Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф

Қаңғыбас ит-мысықтар мен мемлекеттің олармен күрес шаралары қоғамда ұдайы қызу пікірталас тудырады. Адамдарға қауіп тудыратындықтан, бір топ қаңғыбас иттердің көзін жою бағдарламасын толықтай қолдаса, енді біреулер, керісінше, қаңғыбас иттердің көзін жойғанмен мәселе шешілмейді деп біледі. Соңғылары адамға қаңғыбас иттен гөрі тұқымы ерекше, арнайы жаттықтырылған иттер қауіпті деген пікірде.

Соңғы оқиғалардан мысал келтірсек, Алматыдағы жануарларды аулау кезіндегі хаскидің өлімі мен «Астана ветсервистегі» иттердің жаппай өлімі туралы хабарламаның әлеуметтік желіде таралуы тағы да талас-тартысқа арқау болды. Қаңғыбас жануарлармен күресудің қазіргі тәсілінің дұрыс-бұрыстығы тағы да талқыға түсті.

Тақырыпқа орай түрлі қауесет те, аңызға бергісіз әңгіме де тарады. Factcheck.kz олардың рас-өтірігін тексеріп көрген еді.

№1 миф. Ит аулағыштар жануарларға пана тауып береді

Жалған. Ит аулағыштарды шақыратындар жануарларды ұстаған соң арнайы паналайтын орынға апарады, сол жерде оларға күтім жасайды деп ойлайды, шын мәнінде олай емес. 

Ит аулаушылар жануарларды арнайы паналайтын орынға апарады деуге болмайды. Ит аулаушылар деп жүргеніміз – «Қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау изоляторы». Олар қаңғыбас жануарлардың санын азайту мақсатымен оларды ұстап, көзін жоюмен айналысады.

Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңы мен Жергілікті атқарушы органдар жасаған «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және көзін жою ережесіне» сәйкес, көптеген қалаларда ауланған жануарлар изоляторда бірнеше күн болады. Белгілі бір мерзім аяқталғаннан кейін қажетсіз деп табылған жануарлардың көзі жойылады. Мысалы, Астана қаласының ережесі бойынша, изоляторға түскен жануардың үш күндік қана уақыты бар.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот http://adilet.zan.kz сайтынан

«Изоляторларда жануарлардың ұзақ мерзімге қалуына жол берілмейді, қажет болған жағдайда оларға ветеринарлық көмек те көрсетілмейді, ол жерде жануарлардың толық бейімделуін де күтпейді, бұл олардың қызметіне кірмейді», – дейді қазақстандық жануарларды қорғаушы, алматылық «Мейірімді қала» жобасының қатысушысы Юлия Коваленко.

Иесіз жануарларға арналған пана мен оларды аулау қызметінің ең басты айырмасы да осы, олардың жануарларға қатысты мақсаттары бөлек.

Жануарлар үйі – иесіз, жоғалған және тастап кеткен жануарлардың паналайтын орны, оның негізгі төрт қызметі мынадай:

  • оларға жедел көмек көрсетіп, соның ішінде қиналғандарына ветеринарлық көмек жасап, қамқорлық таныту;
  • өз қожайыны дереу табылмаған және жаңа қожайын табылмаған жануарларға ұзақ уақыт қамқорлық көрсету;
  • жоғалып кеткен үй жануарының иесін табуына күш салу;
  • иесіз жануарды паналататын жаңа орын немесе жаңа қожайын іздеу.

Көрнекілік үшін: алғашқы екі сурет Алматыдағы қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау изоляторынан, ал төмендегі суреттер Сочи қаласындағы иесіз жануарлардың панасы.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Фото informburo.kz сайтынан
Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Фото livekuban.ru сайтынан

№2 миф. Ауланған жануарларға мемлекет қамқорлық көрсетеді

Жартылай шындық.

Иесіз иттерді аулау, тасымалдау, ұстау (үш күн бойы) және ұйықтатуға қала бюджетінен бөлінген қаржы есебінен жүзеге асады. Ал жануарларға көмек көрсету бағытындағы шаруалардың бәрін еріктілер өз қалауымен атқарады.

Ит аулайтын қызметкерлердің міндетіне оларды серуендету, емдеу кірмейді.

Бұл сөзімізге Астана қаласындағы қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау ережесі дәлел бола алады.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот http://adilet.zan.kz сайтынан

Басқа қалалардағы жағдай да осыған ұқсас.

№3 миф. Жануарлардың көзін жоюдың гуманистік әдісі пайдаланылады

Жалған. Қазақстанның кейбір қалаларында әлі күнге дейін ату әдісі пайдаланылады.

Жоғарыда айтқанымыздай, қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау және олардың көзін жою ережесін жергілікті атқарушы органдар жасайды, сондықтан ол әр қалада әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, Астана қаласындағы ережеге сәйкес, жануарларды жансыздандыру дәрі-дәрмекті қолдана отырып жүзеге асады.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот http://adilet.zan.kz сайтынан

Ал Атырау облысында міндетті түрде дәрі беріп ұйықтату ережеде көрсетілмеген.

Заң бойынша жануарларды ұйықтату міндеттелмейтіндіктен, оларды ату кезінде жантүршіктірер жағдайлар да болып жатады.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот informburo.kz сайтынан
Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот informburo.kz сайтынан

№4 миф. Қаңғыбас иттер өте қауіпті

Жартылай шындық. Үсті-басы кір, екпе салынбаған және қабаған қаңғыбас иттер шынында да адам баласына қауіп төндіруі мүмкін, алайда иесіз иттердің бәрі бірдей қабаған емес.

«Иттердің қайбір жағдайларда қауіп тудыратынын бәріміз жақсы білеміз. Иесіз иттер қорқақ келетіндіктен, қауіпті болып көрінуі мүмкін. Сондай-ақ, екпе салынбаған болса, ауру тасымалдауы мүмкін», – дейді Юлия Коваленко.

Сонымен қатар, ол қалада айналасына ешқандай қауіп тудырмайтын, бейімделіп кеткен ит-мысықтар да көп екенін жоққа шығармайды.

Қаңғыбас иттерді адамдар үйретіп алатын жағдайлар да көп кездеседі. Тамағын әкеп беріп жүргеннен кейін ит те үйренеді, жалғыз болса одан аса қауіп те жоқ.  Егер ит адамнан қамқорлық көрсе, досына айналады, бар жақсы қасиетін көрсетеді. 

Адамнан өзіне зиян келмейтінін түсінсе, ит жайлы болады, еркелейді, алдынан жүгіріп шығады. Көп жағдайда тамағын беріп жүрген адамға жақын болып кетеді. Әлбетте, көшедегі итті асырап алмас бұрын міндетті түрде ветеринар дәрігердің тексеруінен өткізу керек,

— дейді жануарларды қорғаушы.

Юлияның айтуынша, ит аулау кезінде көбінесе осылай адамға үйренген иттер ұсталып кетеді. Өйткені, адамға жоламайтын, жабайы иттерді ұстау да оңай емес, өйткені олар адамның қарасы көрінген бетте қашып кетеді. Мұндай иттер көбіне қала сыртын мекендеп, тамағын да сол жақтан тауып жейді.

«Біздің қаладағы иттерді адамға үйренген деп айтуға болады, жұрт тамақ әкеліп беріп жүргеннен кейін олар адамға сенгіш келеді, ит аулау кезінде тұзаққа түсіп қалатындар да көбіне осындай иттер. Өйткені, оларды ұстау оңай. Өкінішке қарай, оларды қорғайтын иесі жоқ, бар болғаны оларға тамақ беретіндер ғана бар, сондықтан оларды қорғап қалу да қиын. Мұндай жануарлардың қала көшелерін мекендеуге хақысы жоқ, сондықтан біз адамға үйренген иттерді аулауға қарсылық білдіреміз, олардан адамға қауіп жоқ», – дейді «Мейірімді қаланың» белсендісі.

№5 миф. Аулаушылар үй күшіктері мен мысықтарына тиіспейді

Жалған. Уақытша ұстау изоляторына қараусыз қалған ит-мысықтардың барлығы да жеткізіледі.

Алматы және басқа да қалалардағы қаңғыбас ит-мысықтарды ұстау және көзін жою ережесіне сәйкес:

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Скриншот http://adilet.zan.kz сайтынан

Иесін анықтау мүмкін болмаған, иесінен қашып кеткен, иесінің немесе басқа да жауапты адамның бақылауынсыз жүрген ит-мысықтардың бәрі де қаңғыбас деп танылады.

Бұл сөзімізге изоляторда қамауда тұрған асыл тұқымды, күтімі бар екені көрініп тұрған, мойнында қарғыбауы жүрген иттердің суреті мен мен жуырда Алматыдағы изоляторда ит аулаушылардың кесірінен өлген хаскидің жағдайы да дәлел бола алады.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
«Астана ветсервис» аумағында түсірілген сурет

Итіңіз бен мысығыңызды ұстап әкетпес үшін жануарларды қорғаушылар қарапайым ережелерді естен шығармауды ұсынады:

  • Қоғамдық орында итті тек шынжырмен қыдырту;
  • Ауладан қашып кетуі мүмкін екенін ескере отырып, жануардың өз бетінше серуендеуіне жол бермеу;
  • Иттің қарғыбауына иесінің телефон нөмірлері жазылған жетон немесе бирка іліп қою;
  • Егер ит-мысықтың тұқымын алып қалу маңызды болмаса, оны піштіріп тастау. Өйткені, піштірілген ит-мысықтардың жыныстық белсенділігі төмен, ал қашып кету қаупі аз болады. Алматы қаласында мұндай операцияны мемлекеттік бағдарлама бойынша тегін жасауға болады.

№6 миф. Астанадағы ауланған иттер торда тұрып аштан өліп жатыр

Жартылай шындық. Иттер жансыздандырғанға дейін өліп қалатын жағдайлар да кездеседі, алайда, аштан қиналып өліп жатыр деуге болмайды.

«Астана ветсервис» шаруашылық басқару құқығындағы МҚК торда өліп қалған жануарлар туралы ақпар таратуға мүдделі емес, алайда еріктілер тірі иттің қасында өліп жатқан иттерді суретке түсіріп алған екен.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Фото әлеуметтік желіден алынды

Суреттің шын мәнінде Астананың изоляторынан түсірілгенін тексеру үшін біз онда арнайы барып, суреттегі торды тауып алдық.

Қазақстандағы қаңғыбас иттер туралы 8 миф
Фото factcheck.kz

Біз барған уақытта тордың іші тазаланып, бос тұр екен. Еріктілер түсірген сурет пен біз тапқан тордың бір жер екенін көзбен-ақ аңғаруға болады. Сырт көрінісінің көп өзгере қоймағанына қарап, өлген иттердің мұнда жуық арада жатқанын да болжауға болады.

Өкініштісі, жануарлардың өлімінің себебін анықтау қиынға соғады. Жануарларды қорғаушы белсенділердің айтуынша, иттер көшеде жұқтырған немесе изолятордағы басқа иттерден жұқтырған аурудан өлген болуы мүмкін, өйткені олардың деніне екпе салынбаған.

№7 миф. Қараусыз жануарлардың көбеюімен күрестің жалғыз жолы – аулау және көзін жою

Жалған. Әлемдік тәжірибеде үйсіз ит-мысықтардың көбеюіне бақылау жасаудың көптеген гуманистік тәсілі бар.

«Шындығында иесіз жануарлар мәселесі дәл біздегідей өзекті елдер өте көп. Біз үнемі Түркияны мысалға келтіреміз, бұл елде иесіз жануарлардың мәселесін біржақты етіп қойған: оларды ұстап, арнайы чип орнатып қояды, піштіріп, екпе салып, құлағына белгілі бір бирканы іледі де, емін-еркін жібереді. Құлағындағы биркасы бұл жануарлардан адамға ешқандай қауіп жоқ екенінен хабар береді. Ең бастысы, Түркияның халқының өзі бұған оң қарайды, ал бізде жауапкершілігін сезінбей, ит аулағыштарды шақыра салатын тұрғындар көп», – дейді Юлия Коваленко.

Жануарларды қорғаушы Германияда піштірілмеген жануарлар үшін салық салынатынын айтады. Егер оларды көбейтумен айналыспасаңыз және белгілі бір лицензияңыз болмаса, піштіруге міндеттісіз. Егер піштірмесеңіз, салық төлейсіз. Бұл да қарымта шараның бірі, нәтижесіз де емес.

Барлығы кереметтей жолға қойылған және толығымен жұмыс істеп тұрған бірде-бір ел жоқ, сондықтан жануарларды қорғаушылар Қазақстан да басқа елдердің озық тәжірибесі мен әдісін есепке ала отырып, өз жолын таңдауы керектігін айтады. Бұл кешенді бағдарлама болуы тиіс, онда жануарлар паналайтын мемлекеттік орындар да, оларды піштіру бағдарламасы да болуы керек. Бір қадаммен шешіле салатын мәселе емес, үлкен бағдарлама. Және ол қолданылуы керек.

№8 миф. Жағдай қиын. Мемлекет қаңғыбас иттерге қатысты ештеңе істеп отырған жоқ

Жалған. Соңғы уақытта жергілікті жердегі қала басшыларының иесіз ит-мысықтарға көзқарасы өзгеріп келеді деуге болады.

Бұл көбіне-көп иесіз иттермен күрес шараларына қарсылық білдіретін қоғам белсенділерінің әрекетімен байланысты.

Мәселен, Алматыда былтыр үй жануарларын піштіру және оларға чип тағу бағдарламасы басталды.

Алматы қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасындағылар әлемдік тәжірибеде иесіз жануарлардың бейберекет көбеймеуін қадағалап, олардың санына бақылау жасап отыру үшін мұндай шаралар баяғыдан қолға алынғанын айтады.

Басқармадағылардың айтуынша, чип орнату бағдарламасы Алматыдағы үй мысықтары мен иттерінің санын анықтау үшін қолға алынып отыр (бұған дейін қаладағы жануарлардың саны есепке алынбаған). Жақын арада арнайы мәліметтер базасы жасалмақ.

Сонымен қатар, Алматы қаласында мемлекет пен жекеменшіктің қатысуымен жануарлар паналайтын орын ашу мәселесі талқылануда.

Ал Астанада, әкімдіктегілердің айтуынша, жануарларды аулау және оларды ұстау ережесі өзгеруде: тұзаққа түскен жануарларды ұстау уақыты 3 күннен 60 күнге дейін ұзартылған, аулау қызметіндегілерге иесіз жануарларды басқа адамдарға беруге рұқсат етілген, еріктілер аулау қызметінің базасына еркін жіберіледі. Алғаш рет жергілікті бюджеттен ит-мысықтарды піштіруге қаражат бөлініп, оларға арнайы үйшік алу қарастырылған.

Мемлекет пен жекеменшіктің қатысуымен Астана қаласында қаңғыбас жануарларға арналған мемлекеттік пана ашылмақ.

Жануарларды қорғаушылар мемлекет тарапынан мұндай шаралардың қолға алуын алға жылжудың басы деп біледі. Дегенмен, елдегі қаңғыбас ит-мысықтың мәселесін шешу үшін бүкіл аймаққа ортақ бір бағдарлама жасау керек деп біледі. Үйсіз жануарларды басқалардың асырап алуын көбірек насихаттап, үй жануарларын піштіретін болса, иесіз қалған ит-мысықтардың көзін жою мәселесі өз-өзінен шешіледі.

Аударған Жұлдыз Әбділда

Factcheck.kz