Журналистиканың форматы ретіндегі фактчектің теориялық негіздемесі

Мазмұны

    1. Кіріспе
    2. Мағына журналистикасы және оның форматтары
    3. Фактчек және верификация
    4. Зерттеу нысанын нақтылау
    5. Фактчектің формат қалыптастырушы белгілері
    6. Дебанкингтің формат қалыптастырушы белгілері
    7. Уәдені қадағалаудың формат қалыптастырушы белгілері
    8. Үгіт-насихат деконструкциясының формат қалыптастырушы белгілері
    9. Қорытынды

Оксфорд сөздігінің нұсқасы бойынша 2016 жылы ақпаратты тұтынудың жаңа тәсілін білдіретін ‘post truth’ – «пост-шындық» сөзі жыл сөзі болды, оған сай қоғамдық пікірді қалыптастыруға объективті фактілердің ықпалы аз, керісінше, эмоция мен түрлі көзқарасқа апелляцияның ықпалы жоғары. Пост-шындық дәуірі ХХ ғасырдың соңынан басталады (термин ең алғаш 1992 жылы пайда болған), ал АҚШ-тағы 2015-2016 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде оның маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мұндай ғаламдық қатерге қарсы тұру үшін кәсіби журналистер қауымы фактчек форматына жүгінеді. Фактчектің пайда болғанына 20 жылдан асса да (FactCheck.org деп аталатын әлемдегі тұңғыш фактчек ресурсы 2003 жылы ашылған), тек соңғы жылдары ғана бүкіл әлемде оның маңызы да, ықпалы да артты.

Журналистиканың форматы ретіндегі фактчектің теориялық негіздемесі
Oxford English Dictionary, 2018

Бүгінде әлемде фактчектің “фактілердің растығын анықтау мәселесін зерттеу процесі” дегеннен басқа академиялық анықтамасы жоқ (OED). Біздіңше, бұл анықтама фактчектің толыққанды мағынасын бере алмайды және журналистиканың ішіндегі фактчекер қызметінің де мәнін толық аша алмайды. Осыдан келіп біз журналистиканың ішіндегі фактчектің теориялық базасын жасауды жөн деп шештік.

Фактчек терминін “медиа” терминіне қатыссыз қарастыра алмайтынымызды да ескерген жөн. Бұл арада медиа дегенде Еуропа кеңесінің анықтамасын алып отырмыз, ол бойынша медианың негізгі алты критерийі бар, олар: БАҚ ретінде әрекет ету ниеті; бұқаралық ақпарат құралына тән мақсаттары мен міндеттерінің болуы; редакциялық бақылаудың болуы; кәсіби стандарттарды сақтау; жарияланымдар аясын қамту; қоғамның ол ресурстан күтетін нәтижесі. Яғни медиа дегеніміз бүкіл ақпарат құралын қамтиды (БАҚ заңды тіркелуі жөніндегі ұлттық заңнамаға қарамастан), сонымен бірге бұл қатарға “жаңа медиа” – “блогтар, әлеуметтік желі сайттары, мобильді хабарламалар мен басқа да жаңа техникалық қосымшалар” кіреді, бастысы олардың бәрі ЕК ұсынған критерийлер бойынша жұмыс істеуі керек.  

Алдымен фактчек журналистиканың қолданыста бар түрінде, яғни факті мен пікір журналистикасының ішінде өмір сүре ала ма, соны анықтап алсақ. Факті журналистикасы (ағылшын дәстүрінде news reporting, Stony Brook University, NY) – журналистиканың әбден қалыптасқан түрі, яғни журналистік жұмыс барысында қоғамдық маңызы бар оқиға жөнінде оқырманды уақтылы хабардар ету, соның ішінде материалдың тәуелсіздік, жауапкершілік және верификация принциптеріне жауап бере алуы маңызды. Пікір журналистикасы (opinion journalism) – журналистиканың жаңалау түрі, Америкада ХІХ ғасырдың басында ғана пайда болды. Оның міндеті – оқиға жөнінде хабардар етіп қана қоймай, қандай да бір мәселеге орай қоғамдық дискуссия алаңында қалыптасқан көзқарас, пайым, бағаны да көрсету.

