Журналистердің босатылуы баспасөз бостандығы орнағанын білдірмейді

    НЬЮ-ЙОРК – Қызметке келген бір жарым жыл ішінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев баспасөз бостандығын реформалар тізіміндегі маңызды мәселе қатарына қосты. Марқұм Ислам Каримов билік құрған 27 жылдағы цензура мен қатаң бақылаудан кейін Өзбекстан ақпарат құралдары бұрын-соңды болмаған еркіндік алды.

    Дегенмен, әрі қарай прогресс болуы үшін реформашыл президенттің уәдесі жеткіліксіз. Бұл үшін ондаған жылдар бойы журналистерді титықтатқан қудалау, кемсіту, түрмеге қамау дәстүрі жойылуы керек. Және ең көп жапа шеккендерге, соның ішінде әлемдегі түрмеде ең ұзақ отырған журналистер – Юсуф Рузимурадов пен Мұхаммад Бекжановқа өтемақы берілуі тиіс.

    Қос журналист 1999 жылғы наурыздың 15-інде Украинаның Киев қаласында орын тепкен өзбектілді “Эрк” оппозициялық газетінде жұмыс істеп жүрген жерінен тұтқынға алынған. Рузимурадов осы газеттің тілшісі болса, Бекжанов оның бас редакторы қызметін атқарған.  Түрмеде азап көрген журналистер Өзбекстанға экстрадицияланады, онда оларды “тыйым салынған газетті таратты”, “төңкеріс ұйымдастырмақ болды” деген жалған айыппен ұзақ жылға бас бостандығынан айырады.

    Әлемдік қауымдастық Бекжановтың ісін жіті бақылағанымен, Рузимурадовтың тағдыры жұмбақ болып қала берді. Мен жұмыс істейтін “Журналистерді қорғау ұйымы” (CPJ) оның тұтқындалғанынан хабардар болғанымен, оның қайда қамауда отырғаны, денсаулығының қандай екені туралы ешқандай мәлімет ала алмады. Жыл сайын біз оны түрмедегі журналистер санатына қосып отырдық, бірақ тіпті оның тірі я өлі екендігінен де бейхабар болдық, біздің жіберген сауалдарымызға еш жауап болған жоқ.

    Каримовтың авторитарлық басшылығы кезінде халықаралық қауымдастықтың түрмеге қамалған журналистерді қорғау әрекеттері нәтиже бермеді. Президент бөтен пікірдегі адамдарды қатаң жазалайтындығымен әйгілі болды, ол өзін сынағандарды (соның ішінде өз отбасының мүшелерін) қамау шараларын өзі бақылап отырған.

    2016 жылғы қыркүйекте Каримов дүние салған соң өзгеріске деген үміт оянды. 2017 жылғы қаңтарда “Журналистерді қорғау комитеті” жаңа президентке алдындағы басшы түрмеге жапқан барлық журналистерді босатуды сұрап хат жазды. Біз келтірген тізімде Бекжанов пен Рузимурадов та болған. Арада бір ай өткен соң Бекжанов босатылды. 2018 жылғы ақпанда Рузимурадов та әйтеуір бостандыққа шықты.

    Жақында Рузимурадовпен түрмедегі өмірі туралы сөйлестім. Қазір 53 жасқа келген ол күндердің күнінде журналистикаға қайтып оралғысы келеді. Бірақ әзірге ол түрмеде алған жарақатынан айығуды қалайды. Оның денсаулығы нашар. 19 жыл түрмеде жатқанда ол күштеп еңбекке жегіліп, миллиондаған кірпіш тасыған. Өзінің қамалғанына қарсылық білдірген ол жиі аштық жариялап отырған. Оның үстіне ол туберкулездың қиын түрімен ауырады. Бұған қоса, еркін адам саналғанымен, оның жүріп-тұру бостандығы әлі де шектеліп отыр.

    Елдегі адам құқықтарының ахуалын жақсарту бағытында біршама қадам жасағанымен, Мирзиеев әлі де алдыңғы басшының журналистерге қатысты саясатына еліктеп келеді. Кей белсенділер тіпті журналистиканы Өзбекстанның қатаң саясатының “айналып тұрған есігі” деп атаған. Мәселен, Рузимурадов босатылардан бірер ай бұрын ғана “мемлекетке қарсы әрекет етті” деген желеумен екі журналист тұтқынға алынды. Фрилансер журналистер Бобомурод Абдуллаев пен Хайот Насриддиновке “конституциялық режимді күшпен құлатпақ болды” деген айып тағылды.

    Бағымызға орай, сот ауыр айыптардан ақтап алған соң бұл екеуі де өткен айда босап шықты. Бұл – журналистің пайдасына шешім шығару дәстүрі қалыптаспаған елдегі ерекше оқиға болды. Осы оң өзгерістерге көз жіберсем, Мирзиеев Өзбекстанды дұрыс бағытқа бастап барады деп үміт етемін. Біздің зерттеулерімізге қарасақ, қазір жиырма жыл ішінде алғаш рет Өзбекстанда темір тордың ар жағында бірде-бір журналист отырған жоқ.

    Дегенмен, түрмедегі журналист саны елдегі сөз бостандығының индикаторы бола алмайды. Енді өкімет журналистердің репрессиядан қорықпай еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек. Түрмеге қамалып шыққандардан ресми кешірім сұраса, бұл идея жұрттың бәріне жеткен болар еді.

    Өтемақы төлеу де көмегін тигізер еді. Жиырма жылға жуық уақыт түрмеде жатқанда денсаулықтарынан айырылған Рузимурадов пен Бекжанов босап шыққалы медицина қызметіне көп ақша жұмсады. Бекжанов түрмеде болған кезінде тәркіленген мүлкін қайтарып алу үшін бюрократиямен күресіп жүр. Егер Мирзиеев құр бос уәде берумен шектелгісі келмесе, ол бұдан былай ешкімнің осы екі журналист сияқты әділетсіздік көрмейтініне серт беруі керек. Өзбекстан үшін бұл – қайталана беретін әңгіме іспетті көрінеді.

    Гулноза Саид – Нью-Йоркте орналасқан “Журналистерді қорғау комитетінің” Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеушісі.

    Copyright: Project Syndicate, 2018.
    www.project-syndicate.org


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.