ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Екпенің салдарынан балалар мүгедек болып қалады

    Фото forum.ladoshki.ch сайтынан алынды

    Үкім: Жартылай шындық 

    Екпе жасатқаннан кейін денсаулығы сыр беретін балалар болғанымен, нақты екпенің кесірінен балалар мүгедек болып қалады деген сөз — қисынсыз.

    «Екпеден бас тарту керек, өйткені ол мүгедектікке алып келеді» деген пікірді интернет форумдардан, ана мен бала тақырыбындағы сайттардан көптеп кездестіреміз. Екпені әр баланың қабылдауы әртүрлі болғанымен, нақты екпе жасатқаннан бала мүгедек болып қалады деп түйін жасау дұрыс емес.

    Скриншот pandaland.kz сайтынан
    Скриншот yvision.kz сайтынан
    Скриншот 31.kz сайтынан
    Скриншот tengrinews.kz сайтынан
    Скриншот mgorod.kz сайтынан

    Осындай мазмұндағы материалдар мен бейнесюжеттерден кейін баласына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар көп. 2016 жылдың сәуір айында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының мүшесі Меруерт Қазбекова да Қазақстанда балалардың 3 пайызы екпеден кейін мүгедек болып қалғанын айтқан. 

    Скриншот radiotochka.kz сайтынан

    Сау болып туылып, екпе жасатқаннан кейін мүгедек болып қалған балалар бар. Сондықтан, екпе жасар алдында бала толық тексеруден өтуі тиіс. Егер екпе жасауға болмайтын бір себеп болса, соның өзі оны кейінге қалдыруға немесе жасамауға жеткілікті. «Екпенің салдарынан мүгедек болып қалды» делінетін балалардың көпшілігі екпеге дейін тұмаумен немесе басқа да вирустық-респираторлық аурулармен ауырып, толық айықпаған болып шығады. Немесе басқа бір жағынан ем қабылдап жүрген балаларға екпе кері әсер етуі мүмкін.

    Біз ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдаған едік. «Соңғы бес жыл көлемінде екпе салдыру салдарынан мүгедек болып қалған, сал ауруына шалдыққан немесе  жұқпалы ауру жұқтырған балалардың статистикасы қандай? Қанша бала екпе салдарынан мүгедек болып қалды? Қанша  бала сал ауруына шалдықты? Қаншасы жұқпалы ауру жұқтырды?» – деп сұрағанбыз. Министрліктің ресми жауабы мынадай:

    Қазақстанда соңғы 5 жылдың ішінде екпелер жүргізуге байланысты балалардың мүгедектігі және инфекциялық аурулары жағдайы тіркелген жоқ.

    Екпелерді егу кезінде күтілетін және аллергиялық реакциялар туындауы мүмкін. Дене қызуының көтерілуі, әлсіздігі мен сырқаттану түріндегі  әдеттегі  (күтілетін) реакциялар.

    Екпеге жеке реакция вакцинадан кейін барынша жиі себеп болып табылады, ол организмнің жеке ерекшеліктерімен, конституциялық генетикалық факторларымен, бұрын болған аурулардың салдарынан қарсыласуының төмендеуімен, тамақтанудың бұзылуымен, вакциналардың әсеріне арнайы және ерекше емес жоғары сезімталдықтың болуымен, сондай-ақ бірінші және екінші иммун тапшылығы жағдайына байланысты болуы мүмкін.

    Көп жағдайларда иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер аурудың асқынуы вакцина жүргізу уақытымен тұспа-тұс келген жағдайда болады.

    Әлеуметтік желіде, интернет форумдарда екпеге қарсылық білдіретіндердің көпшілігі қайырымдылық қорының жетекшісі, қоғам белсендісі Аружан Саинның пікіріне жүгінеді. Алайда, Аружан ханымның өзі де екпенің керек екенін жоққа шығармайды. Тек «екпе ауру балаға емес, сау балаға жасалуы керек» деген пікірде. Аружан Саин Денсаулық сақтау министрлігінің «екпелерді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынады» деген пікіріне келіседі. «Біздің қордың жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, екпеден кейін мүгедек болып қалып жатқан балалар, соның ішінде сал ауруына, аутизмге шалдыққан балалар бар», – деп жазды Аружан Саин 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Фейсбук» парақшасындағы жазбасында.

    Аружан Саин, қоғам белсендісі:

    Бала сау болып дүниеге келеді. Содан кейін көп жағдайда АКДС екпесінен кейін аяқ-қолы тырысып, қызуы көтеріледі. Екпенің өзге де салдары байқалады. Ақырында мүгедек болып қалады. Біз жағдайға талдау жасағанда көп жағдайда мәселенің вакцинада емес екеніне көз жеткіздік. Көбінесе екпе балаға жасалмайтын уақытта, жасауға болмайтын кезде жасалады.

    А.Саин екпе жасаудың АСА МАҢЫЗДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ӘРЕКЕТ екенін айтады, сондықтан оның алдында бала жан-жақты әрі мұқият тексеруден өтуі керек деп есептейді. Ата-аналардың барлығы бірдей баласының денсаулығына асқан сақтықпен қарамайтынын, кейбір ауру белгілерін біле бермейтінін ескерте отырып, жергілікті денсаулық сақтау мекемелері мұқият болуы керектігін ескертеді. Екпе жасамас бұрын баланы тек терапевтке тексертумен шектелмей, невропатологқа және басқа да дәрігерлерге тексеріп, қан талдауын, басқа да анализдерді тапсыртуды ұсынады.

    Әрі қарай Аружан Саин қандай екпені қандай жағдайда жасауға болатынын және болмайтынын егжей-тегжейлі жазады.

    Көп дауға себеп болатын және балалардың мүгедектігіне алып келетін АКДС екпесін жұқпалы және басқа да жедел аурулардан жазылғаннан кейін тек бір ай өткенде ғана жасауға болады. А гепатитімен ауырған балаға жазылғаннан кейін 6 айдан кейін жасалуы керек болса, В гепатитімен ауырған балаға жазылғаннан кейін 12 айдан кейін жасауға болады. Менингококк, сепсис, дизентерия, отит және басқа да аурулардан жазылғаннан кейін кемі 6 айдан кейін жасалады. Ал созылмалы тонзиллит мен аденоидқа операция жасалған болса, онда тек 2 айдан соң жасауға рұқсат.

    Туберкулез, пневмония, экзема, рахит, менингит, эпилепсия, пиелонефрит, бауыр циррозы, лейкоз, гепатит, панкреатит ауруымен науқастанған балаларға екпе жасалмайды немесе дәрігердің рұқсатымен, ерекше қадағалаумен ғана жасалады. Аллергиялық реакциясы бар балаларға да солай.

    Осы аурулардың ең болмаса біреуімен ауыратын балаға екпе жасатардың алдында міндетті түрде бүкіл анализдерін тапсырып, дәрігерлердің кеңесіне жүгіну керек. Олай болмаған жағдайда, екпенің салдары ауыр болуы мүмкін.

    Гүлдана Нұрлыханова


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.