Көріп отырғанымыздай, фактчек пен пікір журналистикасының бірге болуы мүмкін емес, өйткені фактчек мәселеге қатысты автордың субъективті көзқарасын емес, объективті және жан-жақты анализ ұсынады. Фактчекті факті журналистикасының бір бөлшегі ретінде қарауға бола ма? Бір жағынан, екеуінің де негізгі тірегі тек қана факті, соған қарамастан олардың айтарлықтай айырмашылығы бар. Факті журналистикасының негізі ең алдымен болған жағдай (оқиға), журналист соны зерттеп, материалында бүге-шігесіне дейін ашып көрсетеді, бұл ретте жоғарыда айтылған тәуелсіздік, жауапкершілік және верификация принциптеріне сүйенеді. Ал фактчектің негізі фактілер мен тұжырымдар ғана емес, онда журналист жасаған материалдар басымдыққа ие. Яғни факті журналистикасының өнімі фактчек үшін материал болады. Сол себепті фактчекті факті және пікір журналистикасы сынды стандарт дихотомияның концепциясына кіргізе алмаймыз. Біз бұл орайда бөліністің басқа түрі – трихотомияны ұсынамыз, журналистикада факті мен пікірден бөлек үшінші құрылым бар, ол – шындықты табу, оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын анықтау, пікірдің қалай айтылғанын анықтау және солардың арасындағы нақты байланысты табу. Сондықтан біз мағына журналистикасы деген түсінікті енгізген жөн деп санаймыз.

Мағына журналистикасы және оның форматтары

Мағына журналистикасы деген – бастапқы материал ретінде факті және пікір журналистикасының өнімдерін, сонымен бірге ел алдындағы тұлғалардың мәлімдемелері мен қоғамда қалыптасқан нарративтерді пайдаланып, олардың шынайы жағдаймен сәйкестігіне орай негізді тұжырым жасайтын журналистиканың бір түрі. Факті мен пікір журналистикасы секілді мағына журналистикасы да материалдардың форматына қарай өз ішінде бірнеше түрге бөлінеді. Факті және пікір журналистикасында қалыптасқан жанрлық бөліністен әдейі қашып отырмыз, өйткені бүгінгідей мультимедиа дәуірінде жанрға қарағанда, формат журналистік материалдың нақты анықтамасын бере алады. Жанрлар бір-бірімен араласып кетеді, материал кейде гибрид жанрдың шеңберінде қалып қояды, ал форматтың нақты шегі бар әрі оны кәсіби қауымдастық өз ішінде белгілейді. Журналистік материалдарды, көпшілік алдындағы мәлімдемелер мен қоғамдық нарративтер форматын төртке бөлуге болады. Енді олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ.

Фактчек (ағылшынша fact check) – ел алдындағы тұлғалардың мәлімдемесі мен медиа материалдарда айтылған нақты тұжырымдардың рас-өтірігін тексеретін мағына журналистикасының бір форматы. Ағылшын терминологиясында ‘fact check’ және ‘fact-checking’ деген түсініктер синоним ретінде қатар жүреді, ал қазақ және орыс терминологиясында “фактчек” деген бір ғана сөзді қолдану ұсынылып отыр. Фактчек форматы тек нақты тұжырымдарға қатысты ғана жүреді, ал қоғамдық нарративтер оған жатпауы мүмкін, өйткені онда нақтылы мәліметтер болмайды. Ал ол үшін басқа бір формат – дебанкинг бар.

Дебанкинг (сейілту деген мағынада, ағылшынша debunking) – қоғамда қалыптасқан нарративтерді тексеретін және олардың рас-өтірігін дәлелдейтін мағына журналистикасының форматы. Бұл формат нақты деректер мен мәліметтерден гөрі миф концепциясымен көбірек жұмыс істейді. Фактчек пен дебанкингтің жұмыс тәсілдері ортақ болуы мүмкін, олардың ең басты айырмашылығы – зерттеу нысанында.

Бұл екі формат та қалыптасқан, айтылған немесе шынайы жүзеге асқан тұжырымдармен жұмыс істейді (бұрынғы және қазіргі). Ал болашақтың концепциясымен мағына журналистикасының басқа форматы жұмыс істейді.

Уәделерді қадағалау (ағылшынша promise tracking) – мағына журналистикасының тағы бір форматы, ол ел алдындағы тұлғалардың берген уәдесі мен олардың орындалу мерзімін қадағалаумен айналысады.

Төртінші формат та дебанкинг пен фактчекке ұқсайды, өйткені ол да қалыптасқан нарративтермен және пікірлермен жұмыс істейді, бірақ өзіндік ерекшеліктері бар. Үгіт-насихат деконструкциясы (ағылшынша propaganda deconstruction) – медиадағы үгіт-насихат бағытындағы нарративтер мен белгілі тұлғалардың мәлімдемелерінің мән-маңызын ашып, олардың қоғамдық санаға ықпалын түсіндіреді. Бұл форматтың айрықша ерекшелігі – түсіндіруінде, негізгі өзгешелігі де осында.

Осылайша, факті, пікір және мағына деген трихотомияға қол жеткіземіз, ал мағына журналистикасын төрт форматқа бөлеміз (мағына журналистикасы бұл төрт форматпен шектелмейді, болашақты жаңа форматтар пайда болуы мүмкін).

Фактчек және верификация

Верификация мен фактчек ұғымдарының ара-жігін ашып алу да аса маңызды. Ағылшын теориясында бұл екі ұғым параллель жүргендіктен, шатасу болуы мүмкін. Атап айтқанда, OED верификацияны “ақпараттың шынайылығы мен нақтылығын анықтау процесі” десе, фактчекке “фактілердің шынайылығын анықтау мәселесін зерттеу процесі” деген анықтама береді. Мұндай анықтама екі ұғымды синоним сияқты көрсетуі мүмкін, алайда, біздің ойымызша, бұл екеуі синоним емес, олардың айтарлықтай айырмасы бар. Сондықтан “верификация” үшін OED ұсынған анықтаманы қалдырамыз да, фактчектің анықтамасын жоғарыда айтылған тұжырымға сай аламыз. Кестеде фактчек пен верификацияның негізгі айырмашылықтары көрсетілген.

Параметр Фактчек Верификация
Акторлар Журналистер Ақпарат алмасудың кез келген мүшесі
Аудитория Шектелмеген Верификатордың өзі
Нысан Техникалық құралдар көмегімен жаппай тараған ақпарат    Кез келген ақпарат
Біліктілік Медианың қызметі мен журналистің жұмыс тәсілінің ережесі туралы арнайы білім жүйесі Медианың қызметі мен журналистің жұмыс тәсілінің ережесі туралы арнайы білім жүйесінің қажеті жоқ
Міндеттер Ақпараттың растығын анықтау жолымен нақты жағдайға сәйкес ақпараттық кеңістік ұсыну Рас-өтірігін анықтау немесе ақпаратты нақтылау
Өнім Жаңа білім Ескі білімді нақтылау

 

Ұғымдардың мұндай бөлінісі верификация ақпаратпен жұмыс істеудің бір тәсілі екенін, ал фактчектің материал дайындаудың форматы екенін көрсетеді. Журналистиканың кез келген түрінде және одан тыс та верификация болуы мүмкін, өйткені мәліметтерді верификациялау басқа салаларда да кездеседі, мәселен, ғылыми ақпаратты немесе тұрмыстық жайттарды верификациялауда. Верификация процесін сипаттау верификатордың өзінен басқа ешкімге қызық емес екенін атап айтқан орынды, осыдан да верификация бізге жаңа өнім бермейді, ал фактчек үшін журналистің мәліметтері тексеру барысын сипаттау форматы қалыптастыру жағынан маңызды.

Зерттеу нысанын нақтылау

Фактчектің формат (ел алдында жүрген тұлғалардың сөздері мен медиа материалдары), уәдені қадағалау (белгілі тұлғалардың уәдесі) және үгіт-насихат деконструкциясы (үгіт-насихат нарративтері) ретіндегі зерттеу нысанына қатысты жағдай түсінікті болса, дебанкингке қатысты аздаған шатасу болуы мүмкін. Сондықтан фактчек пен верификацияның айырмасын ғана емес, бір-біріне ұқсас болып келетін фейк, журналистік қауесет, өсек-аяң және пранк (әзіл-қалжың, әжуа) ұйымдарының да ара-жігін ашып көрсеткен жөн, өйткені бұлардың бәрі дебанкингтің негізгі нысанына қатысты болуы мүмкін. Алдымен бұл ұғымдардың әрқайсысына анықтама беріп алайық, содан кейін бір-бірінен айырмасына тоқталамыз.

Фейк – көп жағдайда қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты трафик жинау немесе қоғамдық қозғалыс, белгілі тұлға, саяси науқан және т.б. беделін түсіру мақсатымен жаппай онлайн тарату үшін ойдан құрастырылатын жалған жаңалық (немесе өзекті жаңалықтарға қатысты нарративтер, соның ішінде визуал материалдар – автордың ескертпесі) Журналистер тарататын қауесетке де фейктің бүкіл белгілері тән, тек оны нақты журналист жасайды және бастапқыда БАҚ арқылы тарайды, сондықтан оны жеке категория ретінде жіктеудің қажеті жоқ.

Өсек-аяң – үйлеспейтін тұрмыстық әңгіме немесе басқа адамдар туралы хабарлама, оның ішінде нақтыланбаған мәліметтер болады.

Пранк – әдейі ұйымдастырылған әзіл-қалжың, әжуа.

Бұл категориялар бір-біріне ұқсас екенін айтқан жөн: кейде журналистер тарататынын есепке алмасақ, бұларды көп жағдайда коммуникация және ақпарат кеңістігіндегі қарапайым адамдар да жасайды; бұлардың нысаны – анық емес және/немесе бұрмаланған ақпарат; мұндай ақпаратты ойлап табу автордан арнайы білім мен білікті талап етпейді. Ал олардың айырмасы төмендегі кестеде берілген:

Параметр Фейк Өсек-аяң Әзіл-қалжың, әжуа
Интенция Саналы түрде Саналы түрде немесе ойланбастан Саналы түрде
Аудитория Ешқандай шектеу жоқ Автордың/субъектінің жеке қарым-қатынас аясымен шектеледі Жеке адам немесе адамдар тобы
Даму заңдылығы Ретрансляция кезінде түрленбейді Ретрансляция кезінде түрленеді Әдетте ақпарат белгілі бір адресатқа арналатындықтан, ретрансляция болмайды
Түрі Техникалық коммуникация құралдарын пайдалана отырып жасалады Ауызша қарым-қатынас барысында тарайды Техникалық коммуникация құралдарын пайдалана отырып та, ауызша қатынас арқылы да тарауы мүмкін  
Міндеті Жаппай жалған ақпарат тарату Тұлғаның беделін түсіру Шындық ашылған кездегі жағдайға орай көңіл көтеру

 

Фейк пен өсек-аяң авторлары соңғы сәтке дейін таратқан ақпаратының шындық екеніне сендіруге тырысады. Олармен салыстырғанда әзіл-қалжың авторы шындықты ашуға алдын ала дайын болады, оның мақсаты – аудиторияны немесе әзіл-қалжыңның объектісін белгілі бір уақытқа ғана алдау, ал содан кейін оның өтірік екенін айту.

Журналистиканың бір форматы ретінде фактчек фейктермен және қауесетпен жұмыс істейді, деректік сипатта болса, медиада немесе белгілі тұлғалардың сөзінде айтылса, өсек-аяңмен де жұмыс істейді, теория бойынша әзіл-қалжыңнан да материал жасай алады. Бірақ, ол үшін жағдайдың шын мәнінде олай емес екенін пранк авторынан бұрын табуы тиіс, алайда мұндай жағдай сирек.  

Уәдені қадағалау жоғарыда келтірілген жалған ақпараттың үш түрін де басшылыққа алмайды. Дебанкинг көп жағдайда қалыптасқан нарративтермен жұмыс істеуде сәтті болады, соның ішінде қауесет пен өсек-аяң да бар, нарративтің құрамдас бөлігі ретінде фейктермен де жұмыс істеуі мүмкін. Үгіт-насихат деконструкциясы расталмаған ақпараттың барлық үш түрін де негізге алады, өйткені оның міндеті ақпараттың жалған немесе шын екенін анықтаумен шектелмейді, ол қоғамда мұндай ақпараттың пайда болуының себептері мен оның қоғамдық дискурсты қалай өзгертетінін түсіндіруді де көздейді.

Үгіт-насихат деконструкциясы кезінде автор мойындағаннан бұрын әзіл-қалжыңды ашып үлгере ме, жоқ па, маңызды емес. Әзіл-қалжың авторын ашу да үгіт-насихат деконструкциясының нысаны бола алады.

Фактчектің формат қалыптастырушы белгілері

Фактчек (осы материалда сипатталған кез келген формат секілді) мерзімді журналистік материал түрінде де, аудиовизуалды шығарма түрінде де болуы мүмкін. Алайда, берілу формасына қарамастан, материалдың фактчек форматына сай екенін көрсететін бірқатар сипаты бар. Факті журналистикасы секілді фактчек те тәуелсіздік, жауапкершілік және верификация принциптеріне сүйенеді, дегенмен бірқатар маңызды айырмашылығы да бар.  

      1. Форматтың нысаны: медиа материалы немесе белгілі тұлғалардың ел алдындағы сөзі, ал факті журналистикасында әдетте болған оқиға материалдың нысаны бола алады.    
      2. Материалдың құрылымы: авторы көрсетілген фактологиялық тұжырым (factual claim) – ашық деректерге негізделген тұжырымның растығын тексеру – тұжырымның рас-өтірігіне үкім тағайындау. Ал тұжырымның рас-өтірігіне қатысты үкім түрлері әр фактчекерлік ұйымда әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен олардың көпшілігі бір-біріне ұқсас – “шындық” пен “жалған” негізгі нұсқа, ал олардың арасында “жартылай шындық”, “негізінен шындық”, “негізінен жалған” (‘mostly true’ и ‘mostly false’ у PolitiFact), “манипуляция” және редакцияның ішкі саясатына қарай басқа да нұсқалар болуы мүмкін. Фактчектің міндетті формат қалыптастырушы бөлігі ретінде тұжырымды тексеру барысының егжей-тегжейлі сипатталуы жатады, сонымен бірге фактчекер жұмысының тәсілдері мен қорытынды шығару барысы да анық көрсетіледі.  
      3. Жұмыс принципі: факті журналистикасынан (әсіресе пікір журналистикасынан) ерекшелігі – фактчекте аноним дереккөзге сүйенуге мүлдем болмайды, тіпті журналист толыққанды сенім артса да. Фактчекер жұмыс істейтін дерек көздерінің барлығы да ашықтық критерийіне жауап беруі тиіс. Сонымен бірге, фактчек редакциясы жұмысының принциптері мен методологиясы аудиторияның танысуы үшін міндетті түрде ашық болуы керек.   
      4. Іріктеу критерийі: тұжырымның тексерілетін болуы аса маңызды  (тұжырымның фактологиялық және нақты болуы, салыстырылып отырған жағдаймен байланысты болуы, сонымен қатар, екінші жағынан, журналистің тек қана ашық дерек көздерін пайдалана отырып тұжырымды тексеретін мүмкіндігінің болуы және соған сай ресурстардың болуы); қоғамдық маңызы болуы керек (тұжырымның қоғам үшін маңыздылығы, айтылған фактінің қоғам өмірі мен жекелеген адамдарға ықпалының болуы); ретрансляция деңгейі  (медиаға сілтеме және дәйексөз келтіру көлемі).  Уақыт (жарамдылық уақыты) негізгі критерий емес екенін атап айтқан жөн, өйткені бұрын бұрмаланған ақпараттың салдары біраз уақыт өткеннен кейін шығып, осы шақ үшін өзекті болуы мүмкін (мысал ретінде ресейлік саясаткердің шведтің Готланд аралына қатысты мәлімдемесін айтуға болады, швед журналисі ақпаратты тексеріп жатпай эфирге беріп жіберіп, соның нәтижесінде бүкіл әлем бұған сеніп қалды).

Соңғы тармақ фактчектің мағына журналистикасының форматы бола алатынын көрсетеді, ал факті журналистикасында уақыт, жарамдылық мерзімі негізгі сипаттар қатарында.

Дебанкингтің формат қалыптастырушы белгілері

      1. Форматтың нысаны: қоғамда қалыптасқан, тұрақты айтылатын нарратив. Мұндай нарратив әлеуметтік топқа, шынайы жағдайға, даулы тарихи фактілерге қатысты пікірлерге, түсіндіру қиынға соғатын шынайы жағдайларға, жергілікті мифологемаға, т.б. байланысты болуы мүмкін.   
      2. Материалдың құрылымы: нарративті сипаттау (егер нарратив бірнеше құрамдас бөліктен тұрса, олардың әрқайсысы жеке сипатталып, түсіндіріледі, мысалы, белгілі бір діни немесе этникалық топтарға қатысты болса, ондаған компонент болуы мүмкін) – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің рас-өтірігін ашық деректер негізінде тексеру – нарративтің және оның құрамдас бөліктерінің шындыққа сай немесе сай емес болуына орай редакция бекіткен стандарт бойынша үкім шығару, үкімнің бір жағы “шындық” болса, екінші жағы “жалған” болады.  
      3. Жұмыс принципі: дебанкингте аноним дереккөзге сілтеме жасауға үзілді-кесілді тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Ғылыми дерек көздерін пайдалануға да болады, қажет болған жағдайда техникалық эксперимент құралдарын пайдалана отырып, құжатқа экспертиза жасалады.
      4. Іріктеу критерийі: ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы, тексерілетін болуы (кей жағдайларда эксперимент жасау арқылы тексеріледі).    

Уәдені қадағалаудың формат қалыптастырушы белгілері

        1. Форматтың нысаны: белгілі адамдардың берген уәдесі. Танымал тұлғаның атқарып отырған қызметі шеңберінде тікелей ықпал ете алатын, болашақта болатын жағдайлар да осыған кіреді, нақты көрсеткіштер мен мәліметтер келтірілген уәде көпшілікке қолжетімді болуы керек. Сонымен бірге, мерзім деген қосымша көрсеткіш бар, егер танымал тұлға уәдесінің нақты орындалу мерзімін айтпаған болса, қызметінен кеткен күніне дейінгі орындалуы тексеріледі.   
        2. Материалдың құрылымы: журналист белгілі тұлғаның берген уәделерін жинақтап, жүйелейді – уәдені орындайтын мерзім жеткен кезде оның орындалу деңгейі мен сапасына анализ жасалып, үкім шығарылады.   
        3. Жұмыс принципі: уәдені қадағалау форматында аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Форматтың ішкі жұмысында бұрмалаушылық болмас үшін уәдені қорытындысын бағалау жүйесі нақты белгіленіп, ашық жариялануы тиіс, мысалы PolitiFact “әлі бағаланған жоқ”, “жұмыс жүріп жатыр”, “кейінгі қалдырылды”, “жартылай орындалды”, “орындалды”, “орындалған жоқ” (‘Not yet rated’, ‘In the works’,  ‘Stalled’, ‘Compromise’, ‘Promise kept’, ‘Promise broken’) деп береді. Бұл форматтың басқа жобаларын бағалау жүйесі сәл басқаша болуы мүмкін, бірақ ол ашық және көпшілікке қолжетімді болуы тиіс. Редакцияның бейтарап позициясына қол жеткізу үшін орындалуға қажетті ресурстарға қарамастан,берілген уәденің барлығы теңдей бағаланады. .
        4. Іріктеу критерийі: тексерілетін болуы, қоғамдық маңызы. Уәдені қадағалауда ретрансляция деңгейі маңызды емес, танымал адамның уәдесі үшін оның айтылуы мен жазылуынан гөрі орындалуы маңызды.  

Үгіт-насихат деконструкциясының формат қалыптастырушы белгілері

      1. Форматтың нысаны: медиадағы және қоғамдық дискурстағы үгіт-насихат нарративтері, белгілі тұлғалардың мәлімдемелері. Егер үгіт-насихат бағытындағы идеясы болса, цифрлық үлгідегі фейктер мен әзіл-қалжың да нысанаға ілінуі мүмкін. Бұл форматтың мақсаты мәліметтердің растығын тексеру немесе үгіт-насихат бағытындағы нарративтің бар/жоғын тексеру емес, мақсат – қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру. Яғни, фейк бастапқыда фактчектің нысаны болуы мүмкін, оның жалған екені дәлелденгеннен кейін сол фейк үгіт-насихат деконструкциясының нысаны бола алады. Әлбетте, журналист материалының мақсаты оның жұмыс істеу принципі мен қоғамдық санаға ықпалын түсіндіру болса.
      2. Материалдың құрылымы: үгіт-насихат нарративін сипаттау, материалда пайдаланылған манипуляцияның жекелеген техникасын талдау және осы техниканың қоғамдық санаға қалай ықпал ететінін түсіндіру. Техниканы талдау кезінде верификация және фактчектің басқа да жұмыс тәсілі пайдаланылуы мүмкін, бірақ тұжырымды тексеру логикасын сипаттау, фактчекер жұмысының әдістері мен оның қорытындысын сипаттау қажетті формат қалыптастырушы белгіге жатпайды.   
      3. Жұмыс принципі: аноним дереккөзге сілтеме жасауға тыйым салынады. Журналистің жұмысы барысындағы барлық дерек көздері ашық болуы басты критерий қатарында. Редакцияның жұмыс принциптері мен методологиясы аудиторияға қолжетімді болуы міндетті. Нарративтерді түсіндіру және интерпретациялау үшін қоғамдық сананы манипуляциялық технологиясына қатысы бар ғылыми әдебиетке сілтеме жасайды.
      4. Іріктеу критерийі: нарративтің ретрансляция деңгейі, қоғамдық маңызы. Үгіт-насихат деконструкциясында міндетті түрде тексерілетін болуы маңызды емес, өйткені үгіт-насихат деконструкциясы форматында журналистік материал дайындаудың мақсаты нақтылығын анықтау емес, насихаттың қоғамға әсер-ықпалын түсіндіру.

Қорытынды

Бұл концепция фактчекті тренд, журналистік материалдың өз алдына жеке және дамушы  форматы екенін анықтап қана қоймай, журналистиканың ішіндегі мүлдем басқа бөліністі де қарастырады. Біздіңше, мұндай бөлініс пост-шындық дәуірі деп аталатын кезеңдегі ақпараттық кеңістіктің жағдайына сайма-сай келеді. Журналистер қауымы пост-шындықтың ықпалына түспей, оған тиімді қарсылық білдіре алуы үшін біз мағына журналистикасы мен оның құрамдас бөлігі болып саналатын фактчекті бөліп қарастырдық.

Пост-шындық дәуіріндегі журналистикадағы жаңа түсініктің ұсынылып отырған терминологиясы мен методологиясы, біріншіден, қолданыстағы фактчек форматы туралы білімді жүйелеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, халықаралық журналистер қауымдастығы үшін форматты және оның пайда болу мен таралу заңдылықтарын түсінудің бірегей концепциясын жасауға жағдай жасайды.

Теоретик және практик журналистердің журналистикадағы трихотомия сынды жаңа идеяны біртіндеп түйсінуі нақты білім беріп қана қоймай, фактчек түсінігінің медианы өзіндік қадағалаудағы маңызды механизм екенін де көрсетеді. Бұл сапалы журналистиканы жаңа биікке көтеріп, кәсіби сапасы төмен, мәліметтері мардымсыз, нақты емес деректерді фейктер мен пост-шындық өнімдерінен ажыратуға мүмкіндік береді.

Авторлар: Павел Банников, Таша Соколова

Factcheck.kz