Жалған, асыра сілтеу немесе Вьетнамның экспортына қатысты жалған сараптама

17 сәуірде Bloomberg Қытай АҚШ-ты ығыстырып, Вьетнамның ең ірі экспорт нарығына айналғанын хабарлады. Ақпарат агенттігі келтірген және Халықаралық валюта қоры санаған мәліметтерге қарағанда, 2017 жылы Вьетнамның Қытайға экспорт көлемі  – 50,6 миллиард доллар, ал АҚШ-қа экспорты 46,5 миллиард доллар болған.

Егер бұл сан рас болса, онда Вьетнам, Қытай және АҚШ арасындағы үшжақты қарым-қатынаста елеулі өзгеріс болып жатыр деген сөз. Bloomberg мұны әлемнің екінші ірі экономикасы АҚШ-есебінен “аймақтағы ықпалын арттыруға тырысып жатыр” деп нақты сипаттады.

Бірақ, саудаға қатысты сандар толық жағдайды баяндамайды, зер сала оқысақ, бұл сандар тіпті қате болып шығуы мүмкін.

Вьетнамның сауда мәліметтерін қадағалайтын Вьетнам кедендік қызметі бас басқармасының алдын ала статистикасына қарағанда, былтыр АҚШ-қа экспорт 41,6 миллиард, ал Қытайға 35,5 миллиард доллар болған.

Яғни, Вьетнамның есебі бойынша, АҚШ – елдің ең басты экспорт нарығы рөлін сақтап отыр, және 17 пайыздық артық шама 2018 жылдың алғашқы үш айында тұрақты түрде сақталды. Бұған қоса Вьетнам кеден қызметі елдің тарихи сауда байланыстары ешқандай өзгеріске ұшырамағанын айтты. Яғни, Қытаймен арада үлкен сауда дефициті болса, АҚШ-қа керісінше шамадан тыс тауар экспортталып жатыр.

Сонымен, ресми мәлімет пен ХВҚ есебінің артасындағы бұл айырмашылық нені білдіреді?

Мұның бір сыры әдістемеде болуы мүмкін, яғни ХВҚ мен Вьетнам кедендік қызметі жалпы есепті шығару үшін әртүрлі формулаларды қолданған болуы ықтимал. Бірақ 15,1 миллиард доллар айырмашылық шығуы мүмкін емес. Екінші себеп – ХВҚ мәліметтерді тек қана Қытай өкіметінен алған болуы ықтимал. Бұған да дәлел болар нәрсе жоқ.

Үшінші, іс жүзінде дәлелдеу мүмкін емес болса да, ең нанымды теория – екі тарап та өз сөздерін дәлелдеу үшін жылдық және айлық сауда мәліметтерімен манипуляция жасап отырған болуы мүмкін.

Вьетнам үшін экспорт деңгейінің төмендігі туралы мәлімет үкіметтің Қытай нарығына ұмтылу әрекетіне көмектескен болар еді. Екі арадағы ұзақтан қалыптасқан сауда дефициті кесірінен Вьетнам басшылығы Қытайдағы әріптестерін Вьетнамнан көбірек тауар қабылдауға көндіре алмай келеді. Вьетнам кеден қызметі таратқан сандар осы мақсатқа жетуге көмектеседі, не тым болмаса оған кесірін тигізбейді.

Ал Қытай үшін Вьетнамнан келетін импортты ұлғайтып көрсету елдің әлгі ұмтылысын бәсеңдетуге, Вьетнам басшылығына “сіздің елдің экономикасы үшін Қытайдың маңызы өте зор” деп ескертуге жәрдемдеседі. Сауда айналымының жоғары көрсеткіші Вьетнамды достық негіздегі екіжақты қарым-қатынасты дамытып, аймақтық қауіпсіздікке, соның ішінде Оңтүстік Қытай теңізі дауына қатысты ұстанымын жұмсартуға көндірер еді.

Әрине, Трамп әкімшілігінің протекционистік сауда саясаты бұл болжамның бәрін жоққа шығарары анық. Вьетнамның Қытаймен арадағы сауда көлемі ұлғайып, биыл  100 миллиард долларға жетіп қалатын болса, АҚШ-тың томаға-тұйық саясатының кесірінен бұл елмен арадағы сауда қарым-қатынасы нашарлап барады. Вьетнамнан теңіз тағамы мен болат тасымалдайтын басты экспортшылары қазірдің өзінде АҚШ енгізген жаңа тарифтерден зардап шегіп отыр. Ендігі кезекте мата өнімдері сияқты салалар жапа шегуі мүмкін. АҚШ Транс-Тынық мұхит әріптестігі келісімінен шыққандықтан, екіжақты сауда бұдан әрі нашарлай түспек.

Осы тенденция жалғаса берсе, сенімділігі күмән тудырып тұрған ХВҚ сараптамасы күндердің күнінде шындыққа айналуы мүмкін. Ұзақ уақыттан бері Вьетнамның ең ірі импорт көзі болып келе жатқан Қытай енді АҚШ-ты ығыстырып, бұл елдің экспорттағы басты әріптесіне айналса, Вьетнам екі ірі держава арасында тайқыма саясат жүргізе алмай қалуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда Вьетнамның экономикалық кемшіліктерін ешқандай “креативті сараптама” бүркемелей алмақ емес.

Le Hong HiepЛа Хонг Хип – Сингапурдағы Юсоф Исхак институтының (ISEAS) ғылыми зерттеушісі, “Алыппен көрші өмір сүру, “Дой мой” кезіндегі Вьетнамның Қытаймен экономикалық қарым-қатынасының саяси экономикасы” (Living Next to the Giant: The Political Economy of Vietnam’s Relations With China Under Doi Moi) кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz