PISA-2015 зерттеуі әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың жағдайы жақсы отбасынан шыққан құрдастарынан бір жарым жылға дейін артта екенін де көрсеткен. Үш бағыт бойынша бағалау кезінде де (жаратылыстану ғылымдары, математика, оқу) осындай нәтиже болған.  

[google-drive-embed url=”https://drive.google.com/uc?id=1JS6l3SQJuJiBKjY6TO8z1GUTKKK79IK5&export=download” title=”obrazovanie-700×467.jpg” icon=”https://drive-thirdparty.googleusercontent.com/16/type/image/jpeg” width=”700″ height=”467″ extra=”image” style=”embed”]

Бұл апатты жағдайда тұрған, дәретханасы далада орналасқан, “әлсіз” ауыл мектебінде қызмет ететін мұғалімнің еңбегі тиісті деңгейде бағаланбайтынын, сонымен бірге мұндай мектептердің жағдайы түскінікті екенін көрсетеді.

Тексеруге ата-аналар мен қоғамның қатысы жоқ

Үкім: Шындық

Тексеруші мекемелердің сайтында ақпарат болған күннің өзінде де, ол тек тексеру қорытындысы туралы статистикалық мәлімет қана. Аймақтық білім басқармалары мен мектептер де мемлекеттік аттестация қорытындысы бойынша есепті ата-аналарға танысу үшін ұсынбайды. Процестің жабық болуы және жалпы мектептегі болып жатқан жағдайға ата-аналардың бей-жай қарауы (балаларының қорытынды бағасы мен негізгі санитарлық-гигиеналық нормалардан басқа мәселелерге аса бас ауыртпауы) олардың жағдайды дер кезінде байқап, оны реттеуге, түйткілді мәселені шешуге қатыса алмайтынын көрсетеді (мысалы, оқу ғимараттарын жөндеу мәселесі). Аттестация айтарлықтай кемшіліктерді анықтап, мектепті жабу керек деп шешсе де, ата-ана баланы бірден басқа мектепке ауыстыра алмайды.

Мектептерде сапалы кері байланыс жоқ

Үкім: Шындық

Тексеру аяқтала салысымен мұғалімдер оны тезірек ұмытуға тырысады. Әлбетте, егер аттестациядан сәтті өтсе. Ал егер өте алмаса, қайтадан өтетін аттестацияны жарты жыл күтуге тура келеді әрі алғашқы кері пікірден кейін мектеп анықталған мәселелерді шешуде ешкімге арқа сүйей алмайды.

Тексеруден кейін мектептерге тек ұйғарымдар тізімі ғана беріледі, кей жағдайда оларды жою мектеп басшыларының құзырында болмай шығады (мысалы, ғимараттың техникалық жағдайы, кабинеттерді ақпараттық-коммуникациялық технологиямен жабдықтау, т.б.).

Бұл ұйғарымдардың дені қайтадан болатын тексеруден сәтімен өту мақсатымен ғана орындалады. Аттестацияның негізгі функциясы, яғни мектеп қызметіндегі түйткілді мәселелерді анықтап, оларды жоюға ықпал ету, керісінше, проблемаға айналады әрі сырттан ешқандай әдістемелік немесе материалдық көмек болмайды. Мектеп директорларының бірі бізге берген сұхбатында мектептің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мәселесі бойынша бар қолынан келген шаруа жергілікті атқарушы органға жолдаған сансыз өтініш пен арыз екенін айтты, олардың бәріне де “ақша жоқ” деген жауап берілген.

Контекст: Мемлекеттік аттестация деген не?

Мемлекеттік аттестация дегеніміз – мектеп қызметінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сай екенін кешенді бағалау (ГОСО). Қазақстанда мұндай бағалауды ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласын бақылау комитеті (әрі қарай – Комитет) 2012 жылдан 2017 жылға дейін жүргізді.  

Көрсетілген мерзім ішінде Қазақстандағы 7 мыңға жуық мектепке тексеру жүргізілген; жыл сайын тексерілген мектептердің жартысынан көбі талаптарға сай емес деп танылған.

2016 жылдың қыркүйек айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева мемлекеттік аттестацияның бір жылға кейінге қалдырылғанын және “мемлекеттік аттестация кезінде болуы мүмкін сыбайлас жемқорлық қаупін төмендету” бағытындағы іс-шаралардың басталғанын айтқан болатын. Осы жұмыстың шеңберінде жаңа Білім беру ұйымдарын бағалау критерийі жасалды, соған қарамастан мемлекеттік аттестация әлі де біржола тоқтаған жоқ.  

