Мұхамедиұлы: Қазақстан халқының 82 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген

    фото "Азаттык" Радиосы

    ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 2017 жылғы 4 сәуір күнгі Үкімет отырысында 2016 жылы мемлекеттік тілді меңгерген халық саны өскенін мәлімдеді. Министрдің айтуы бойынша, Қазақстан халқының 82 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген.   

    Министр жариялаған дерек «Қазтест» деп аталатын  қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалайтын жүйе мәліметіне негізделген. Арыстанбек Мұхамедиұлы келтірген деректер бойынша, 2016 жылы қазақ тілін меңгеру сынағынан 73 мыңнан астам адам өткен, оның 40 мыңнан астамы – мемлекеттік қызметкерлер.

    Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ресми мәліметтері бойынша, Қазақстан халқының саны – 17 миллион 900 мың адам. Түпкілікті халық саны 2009 жылы -63,1 пайыз болған.

    Мұхамедиұлы: Қазақстан халқының 82 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген
    Скриншот ҚР Статистика комитеті сайтынан

    Министрдің сөзіне сенсек, халықтың 82 пайызы мемлекеттік тілді игерген. Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, 2014 жылы бұл көрсеткіш 72,1 пайыз, ал 2015 жылы 76,3 пайыз болған.

    Бұл дерекке «Ситуативный казахский» атты оқулығының авторы Қанат Тасыбеков сенбейді.

    Меніңше, министр келтірген деректер шындыққа жанаспайды. Мұндай мәлімдемені өзге мемлекеттік органдар да жасайды. Бұл не үшін жасалады?  Менің ойымша, ақша бөлінген, сол ақшаның игерілгені туралы есеп беру керек, бұл ақша тиімді жұмсалғанын көрсету керек, сол үшін осылай айтады. Әрине, министр деректі төбеден алмайды ғой. Бұл 82 пайызды бір аналитикалық агенттік берген шығар. Министр айтқан дерек шындыққа жанаспайды деу үшін қандай дәлел келтіресіз дейтін болсаңыз, біріншіден, біз Марс ғаламшарында өмір сүріп жатқан жоқпыз ғой, ел азаматтарының қаншасы қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көріп жүрміз ғой. Оның үстіне мен көп жылдан бері тек қазақ тілімен шұғылданып келемін. Екіншіден, дәлел керек болса, тіл меңгерген адам санын санаудың керегі жоқ. Бұл жұмыстың машақаты, шығыны көп. Жанама көрсеткіштерді алуға болады. Мәселен, қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы контент пен орыстілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы  контенттің ара-салмағын байқауға болады. Осы көрсеткіш бойынша, біз керісінше, телевидение, интернет-басылымдар мен қағаз газеттердің 82 пайызы орыстілді екенін байқаймыз

    – дейді Қанат Тасыбеков.


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.