ШЫНДЫҚ | Қазақстан әскерилері кез келген елге жіберілуі мүмкін

Алайда, барлық әскерилер және барлық жағдайда емес. Сондай-ақ, ол үшін бірқатар шарттар өте қатаң ретте орындалуы тиіс.

РФ Мемлекеттік демасы қорғаныс комитетінің төрағасы Владимир Шамановтың Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан әскерилерін Сирияға жіберу туралы ұсынысынан кейін осы мәселені зерттеп көрген едік. Тез арада терістеу жарияланғанына қарамастан (ҚР Сыртқы істер министрлігі Қазақстан жағының ешқандай келіссөз жүргізбегенін бірден мәлімдеген болатын), Шамановтың сөзі бұқаралық ақпарат құралдарын біраз шулатты, әлі де осы тақырыптан айналып шыға алмай отырғандар бар.

Біз әскерилеріміздің бітімгершілік немесе басқа да миссиямен Сирияға немесе басқа да кез келген елге баруы үшін қандай заңдық негіз қажет екенін тексеріп көрген едік.

Құқықтық база бойынша, Қазақстан әскерилері кез келген елге жіберілуі мүмкін

Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Бітімгершілік туралы заңға сәйкес, Қазақстан әскерилерін қандай да бір елге жіберуге құқықтық база бар.

АЛАЙДА, ОЛАР ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСЫП, ТАРАПТАРДЫҢ БІРІНЕ ЖАҚТАСУ ҮШІН ЕМЕС, ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТІ, ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖЕТКІЗУ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАРҒА КӨМЕКТЕСУ МАҚСАТЫМЕН ҒАНА ЖІБЕРІЛЕДІ. ОНДА ДА БАРЛЫҒЫ ЕМЕС, ТЕК ҚАЗБАТ ӘСКЕРИЛЕРІ ҒАНА.

Қазақстанның бітімгершілік бригадасы үш батальоннан тұрады: «Қазбат-1», «Қазбат-2», «Қазбат-3».

Осылардың ішінде Қазбат-1 БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссиясына қатысады. Ал «Қазбат-2» Ұжымдық Қауіпсіздік келісім-шарт ұйымы шеңберіндегі бітімгершілік миссияларға қатысады.

Қазақстан әскерилерін Сирияға жіберу мәселесі талқыланып жатқан жоқ

Сирия мәселесін зерттеуші, саясаттанушы Ерлан Қарин Қазақстан әскерилерін Сирияға жіберу мәселесі талқыға салынуы да мүмкін еместігін айтады:

Бұл өте принципті мәселе. Еліміздің сыртқы саясатына сай, ал сыртқы саясаттың негізгі анықтауышы – Президент, әскерилерімізді сирияға жіберу мәселесі тіпті талқыланбайды да.

Мәулен Әшімбаев Сирияға әскерилерді жіберу мәселесінің тіпті жоспарда да жоқ екенін айтады.

Қазақстан Республикасының әскерилерін әлемнің қандай бір өлкесіне жіберу үшін БҰҰ резолюциясы қажет

Оның үстіне, қазақстандық әскерилерді басқа елге жіберу үшін БҰҰ резолюциясы және Президент пен парламенттің шешімі керек. Бұл процесті Мәулен Әшімбаев былай түсіндіреді:

Қазақстан әскерилерін қандай да бір елге жіберу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты қажет. Оны Қауіпсіздік Кеңесі резолюциямен қабылдайды. Мысалы, Кот д’Ивуар халқына гуманитарлық көмек жеткізу үшін қолдау керек десе, біз оған өз әскерилерімізді жіберуіміз мүмкін. Бірақ, ол үшін Президенттің және Парламенттің шешімі болуы керек.

Мұндай шешім Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 5-тармағына сәйкес қабылданады: «бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін ҚР Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешімді Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдайды». Парламент мұндай шешімді өздігінен қабылдамайды, тек Президенттің ұсынуымен қабылдайды.

Қазақстан Республикасының «Қорғаныс және ҚР Қарулы Күштері туралы» заңының 6-бабында да осылай көрсетілген.

«Біздің Сирияға қатысты негізгі миссиямыз – Астана келісссөзіне мүмкіндік беру». Сыртқы істер министрлігінің бізге берген жауабын Мәулен Әшімбаев осылай деп толықтырды.

Басты сурет www.mod.gov.kz сайтынан алынды

Factcheck.kz