Жаһан экономикасының бұлыңғыр болашағы

2018 жылдың басында әлем экономикасының басым бөлігі синхронды түрде циклдық оңалу кезеңіне өтті, бұл 2008 жылғы құлдыраудан кейінгі он жылдық есеңгіреуден соң бас көтеріп, ұзақмерзімдік даму жолына түскенімізден хабар береді. Брекзит үрейіне, Таяу Шығыс пен Корей түбегіне үйірілген қара бұлтқа, АҚШ президенті Дональд Трамптың болжап білуге болмайтын мінез-құлқына қарамастан, инвестиция артып, жұмыссыздық азайып келеді.

Дегенмен, қаңтарда ескерткенімдей, «ғаламның көңіл күйі саяси тәуекелдерден үрейленуден ұмытшақтыққа ойысып барады, ал мұндай тәуекелдер әлі де көп». Оның үстіне, мен ұсынған жаһандық индикаторлардың көбі жоғары болып тұрса да, дамыған экономикалардың, соның ішінде АҚШ-тың, ақша-несие саясатын қатаңдатып жатқанын ескерсек, 2018 жылдың бірінші жартысынан соң бұл дәстүрдің әрі қарай жалғасарына күмән келтірдім.

Міне, енді біз 2018-дің бел ортасына келдік, сол индикаторлардың кейбіреуі бұрынғыдай керемет болып тұрған жоқ. АҚШ-тың Жабдықтау менеджменті институтының маусым айындағы сатып алу менеджері индексіне қарасақ (PMI) көрсеткіштер өте жақсы, дегенмен әлемдегі басқа да салыстырмалы сауалнамаларға сенсек, жағдай алты ай бұрынғыдан әлдеқайда нашар. Ең бастысы, Қытай мен Еуропада іскерлік белсенділік төмендеді.

Тағы бір негізгі индикатор – Оңтүстік Кореядағы сауда мәліметтері, бұл мәліметтер ай сайын, басқа елдерден бұрын жарияланып отырады. 1 шілдеде біз биылғы маусым айында жылдық есептеуде Оңтүстік Кореяның экспорты төмендегенін байқадық. 2017 жыл елдің номиналдық экспорт әлеуетін нығайтудағы рекордтар жылы болса, 2018 жылы өнімділік көлемі бірнеше ай бойы төмендеп келеді. Бір қызығы, бұл құлдырау Солтүстік Кореямен араның жақсару кезеңімен қабат келіп тұр, ал былтыр керісінше Корей түбегінде ядролық текетірес болып жатқанда көрсеткіш әлдеқайда жақсы болатын.

Басқа басты экономикалардың сауда мәліметтері мен Оңтүстік Кореяның 1 тамызда жарияланатын шілде бойынша мәліметтерін алып, Оңтүстік Корея экспортының нашарлауын толық саралап көру керек. Трамптың импорт тарифін енгізу жайын ушықтыруы, Қытай, Еуроодақ және басқа елдердің қарымта әрекеттерге қамдануы әлемдік сауданы әрі қарай нашарлата түссе, бұған таңқалуға болмас.

Дегенмен, сауда көрсеткіштерінің төмендеуі – тарифтің тікелей салдары деген ой тумауы керек. Әзірге бір аймақтың толық экспорттық құлдырауы болған жоқ. Маусымның алғашқы 20 күні бойынша қолда бар мәліметтерге қарасақ, Оңтүстік Кореяның АҚШ пен Қытайға экспортының көлемі өте жоғары, тек АСЕАН елдеріне және Таяу Шығысқа экспорт төмендеген. Егер бұл рас болса, соңғы 12-18 айдағы жаһандық сауданың қарқыны баяулайды деп уайымдау ертерек.

Оның үстіне, соңғы он жылда әлем экономикасы АҚШ пен Қытайдың үстемдігін бастан кешіріп жатыр. Менің есептеуім бойынша, 2010 жылдан бергі ЖІӨ-нің номиналды өсімінің 85 пайызы – осы екі елдің арқасы, мұның 35 пайызы – АҚШ-қа, ал 50 пайызы Қытайға тиесілі. Яғни, Қытай мен АҚШ-тың жағдай жақсы болса, жаһан экономикасы жылына 3,4 пайыз өсімге қол жеткізе алуы мүмкін.

Ал, әлемнің қалған бөлігіне келсек, бұрын нашар болып келгендер өткен жылдың осы кезінен 2018 жылдың басына дейінгі аралықта ақыры бас көтере бастады. Номиналды доллар өлшемімен қарасақ, Бразилия, Еуроодақ, Жапония және Ресей 2010 жылдан бері аздап төмендеп келе жатқан болса, 2017 жылы дамуға қол жеткізген.

Мәселен, былтыр осы уақытта Еуроодақ мықты бір циклдық бас көтеру кезеңінің басында тұрғандай көрінген. Бірақ, биыл олай емес сияқты. Жаһандық сауда соғысынан қорыққанның салдары ма, Франция, Германия сияқты басты экономикалардың қарқыны баяулады. Бұған қоса, әрине, Брекзит бойынша келіссөздер, Италияда истеблишментке қарсы жаңа үкіметтің келуі, иммиграцияға байланысты Еуроодақ ішінде туындаған дағдарыс сенімсіздікті күшейтіп жіберді. Әсіресе, иммиграцияға байланысты дағдарыс Германия канцлері Ангела Меркельге де, Еуроодақтың бірлігіне де үлкен зардабын тигізуі мүмкін.

Әрине, Еуропаның экономикалық тұрғыда әлсіреуі – уақытша құбылыс болуы ықтимал, әрі екі ай құлдыраудан соң, маусым айында еуроаймақтың PMI көрсеткіші жақсара бастады. Дегенмен, қиындық болмайды деп оны толық жоққа шығару ақылсыздық болар еді.

Десе де, байқағанымыздай, жаһандық экономикалық өсімнің тұрақтылығы көбіне АҚШ пен Қытайға байланысты. Бұл екі алпауыт бір-біріне қарсы тарифтер енгізіп, сауда текетіресін бастаса, екі жақтың да жеңілері анық. Әлем экономикасы да мұның зардабын тартады. Тұтыну көлемі ЖІӨ-нің 70 пайызын құрайтын АҚШ-та сенімді дамуға қол жеткізу үшін оңтайлы халықаралық сауда мен тұрақты инвестицияның маңызы зор. Трамптың саясаты әлемді көптен күткен өсім жолынан тайдырып жібермеуі үшін оған жақын адамдардың бірі оны райынан қайтарады деп үміттенеміз.

Жаһан экономикасының бұлыңғыр болашағыДжим О’Нейл – Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбритания Қаржы министрлігінің коммерция жөніндегі бұрынғы хатшысы, Манчестер университетінің құрметті профессоры, Британия үкіметінің «Микробпен күрес» жобасының төрағасы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz