МАНИПУЛЯЦИЯ | Қазақстан жаңғыртылатын энергия бойынша ірі экспорттаушы бола алады

Биылғы шілдеде өткен «Болашақтың энергиясы» форумында Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкенов Қазақстанның жаңғыртылатын энергетиканы дамыту бағытында мүмкіндігі зор екенін мәлімдеді:

атом энергиясы мен балама энергетиканы дамыта отырып, қазақстан болашақта өзінің ішкі қажеттілігін өтеумен шектелмей, аймақтағы ірі жеткізуші де бола алады,

– деді вице-министр.

Үкім: Манипуляция

2016 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның электр энергиясы өндірісіндегі жаңғыртылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 1% ғана болған. Ал аймақтағы Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдер электр энергиясының 80%-ын гидроресурстардың көмегімен өндіреді. Су мол болғандықтан, бұл елдерде қуат та көп, алайда осы арзан әрі «жасыл» электр энергиясының өзі аймақта сұранысқа ие емес.

Әлемдегі электр энергиясын экспорттаушы ірі ел – Франция. Энергияның қалдығын да «таза» деуге болады: елдегі электр қуатының 70%-дан астамын атом электр станциялары өндіреді. Францияда жалпы қуаты 63,1 ГВт болатын 58 ядролық реактор жұмыс істейді. Энергияның балама көздерін өндіруде көшбасшы елдердің тағы бірі – Германия, ол да көрші елдерге электр энергиясын экспорттайды. Оларда электр энергиясы өндірісіндегі жаңғыртылатын энергия көздерінің үлесі 34%, 2035 жылдарға қарай немістер бұл көрсеткішті 60%-ға жеткізуді көздеп отыр. Дегенмен, биылдың өзінде Германияда жел, күн, су және биомасса энергиясы елдегі электр энергиясы өндірісінің 85%-ын (!) қамтыған.

Қазақстандағы жаңғыртылатын энергия көздері

Енді болашақта жаңғыртылатын энергия жөнінен «аймақтағы ірі тасымалдаушы» болуы мүмкін Қазақстанға оралсақ. Елімізде энергияны 9 жел электр станциясы, 16 күн электр станциясы, 24 су электр станциясы және 1 биогаз құрылғысы өндіреді, мұндағы электр энергиясы өндірісіндегі ЖЭК үлесі 15% ғана. Үкіметтің стратегиялық жоспары да орындалмай отыр: 2015 жылы бұл көрсеткіш 1,5% болуы керек еді. Бұл ретте, 2030 жылға қарай ЖЭК көлемін 30%-ға жеткіземіз деген жоспар күмәнді көрінеді.

Оның үстіне, дәл қазір Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемін арттыратындай қажеттілік жоқ. Өндіру мен тұтыну көлемі бір-біріне сай. Жылу-энергетика балансы әзірге елімізге қарасып тұр.

Бірақ, мәселенің екінші жағы бар: электроэнергия инфрақұрылымының тозуы 60-80% көлемінде. Дүниежүзілік банктің есептеуінше, мұндай жағдайда еліміздің энергожүйесін қалыпты жағдайда ұстап тұрып, оның қуатын арттыру мүмкіндігі болуы үшін 2030 жылға дейін жыл сайын бұл салаға 2,6 миллиард доллар қаржы салу керек. Үкімет бұдан 8 есе аз қаражат та жетеді деп үміттеніп отыр.

Орталық Азия елдеріндегі ЖЭК

Өзбекстан

Өзбекстан да балама энергетиканы дамытумен стратегиялық деңгейде белсенді түрде айналысады. 2017 жылдың мамыр айында Өзбекстан жаңғыртылатын энергияны дамыту және жақын жылдары энерготиімділікті арттыру жөніндегі бағдарламаны бекітті. 2025 жылға қарай өзбек билігі гидроэнергетиканың үлесін 15,8%-ға, күн энергиясын – 2,3%-ға, жел энергетикасын 1,6%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.

Қазірге елдегі электр энергиясының  87%-ы дәстүрлі жолмен өндіріледі, ЖЭК мүмкіндігінің тек 0,31%-ы ғана игерілген. Өзбекстанда 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін жалғыз ғана күн электр станциясы бар, алғашқы жел электростанциясының құрылысы әлі жалғасуда. 2025 жылға дейін Үкімет жаңғыртылатын энергетиканы дамыту бойынша 810 инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, жалпы сомасы 5,3 миллиард доллар.

Ресми болжамға қарағанда, 2013 жылмен салыстырғанда, 2030 жылдың соңына қарай Өзбекстанда энергоресурстарға сұраныс 25,5%-ға артады екен. Артық электр энергиясы туралы айтудың өзі қиын: 2016 жылдың соңында Самарқан, Ташкент, Бұқара халқы айтарлықтай электр тапшылығын көрген. Ел үкіметі «төлем тәртібін» жөнге келтіріп, мүмкіндігінше электр желілерін оңтайландыруды көздеп отыр. 2017 жылдың 16 маусымынан бастап Өзбекстан Қырғызстаннан электр энергиясын алады.

Түркіменстан

Түркіменстан, керісінше, электр энергиясын экспорттайды. Қазірдің өзінде бұл ел Иран, Түркия, Ауғанстанға энергия тасымалдайды, сонымен бірге шет мемлекеттерге электр энергиясын жеткізу көлемін бес есеге дейін арттыруды көздеп отыр. 2017 жылдың бірінші тоқсанында былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда энергия экспорттау көлемі 4%-ға артқан. Алайда, әзірге «жасыл» технологиялар туралы айтуға ерте.  Түркіменстандағы электр станцияларының барлығы дерлік жақын маңдағы газ кеніштерінен алынатын табиғи газбен жұмыс істейді, ал резерв ретінде өздерінің мұнай өңдеу зауыттарынан алынатын мазут пен дизель пайдаланылады.

