ЖАЛҒАН | Қазақстанда әйел адамдарға еңбекақы төлеуде дискриминация жоқ

Биылғы наурыз айында ел Үкіметіндегі жалғыз әйел адам – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дуйсенова Қазақстандағы ерлер мен әйелдерге жалақы төлеуде дискриминацияға жол беріледі деген пікірмен  келіспейтінін мәлімдеді. Ол кісінің пікірі бойынша, жалақының әркелкі болуы еңбек шартына, жұмыс көлеміне және атқарылатын жұмыстың ауырлығына байланысты.

«Мәселен, Астана, Ақтөбе, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарында математика пәнінен сабақ беретін әйел мұғалімдердің жалақысы бірдей. Бұның себебі, олардың сабақ беру стандарттары біркелкі. Ал тау-кен өндіру саласы, залалды өндірістегілер мен зиянды өндіріс саласында жұмыс атқармайтын басқа тұлғаларды алсақ, жұмыс ауыртпалығына байланысты олардың жалақы көлемі әртүрлі. Осының негізінде, еңбекақы төлеуде дискриминация бар дегенмен келісе алмаймын. Ол жұмыс көлемі, еңбек шарты мен жұмыстың ауырлығына ғана байланысты. Әйел адамдар негізінен қызмет көрсету ісі мен әлеуметтік салада жұмыс істейтінін мойындауымыз керек», – деді Тамара Дүйсенова Президент жолдауын халыққа түсіндіруге арналған брифинг барысында.

Үкім: Жалған

Статистика комитетінің соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанда әйелдердің орташа жалақысының ерлердің жалақысына шаққандағы қатынасы 69 пайызға тең. 

Статком сайтындағы «2016 жылғы Қазақстан Республикасындағы экономикалық қызметтің жекелеген саласы бойынша жұмысшылардың мамандық (қызмет) бойынша жалақысы» бюллетенінде келтірілген деректерден ер адамдардың әйел адамдарға қарағанда еңбекақыны барлық салада дерлік артық алатынын көруге болады.

Дүйсенова ханым атап өткен еңбек нарығының салаларын жеке-жеке қарап өтейік.

Орта мектептің әйел мұғалімдері ер адамдардан 2,8% төмен жалақы алады екен. Әйел оқытушылардың еңбекақысы ер оқытушының жалақысынан орта есеппен   10,6%-ға төмен. Негізінен ер адамдарға тән мамандық болып есептелетін тау-кен өндіру саласында негізгі кенші әйел дәл осы дәрежедегі ер адамнан орта есеппен 42,8%-ға төмен жалақы алатын болса, көмір және лигнит өндіру саласында еңбек етіп жүрген әйел адамдар 37,1%-ға төмен еңбекақы алады.

Тіпті, гүл өсіру саласының өзінде жалақы айырмашылығы – 65%. Басшылық қызметтегілердің жалақы мөлшеріндегі айырмашылық  үш есеге дейін болуы мүмкін (мұндай қызметтегі әйел адамның жалақысы ерлердікінің 37%-ына ғана тең).

Дегенмен, әйел адамдардың еңбекақысы ер адамдардікінен жоғары болып келетін жұмыс орындары да кездеседі. Бірақ, ондай сирек. Мамандықтар мен еңбекақы тізімінің толық нұсқасын келесі кестеден көруге болады.

Factcheck.kz