МАНИПУЛЯЦИЯ | Алматыдағы Ботаника бағы жекеменшікке берілмейді

Ботаника бағы мен Баум тоғайының жекеменшікке берілуіне қатысты мұндай мәлімдемені 2016 жылдың наурыз айында Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыс басқармасының жетекшісі Тимур Дүйсенғалиев жасаған болатын. Шенеунік әкімдікте осындай мүмкіндік қарастырылып жатқанын айтқан «жасылдардың» мәлімдемесін жоққа шығарды.

ҮКІМ: Манипуляция

Ботаника бағының учаскесін алуға қатысты ресми құжат болмағанымен, бақ аумағында Заманауи өнер музейін салу жобасын әкімдік әлдеқашан мақұлдаған. Ал 2016 жылдың 5 желтоқсанында Дүйсенғалиев мырза мемлекеттік қызметтен бизнеске кетті.

Яғни, әкімдік айрықша қорғаудағы аймақтың бір бөлігін конкурс негізінде инвесторларға беруге қарсы емес:

Егер бас жоспар жасалса, бизнестің қатысын жоққа шығаруға болмайды. Бұны өркениетті саясат десек те болады. Мысалы, ботаника бағының аумағында әртүрлі кешенді бақтар жасауға болады. Ағылшын бағының бөлшегі, жапон бағының бір бөлшегі етіп жасау үшін инвестиция керек. Егер бақтың мәртебесіне нұқсан келмейтіндей болса, инвесторлар қаламыздағы осы бір тамаша орынға инвестиция саламыз десе, неліктен рұқсат бермеске? Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде бар

–деді Тимур Дүйсенғалиев Today.kz сайтына берген сұхбатында.

«Әл-Фараби даңғылынан солға және Есентай өзенінің батысына қарай» деп жоспарланған Заманауи өнер мұражайының жобасын жасауға конкурс құжаттары 2016 жылдың 1 маусымына дейін қабылданған. Конкурс нәтижесі жарияланбаған, бірақ ауданы 2,17 га жобаның бастапқы нобайын ағылшынның Lord компаниясы Алматы қала құрылысы кеңесінің отырысында ұсынып үлгерген (олармен келісім-шартқа белгілі бизнесмен Сержан Жұмашов қол қойған).

2009 жылы Алматы әкімдігі Ботаника бағының бір бөлігін Байзақов және Манас көшелерін тесіп өту үшін пайдалануға әрекет жасаған болатын. Ол кезде Ботаника бағы Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болатын, министрлік «ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 10 қарашадағы қаулысына сәйкес Бас ботаника бағы «Республикалық деңгейдегі айрықша қорғалатын табиғи аумаққа» жататындықтан, әрі «Айрықша қорғаудағы табиғи аумақтар туралы» ҚР заңының 23-бабының 2-тармағына сәйкес айрықша қорғаудағы табиғат аумағын алуға, сондай-ақ оларды жердің басқа категориясына жатқызуға жол берілмейтінін айтқан. Алайда, қазіргі уақытта бұл нормативтік-құқықтық акті мұрағат құжаттары қатарында.

Ботаника бағының ресми сайтында 2006 жылғы 7 шілдедегі №175-ІІІ «Айрықша қорғаудағы табиғи аумақтар туралы» ҚР заңы және ҚР Үкіметі 2005 жылғы 19 шілдеде бекіткен №776 «Республикалық деңгейдегі айрықша қорғалатын табиғи аумақ тізіміне» сәйкес, ҚР БҒМ ҒК «Ботаника және фитоинтродукция» РМК Бас ботаника бағы, оның филиалы болып есептелетін Жезқазған және Іле ботаника бақтарына республикалық деңгейдегі айрықша қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілген.

Ботаника және фитоинтродукция» РМК бас директоры Гүлнара Ситпаева 2016 жылдың қазан айында жобаны Бас ботаника бағының дамуы жөніндегі қоғамдық қор қаржыландыратынын айтқан.

Электронды үкімет сайтынан алынған анықтамаға сәйкес, бұл қордың құрылтайшыларының бірі Сержан Сейітұлы Жұмашов, оның иелігіндегі мүлік (Esentai Mall) баққа жақын маңда орналасқан.

Сондай-ақ, Сержан Жұмашовтың 2012 жылдың 18 желтоқсанында, яғни әкімдік Ботаника бағының аумағында Заманауи өнер музейін орналастыру жөнінде шешім қабылдағанға дейін құрылған «Museum of Modern Art» жобасына да қатысы бар.

Factcheck.kz