ШЫНДЫҚ | Алтынсариннің суреті басылған кілемше Сеул дүкендерінің бірінде жерде жатыр

«Ыбырай Алтынсариннің суреті басылған кілемше Сеул дүкендерінің бірінде жерде жатыр» деген хабарламаға байланысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бір топ мұның фотошоп екеніне сенімді болса, екіншілері ашу-ызасын білдіріп жатты. Factcheck.kz анықтағандай, бұл ешқандай да фотошоп емес, түпнұсқа болып шықты.

Вконтакте әлеуметтік желісіндегі «За тебя, Баке» паблигінде жарияланып, үлкен дүмпу тудырған жазбаның авторы – Оңтүстік Кореяда оқитын қазақстандық студент қыз. «Мен Сеулде оқимын. Жақында көңілімді түсірген көріністің куәсі болдым. Bukchon village-де әшекей бұйымдарын сататын кішігірім дүкеннің кіреберісіне Ыбырай Алтынсарин бейнеленген төсеніш төселген. Бұл мені мұңайтты. Біріншіден, адам бейнесі бейнеленген кілемшені төсеніш етіп, таптаудың өзі адамгершілікке жатпайды деп ойлаймын. Екіншіден, қазақтың алғашқы педагогының бейнесін көріп, не істерімді білмей абдырап қалдым», – деп жазды пост авторы.

 

vk.com
Скриншот vk.com әлеуметтік желісінен

Үкім: Шындық

Бастапқыда біз де бұл сурет пен ақпарат фейк болар деп ойладық. Алайда, суреттің ешқандай сурет өңдеу бағдарламаларымен өңделмеген, түпнұсқа екені анықталды. Жаңа медиа маманы Асхат Еркімбай былай дейді:

Суретті онлайндағы біраз сайттарға салып тексеріп көрдім. Ешқандай күмәнді мәлімет таба алмадым. Егер суреттің метадатасы болса, тағы да ізденіп көруге болар еді. Бірақ, суреттің метадатасы жоқ екен. 

fotoforensics.com
fotoforensics.com сервисі арқылы тексеріс нәтижесі
fotoforensics.com
fotoforensics.com сервисі арқылы тексеріс нәтижесі

Осыдан кейін біз «За тебя, Баке» паблигінің админіне хабарласып, жазбаны жолдаған студенттің тіке өзіне шыққан едік. Сеулдегі университеттердің бірінде оқитын бойжеткен Инсадонг деген аудандағы қытай және кәріс бұйымдарын сататын шағын дүкеннен көргенін, Вконтактеде жазғанындай, кілемшені алып тастауды өтінгенін айтты. Сатушылардың бірі сеніңкіремегеннен кейін Уикипедиядан және Гуглдан Алтынсаринді іздеп тауып көрсеткенін, содан кейін ғана сатушылар алып тастауға уәде бергенін айтты.

WhatsApp желісі арқылы бізге жазған хатында бойжеткен былай деді:

Түсінгеніне қуанып, шығып кеттім. Алайда, осыдан бір жарым апта бұрын тағы барсам, әлі алмапты. «Уәде беріп едіңіз ғой» деп едім, «ол адам емес, жай ғана ұқсайды» деп бойбермеді. Вконтактедегі жазбада кейбір кісілер «неге сатып ала салмады екен» деп жазған екен, шынымен де ойыма неге келмеген деп, соңғы барғанымда сатып алмақ болдым. «Ол нәрсе сатылмайды» деді. Өзім шетте жүрген студентпін. Оның үстіне, дардай әйелдермен ұрсысып та тұра алмайды екенсің.

Студент қыз, сондай-ақ, елшілікке хат жазғандарын, әлі жауап келмегенін айтты.

Mail.Ru
скриншот Mail.Ru почтасының мобильдік нұсқасы

Біз Инстаграм желісіндегі әлгі дүкен сатушысының парақшасын қараған едік. Ол суреттерден әшекей бұйымдарды жарнамалаған суреттердің артқы фонынан Алтынсариннің бейнесін анық көруге болады.

instagram.com
Скриншот instagram.com әлеуметтік желісінен
instagram.com
Скриншот instagram.com әлеуметтік желісінен

 

 

 

Factcheck.kz