МАНИПУЛЯЦИЯ | Қазақстанда мұғалімдердің 70%-ы өз пәнін жетік білмейді

“Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинова  Ақтөбеде БҚО және Ақтөбе облысынан келген жетекші мектептердің форумы барысында қазіргі мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне тоқталып, Назарбаев зияткерлік мектебінің іріктеу тестіне 7000 мұғалім қатысқанын, олардың көпшілігінің білімінің төмен екенін айтады.

Үкім: Манипуляция

“Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ басқарма төрайымы К.Шамшидинованың сөзін жоққа шығармаймыз. Осы оқу орнында тестілеуден өткен педагог мамандардың 70%-ы өз пәндерін жетік білмеуі мүмкін, алайда бұл Қазақстандағы орта мектепте сабақ беретін мұғалімдердің басым бөлігінің біліктілігінің төмендігін білдірмейді. Сайттарда осы жөнінде жарияланған материалдардың тақырыбы мақалаға сенсациялық сипат беру үшін контекстен жұлынған мәліметтер негізінде құрылған.

«Мұғалімдердің тек 5 пайызы ғана өз пәнінен 25 сұрақтың бәріне жауап бере алады. 70 пайызға жуығы 13 балл жинай алмады», – дейді Шамшидинова. Осы сөйлемдерге сүйеніп бірқатар ақпараттық сайттар қазақстандық мұғалімдердің біліктілік деңгейін тақырыпқа арқау етті (Қазақстанда өз пәнінен тест тапсырған мектеп мұғалімдерінің 70%-ы төмен балл жинаған70% учителей завалили тесты по собственному предмету, Глава НИШ: Тесты по собственному предмету завалили 70% учителейТесты по собственному предмету завалили 70% учителей). Бұл мақалалардың отандық педагог мамандардың намысына тиюі заңды. Facebook әлеуметтік желісінде USTAZ Кәсіби Жетілдіру Орталығының директоры Нұрлан Иманғалиев “қазақстандық білім беру жүйесінде проблема бары анық, алайда бұл мақала бізді жаңсақ пікірге әкелмеуі тиіс. Жарияланым мұғалімдердің жанды жеріне тиді” деп жазды өз парақшасында.

МАНИПУЛЯЦИЯ | Қазақстанда мұғалімдердің 70%-ы өз пәнін жетік білмейді
Скриншот stan.kz сайтынан

Өкінішке қарай, материалды тексеру барысында жарияланған пікір авторы К.Шамшидинова ханымның жұмысбастылығына байланысты өзінен мән-жайды анықтау мүмкін болмады (көмекшісінің айтуы бойынша). Қазақстандық мұғалімдердің біліктілік деңгейінің сынына қатысты БҒМ баспасөз қызметінің маманы Ғанибет Ғалымбекұлы “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Білім және ғылым министрлігінің құзырына жатпайтынын, ал қазақстандық мұғалімдердің біліктілік деңгейін бағалайтын жалпы республикалық тестілеу жүргізілмегенін айтты. Сонымен қоса, пән бойынша дәріс беретін мұғалімдер саны 274 757  адам (қала бойынша – 109 613, ауыл бойынша– 165 144). Олардың ішінде жоғары білімі бар – 249 862 (90,9 %); орташа кәсіптік білімі бар – 24 767 (9%); орта білімі бар – 128 (0,%5) адам. Біліктілік санаттары бойынша: жоғары санатты мұғалімдер – 56 195 (20,5 %); бірінші санаттағы мұғалімдер –  83 250 (30,3%); екінші санаттағы мұғалімдер – 71 573 (26%) және санаты жоқ мұғалімдер – 63 739 (23,2%). Белгілі санатқа ие болу үшін педагог мамандар өз пәні ғана емес, педагогикалық білімі бойынша бірқатар сынақтардан өтетінін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің сайтындағы мәліметтер бойынша күндізгі жалпы білім беретін мектептердегі оқытушылар саны – 318 197.

МАНИПУЛЯЦИЯ | Қазақстанда мұғалімдердің 70%-ы өз пәнін жетік білмейді
Скриншот stat.gov.kz сайтынан

Енді есептеп көрейік, 7 мың мұғалімнің 70%-ы – 4900 мұғалім. Бұл –Қазақстанның орта мектептерінде білім беретін барлық мұғалімнің 1,5%-ы.  Демек, тақырып мақалаға сенсациялық сипат беру үшін контексттен жұлынған мәліметтер негізінде құрылған.

 

Factcheck.kz