МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек

Үкім: Манипуляция

ҰБТ сауалдарында Баян Есентаеваның аты аталады, бірақ сұрақтың Баян Есентаеваға да, Нұртас Адамбайға да ешқандай қатысы жоқ. Сондай-ақ, алдын ала олар туралы білу керек деген де қисынға келмейді. Өйткені, «Оқу сауаттылығы» блогында мәтін беріліп, сұрақтар сол мәтінге сәйкес құрастырылған.

Соңғы уақытта көптеген бұқаралық ақпарат құралдары «биылғы мектеп бітіруші түлектер ҰБТ кезінде Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс» деген ақпарат таратты. Кейбірі, тіпті, «мектеп бітіруші түлектер енді Есентаева мен Адамбайды тануы керек» деген де ақпарат таратып жіберді.

МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот abai.kz сайтынан
МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот zhambylnews.kz сайтынан
МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот zhambylnews.kz сайтынан
МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот massaget.kz сайтынан
МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот ntk.kz сайтынан
МАНИПУЛЯЦИЯ | Биылғы мектеп бітіруші түлектер Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы білуі керек
Скриншот orken-media.kz сайтынан

Биыл ҰБТ жаңа форматпен өтеді. Оқу сауаттылығы және Математикалық сауаттылық деген екі блок бар. Оқу сауаттылығында бұқаралық ақпарат құралдарында немесе кітапта жарияланған белгілі бір мәтін беріледі де, сол мәтінге қатысты сауалдар қойылады. Мәселен, биылғы сынама тестте кинорежиссер Ермек Тұрсыновтың сұхбатынан үзінді берілген.

Ең бірінші kitap.kz сайтында жарық көріп, кейіннен интернет порталдар мен газет-журналдардың көпшілігі көшіріп басқан Ермек Тұрсыновтың сұхбатында мынадай сұрақ бар: «Режиссер ретінде өзіңізді қалай бағалайсыз? Сіздің бойыңызда режиссерлік қасиет басым ба, әлде кинодраматург ретінде мықтысыз ба?».

Бұл сұраққа кинорежиссер былай деп жауап береді:

 …Қазір кино түсіру еріккеннің ермегіне айналып кетті. Жақсы кино көргенде адам қуануы керек. Ал қазіргі біздің киноларды көргенде қуана алмайсың. Өйткені, деңгей түсіп кетті. Еліктеу көп. Өз ойымыз жоқ. Жұртты күлдіргіміз келеді. Күлкінің өзі де түкке тұрмайтын болып шығады. Ойсыз. Күлкінің өзінің ар жағында ой болуы керек. Ал қазіргі кинолардағы күлкі – «аха-ха, иха-ха». Бұл дүниелер, яғни соңғы жылдары кино деп түсіріліп, кино ретінде көрсетіліп жүрген дүниелер – кино емес. Баян Есентаева, Нұртас Адамбайлардың түсіріп жүргендері кино деуге келмейді. Мейлі ғой, түсіре берсін. Бірақ, басын ашып алу керек, олардікі ешқандай да кино емес. Басқа нәрсе. Жанрын өзгерту керек шығар, бәлкім. Бұлардың ең басты ойы – ақша жинау. Ал нағыз өнер адамы ақша үшін жазбайды. Мұхтар Әуезов Абайды ақша үшін жазған жоқ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтар ақшаның құнын білетін, бірақ ақша үшін жазбайтын. Ал қазіргілер о бастан-ақ ақшаны бірінші орынға қояды. Қазіргі кинолардың кино дегеннен гөрі бизнес жобаға келетіні сондықтан болса керек. Киноның аты да өзгерді қазір. Кино түсіруге бел будың ба, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілесің, үлкен дайындықпен кірісесің. Басында қорқасың. Ылғи сол. Ал кино біткеннен кейін ауырасың. Өзім әр кинодан кейін 3-4 айдай ауырамын (барлығы 500 сөз). 

Осы үзіндіге орай бөлек-бөлек сегіз сұрақ берілген. Ол сұрақтардың әрқайсысының бес-бестен жауабы бар. Соның ішінде біреуі мынадай:

Сұхбат қандай мақсатпен алынды?

A) Ермек Тұрсыновтың кино туралы ойын білу үшін
B) Ермек Тұрсыновтың фильмдерін жарнамалау үшін
C) Ермек Тұрсыновты таныстыру үшін
D) Отандық фильмдерге талдау жасау үшін
E) Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға сын айтқызу үшін

Сұхбаттың сілтемесі: http://kitap.kz/suqbat/entry/ermek-t-rsynov-kinodramaturg-rezhisser-b-dan-kejin-kino-t-siremin-be-zho-pa-bilmejmin

Иә, тест сұрақтары мен жауап нұсқасында Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайдың аты-жөні аталады. Бірақ, «ҰБТ-да Баян Есентаева мен Нұртас Адамбай туралы сұрақтар бар» деген – асыра айтылған манипуляция.

 

Factcheck.kz