Мемлекеттік аттестацияны енгізудің салдары. Автор пікірі

Біздің қоғам Білім және ғылым министрлігінің бастамаларын үнемі қызу талқыға салып отырады, бірде үш тілде білім беруге қарсы болса, енді бірде мектеп оқулықтарының сапасына сын айтады немесе, былтырғы жаздағы оқиғаларды еске алсақ, “Алтын белгі” алғандар үшін әділдік іздегені белгілі. Осы дау-дамайдың барлығы айналып келіп мектептегі білім беру нәтижесіне келіп тіреледі. Балам ағылшын тілінде сөйлейтін бола ма, қазақ тілін ұмытып қалмай ма? Мынадай оқулықтармен қандай білім алады? Егер ҰБТ тапсырмаса, не болады? – дегендей сауал көп.

Дегенмен мектепте болып жатқан жағдайдың жай-жапсарын түсінетіндер кемде-кем. Мұндай шаруамен айналысу, біріншіден, қызықсыз әрі ұзақ уақыт алады, ал екіншіден, отандық білім беру жүйесін қанша жерден сынағанымызбен, мектептерге сенеміз. Мұғалім жаман нәрсе үйретпейді деген сенім бар. Ал бұл сенім іс жүзінде мұғалімнің мойнына қосымша жүктеме артады. Балаларға білім мен тәрбие беруден бөлек, ата-аналар біле де бермейтін ішкі бюрократиялық нюанстар бар. Кезекті тексеру қаупі төнген уақытта көп жағдайда балалар білім алудың орнына тест жаттауға мәжбүр болады, өйткені мектептің тағдыры да, беделі де сол тестке тіреліп тұр.

Мектептің ішінде не болып жатқаны туралы анық-қанық, толыққанды және объективті ақпарат бере алатын мектеп жұмысының сапасын бағалаудың ойға қонымды бір тетігін белгілеп алудың маңыздылығы неде? Оның маңызды болатын себебі біреу-ақ – мұғалім виртуал дүниені жасауға бас қатырмай, сабақ өтіп, нақты балалармен жұмыс істеуі тиіс.

Әлемде эксперттер мектептердің тиімділігін бағалауда жиі қолданатын “стратегиялық тәртіп” тіркесі мектептердің тексеруден өту кезіндегі нақты құндылық бағдарын көрсетеді. Егер алда болатын аттестация кезекті қауіп тудыратын болса (тіпті іс жүзінде олай болмаса да), мектеп ұжымы бүкіл интеллектуалдық қуаты мен кәсіби тәжірибесін жұмылдырып, қайткенде де “бұл мектеп мынандай ғимаратта қалай жұмыс істеп отыр?” (сұхбат кезінде директорлардың бірінің айтқан сөзі) деген сөзді естімеуге тырысады. Сондықтан мектеп директоры несиеге түрлі-түсті принтер сатып алады, ата-аналарды да үйде баламен бірге тест жаттауға мәжбүрлейді, бума-бума қағазды басып шығарып, оны әдемі папкаларға салып қояды. Тіпті, балаларды орыс тілінде келген тестті қазақша тапсыруға көндіруі де мүмкін. Дер кезінде жетілдіру шараларын қолға алса, ешкім кінәлі де болмайды, өйткені мектептердің жұмысын бағалаудың қазіргі тәртібі осындай.

Жаңа бағыттағы жұмыс басталып та кетті. Білім беру ұйымдарын бағалаудың жаңа критерийі жасалды, онда мектеп қызметіндегі бағаланатын әр бағыттың нақты үлес коэффициенті көрсетілген. Дегенмен, мұқият қарайтын болсақ, критерийлердің бір жағы, яғни оқу көрсеткіштері басып кететінін көреміз (критерийлер жалпыға қолжетімді, ашық дерек көздері арқылы кез келген адам оқып шығуына болады).

Дегенмен, тексеру процесі кезінде ең маңызды сауалдар жауапсыз қалатындай – кімді бағалап жүрміз, қалай бағалап жүрміз және не үшін бағалап жүрміз? Соңғы сұрақтың маңызы айрықша зор.

Выпускница программы "Болашак" (магистратура) по специальности Education Management (King's College London).
Исследование было проведено в период работы в качестве главного аналитика в АО "Информационно-аналитический центр" МОН РК

Factcheck.kz