ЖАЛҒАН | 2016 жылғы бюджеттегі игерілмеген қаражат 7,5 миллиард теңге болады

    Фото dialog.egov.kz сайтынан

    2016 жылдың желтоқсан айында Премьер-министрдің жылдың аяғына дейін бюджетке бөлінген қаражатты толық игеру жөніндегі тапсырмасына орай Қаржы министрі «нақты игерілмеген қаражат 7,5 миллиард теңге болады» деп мәлімдеген.

    Үкім: Жалған

    Шын мәнінде 2016 жылы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға бөлініп, игерілмеген қаржының жалпы мөлшері 36 миллиард теңге болды. Түйін: Министр Сұлтановтың 2016 жылы 7,5 миллиард теңге игерілмеді деген сөзі расталмады.

    Естеріңізге сала кетсек, ҚР Үкіметінің Қазақстанның 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы бойынша өткізген отырысында Нұрсұлтан Назарбаев бұдан былай бюджет қаржысын игермеген мекемелерге бөлінетін қаржы мөлшерін азайтып, ақшаны игеретін мекемелерге беру керектігін айтқан болатын:

    Бюджетті қорғау кезінде әрбір министрлік ақша сұрап, анаған керек, мынаған керек деп, дәлелдеуге тырысады. Яғни, оның барлығы негізсіз болған деген сөз. Сондықтан ол ақшаны алып, игеретіндерге беру керек. Сонымен тәмам. Игеруге мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Ал келесі жылы ол мекемеге берілетін қаржының көлемін (бюджет) азайту керек. Сонда жыл аяғына дейін игеретін болады.

    Сонымен, министр Сұлтановтың беделіне (бәлкім, жазбасына да) нұқсан келтірген қай мекемелер болды екен?

    ЖАЛҒАН | 2016 жылғы бюджеттегі игерілмеген қаражат 7,5 миллиард теңге болады
    Б.Сұлтановтың жеке блогының скрині

    Қаржы министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, 2016 жылы өз мүмкіндігін артық бағалаған мекемелердің бірі – Қорғаныс министрлігі. Қарулы Күштерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге және дайындыққа деп бөлінген 29 миллиард теңге өз орнын таппаған.

    Екінші орында шет елдерде Қазақстан Республикасының мүддесін көздеу; Қазақстан Республикасының тұрақты дамуы мен өсімін қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру; сот төрелігін нығайтуға қатысты институционалды жобаларды жүзеге асыру бағдарламалары тұр, бұлардың әрқайсысына 700 миллион теңгеден бөлінген.

    Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жұмыстарын ұйымдастыру ісінен атқарушы органдар 300 миллион теңгені үнемдеген. 2016 жылы табиғи апаттар мен түрлі төтенше жағдайлардың жиі болғанын ескерсек, шамасы, апаттан зардап шеккендерге асарлатып көмек қолын созған халықтың жанашырлығы мен азаматтығы өз әсерін тигізсе керек.

    Ішкі істер министрлігі жедел іздестіру қызметі және кадрлардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау ісіне жұмсалуы тиіс қаржыдан 300 миллион теңгені игермеген. Қылмыстық іздестіруге жұмсалатын шығынның азайғаны қуанарлық жайт болғанымен, құрылым қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жұмсалуы тиіс қаражаттың үнемделуі қауіп тудырмай қоймайды.

    Бюджет қаржысын дұрыс игермеуге қатысты бастапқы жауапкершілікті күшейтіп, 2014 жылдың күзінде тиісті заңнамаға өзгертулер енгізуді сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімов мәселе етіп көтерген.

    Одан сәл бұрын, 2012 жылдың ақпан айында мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесіне қатысушылардың, бюджет қаржысын алушылардың жауапкершілігін арттыру және бюджеттік процедуралардың тиімділігін арттыру бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын.

    Алайда, іс жүзінде тым болмаса заңның орындалып жатқанын көрсету үшін болса да бағдарламаға жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту оқиғасы болған емес.

    Аударған Жұлдыз Әбділда

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.

    ЖАУАБЫН ҚАЛДЫРЫҢЫЗ

    Please enter your comment!
    Please enter your name here