Осы ретте түркімендердің өз газына деген көзқарасы ерекше екенін айта кеткен жөн. Олардың айтуынша, түркіменнің табиғи газы басқа жаңғыртылмайтын энергия тасымалдаушымен салыстырғанда қоршаған ортаға жағымсыз әсері аз болуымен ерекшеленеді. ЖЭК дегеннен бұл елде күн энергиясы бар. Түркімен ғалымдары «Күн энергиясын дамытуға арналған жол картасын» жасаумен айналысуда және қуаты зор алғашқы күн электр станциясын салу үшін орын іздеуде. Біраз уақыт бұрын Түркіменстан билігі күн панельдерін өндіруге қажетті кремний элементін экспорттайтын ниеті бар екенін де мәлімдеген болатын.

Бұдан шығатын қорытынды, Өзбекстан мен Түркіменстан жаңғыртылатын энергияны дамыту жөнінен жақын болашақта Қазақстанға тосқауыл болады деп айту қиын. Олармен салыстырғанда, Қырғызстан мен Тәжікстанның мүмкіндігі мол. Өйткені, бұл екі елде су электр станцияларынан өндірілетін электр энергиясы жетіп артылады.

Қырғызстан

Қырғызстан электр энергиясының көп бөлігін су электр станцияларынан алады. Жалпы энергия тұтыну көлемімен салыстырғанда ЖЭК бір пайызға да жетпейді. Алайда, балама энергия көздері тұтынылатын энергияның 51 пайызын өтей алатыны туралы ресми мәлімдеме жасалған. Техникалық жағынан бұның іске асу мүмкіндігі 20%, ал жақын жылдары – 5%. Дегенмен, елімізде «жасыл» энергетиканы дамытуға қатысты үкіметтік деңгейде бекітілген ешқандай жоспар жоқ, стратегия тек мәлімдеме жүзінде ғана бар.

Қырғыз елінде энергожүйенің тұрақтылығы көп жағдайда ауа райына және климаттық жағдайларға байланысты. Бір жағынан, 2025 жылға қарай мұндағы мұздықтар орта есеппен 30-40%-ға қысқарып, өзен сулары азайып, соның салдарынан электр энергиясының тапшылығы жылына 7-10%-ға артуы мүмкін. Екінші жағынан, елдегі жағдай аса алаңдарлық емес, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Тоқтоғұл су қоймасына келген су орташа көпжылдық көрсеткіштен 62%-ға артық болған. Қырғыз билігі артық энергияны Қазақстанға сату жөнінде келісімге келе алмады, ал Өзбекстан бізден гөрі икемді болып шықты (жоғарыдан қараңыз).

Тәжікстан

Тәжікстанда да дәл осындай проблема бар. Елдің Энергетика және су ресурстары министрі биылғы жазда Астанада өткен ЭКСПО көрмесіне келгенінде былай деді: Тәжікстан жыл сайын электр энергиясын қайда сатарын білмей, 250 миллион доллар жоғалтады, әсіресе, жаз кезінде энергия көп өндіріледі. Әзірге Тәжікстан үшін энергияны жіберетін жалғыз балама техникалық жол Ауғанстан болып отыр, 2016 жылы Ауғанстанға жалпы тасымалдың 92,8%-ы тиесілі болған.

Соған қарамастан, қыс кезінде Тәжікстан халқының 70%-ы электр энергиясының тапшылығын көреді, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы да айтарлықтай қиындықтарды бастан кешіреді. Бұл үкіметті электр энергиясын импорттауға және ЖЭК дамытуға мәжбүрлейді. Қазіргі кезде елде техникалық тұрғыда мүмкін және экономикалық жағынан тиімді су ресурстары қорының 4%-дан аз мөлшері мен басқа балама энергия көздерінің 1%-дан да төмен мөлшері пайдаланылады. Шағын су электр станцияларын салуға басымдық беріліп отыр, қазірдің өзінде Тәжікстанда мұндай станциялардың саны 250-ден асады. Олардың көпшілігі жеке секторға тиесілі. Ел билігі ЖЭК дамыту мәселесін кедейшілікті азайтып, шағын кәсіпкерлікті қолдаудың тәсілі ретінде қарастырып отыр.

Орталық Азия аймағындағы энергожүйеге көз жүгіртсек, Қазақстанның аймақтағы елдерге артық «жасыл» энергияны сатуы Ұлттық экономика вице-министрі Ернар Бәкенов айтқандай оңайға соға қоймайтынын аңғарамыз. Оның үстіне, артық энергияның қашан болатыны да әзірге белгісіз, өйткені Қазақстанда ЖЭК дамуы аса қарқынды емес. Сөз соңында айтарымыз, біздің ел үшін Бәкенов айтқаннан гөрі маңызды жоба бар. 2009 жылы Орталық Азия елдерінің бірыңғай энергожүйесі құлағаны белгілі, оның орталығы Өзбекстан болатын. Биылғы жылдың жазында Тәжікстан бұрынғы жүйені қайта қалпына келтіру туралы Қазақстанға ұсыныс айтты, дәлірек айтсақ, елімізге аймақтық «энергохаб» рөлін атқарып, Қырғызстан мен Тәжікстанның артылатын «экологиялық таза» әрі жасыл энергиясын солтүстік бағытқа жіберіп отыруды ұсынды.

Factcheck.kz