Сөз бостандығының шегі қайда?

НЬЮ-ЙОРК – Мен ұзақ уақыттан бері, тіпті өрескел пікір айтатындардың да сөз бостандығы құқығын қорғап келемін. Дегенмен, БҰҰ соты серб саясаткері Воислав Шешельді 1990-жылдардың басында бұрынғы Югославияда национализмді қоздырған сөздері үшін соғыс қылмысын жасады деп танып, он жылға бас бостандығын айыру туралы үкім шығарғанда, бұл шешімді құптадым.

Сөз бостандығы – адамның басты құқықтарының бірі. Сондықтан, 1977 жылы Америка Азаматтық бостандық одағының атқарушы директоры болғанымда өздерін “Америка нацистері” деп атайтын топтың Холокост азабын шеккендер көп тұратын Иллинойс штатының Скоки қаласында демонстрация өткізу туралы өтінішін қолдадым.

Ұзақ даудың соңы бірнеше сот ісіне ұласып, оның барлығында Азаматтық бостандық одағы жеңді. Сот аяқталған соң да ұзақ жылдар бойы пікірталас тудырған бұл күресте біреулер менің сөз бостандығын қорғау әрекеттерімді қолдаса, енді біреулер жиіркенішпен қарап жатты. Егер қазір осындай жағдай болса, мен дәл сол әрекеттерді қайталаған болар едім.

Сот не дейді?

Ал Шешельдің ісіне келсек, Халықаралық қылмыстық трибунал механизмінің оны кінәлі деп тұжырым жасағаны дұрыс болды. Серб радикал партиясының президенті болған Шешель бұдан бұрын хорваттар мен босниялықтар арасында конфликт тұтандыруға тырысып, әсіре ұлтшыл пікірлер айтқаны үшін жауапқа тартылған еді.

Бұрынғы Югославия бойынша Халықаралық қылмыстық трибуналдың сот палатасы ақырында Шешельді ақтады. Аппелляциялық палата төменгі соттардың барлық шешімдерін күшінде қалдырып, тек 1992 жылғы 6 мамырда Хртковчидегі шеруде сөйлеген сөзіне қатысты іске байланысты үкімді өзгертті.

Соттың айтуынша, Шешель сол сөзінде “Хртковчиде хорваттардың тұруына жол берілмейді” дей келе, сербтерді осы ауылда және оның маңайында қалған хорваттардың “жылдам көзін құртуға” шақырған. Жиналған жұрт “Хорваттар хорватияға кетсін!”, “Бұл – Сербия!” деп ұрандаған.

Бұл – Шешельдің ең әйгілі сөзі емес, оның националистік ұранға толы бұдан да сорақы сөздері бар. Аппелляциялық палатаның пікіріне қарағанда, оның Хртковчидегі сөзінің бір ерекшелігі – көп ұзамай “күштеу, қудалау, қорқыту” жолымен этностық тазалаудың басталғаны. Соттың айтуынша, Шешельдің партиядағы ықпалы күшті болған, тіпті кейбіреулер оны Құдай дәрежесіне көтерген.

Шешельдің Хртковчиде сөйлеген сөзінің “Америка нацистерінің” Скокиде жоспарланған шеруінен контекст тұрғысынан тағы бір айырмасы болды. Екі жерде де шектен асқан националистік ұрандар айтылғаны рас. Дегенмен, Скокиде шеруге қатысуы мүмкін деген адамдардың көбі нацизмді жек көретін, сондықтан олардың басқаларды күштеу, қудалау не кемсіту ойы болған жоқ. Жалғыз қауіп – нацистердің өздеріне қарсы күш қолданылуы мүмкін еді, дегенмен ұйымдастырушылар шеру туралы ерте хабар бергендіктен, лайықты полиция жасағын жіберген жағдайда қақтығыстың алдын алуға болар еді.

Алайда, нацистер Скокиде шеру өткізу құқығына ие болған соң демонстрацияны Чикагоға ауыстырып жіберді. Олар өздерін қолдайтындардан гөрі қарсылық білдіретіндердің анағұрлым көп боларын түсінген сияқты. Яғни, нацистер шерулетуден қорқып қалған тәрізді.

Контекст бәрінен де маңызды…

АҚШ-тағы сөз бостандығы бойынша тағы бір оқиғаға қатысты тарихи шешімде де контекст пен мазмұн арасындағы айырмашылық басты рөл ойнады. 1969 жылғы “Бранденбург пен Огайо” ісінде АҚШ Жоғарғы соты “Ку-клукс-кланның” шеруіне қатысып, онда зорлық-зомбылыққа шақырып, үндеу жасады деп айыпталған “Ку-клукс-клан” басшысын айыпты деп тану туралы үкімді өзгертіп, оны ақтады. Мұнда да басты нәрсе контекст болды. Жоғарғы сот “зорлық-зомбылыққа шақыру қылмысы болмаған” деген ұйғарымға келді, себебі ол зорлық-зомбылық болуы мүмкін деген ортада сөз сөйлемеген.

Демек, Бранденбург, Шешель және Скоки мысалдары “контекст бәрінен де маңызды” деген ортақ бір принципке негізделген. Егер адам айтылған сөзді іс жүзіне асыруы мүмкін деген аудиторияның алдында күштеп депортациялау, этностық тазалау сияқты қылмыстық әрекетке шақырып сөз сөйлесе, ол жауапқа тартылуы мүмкін. Ал егер тікелей қауіп болмаса, онда сөз бостандығы құқығына құрметпен қарау керек. Сондықтан, Жоғарғы соттың бұдан бұрынғы шешіміндегі әйгілі мысалға сүйеніп айтсақ, адам лық толы театрда “Өрт!” деп айқайлаған кісі сөз бостандығы аясында қорғалмай, жауапқа тартылуы мүмкін, ал адам жоқ театрда жұрттың бір-бірін таптап кету қаупі жоқ, демек мұнда қылмыс та жоқ.

Шешельдің жауапқа тартылуынан бәлендей ештеңе өзгермейді. Ол 12 жылға жуық уақытын тергеу абақтысында өткізгендіктен, қайтадан түрмеге жіберілмейді. Серб заңдары алты айдан ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған лауазымды тұлғаның мемлекеттік қызмет істеуіне тыйым салатындықтан, оның Сербия парламентіндегі депутаттық орнын даулауға да қақысы жоқ, дегенмен Сербия бұл заңды күшінде қалдыра ма, жоқ па, ол жағы анық емес.

Әйткенмен, Шешельге қатысты шешім өте маңызды прецедент қалыптастырды, себебі ол этностық тазалауға үндеу және оны жүзеге асыру кезіндегі сөз бостандығының шет-шегін халықаралық құқық шеңберінде айқындап береді. Мәселен, Мьянмада экстремист буддист монахтардың Шешельдікіне ұқсас әрекеттерінен соң рохинджаларға шабуыл жасалып, олар өз ауылдарынан қатыгездікпен көшірілді. Олар жаушыл сөздері үшін ешқашан жазаланбауы мүмкін еді, дегенмен бұл сөздер заңсыздықтың алдын ала алмайтындай контексте айтылғандықтан, олар жазалануы мүмкін.

Сөз бостандығының шегі қайда?Арье Нейер – “Ашық қоғам институтының” құрметті президенті, Human Rights Watch-тың негізін қалаушы, “Халықаралық адам құқықтарын қорғау қозғалысының тарихы” кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz