Иегова Куәгерлері туралы 12 миф

    2017 жылдың сәуір айында жаңалықтар таспасын «жарған» бір сенсация болды: Ресейде Иегова куәгерлеріне тыйым салынды! Естеріңізге сала кетсек, РФ Жоғарғы соты Әділет министрлігінің арызы негізінде «Ресейдегі Иегова куәгерлері» басқарушы орталығын экстремистік ұйым деп таныды. Біз «экстремизмнің» ресейлік анықтамасын талдаудан немесе сынаудан аулақпыз, себебі мұндай мәселелер заң тәртібімен шешілуі керек. Дегенмен, Нәсілшілдікке және төзімсіздікке қарсы Еуропалық комиссияның бұл анықтаманы қайта қарау жөнінде ұсыныс жасағанын, ол тек жеккөрушілік және зорлықпен байланысты жағдайларда ғана қарастырылуы керектігін айтқанын естен шығармаған жөн. Factcheck.kz негізгі міндеті медиасауаттылықты дамыту болғандықтан, біз эксперттер пікірі мен ашық дерек көздеріндегі статистикаға сүйене отырып, бұл діни ұйым мен оның жақтаушылары туралы көзқарастар мен пікірлерді контексте қарастырып көрмекпіз.

    1.Иегова куәгерлері – тоталитарлық секта

    Өтірік. Заң ғылымдарының докторы, Каспий қоғамдық университетінің профессоры Роман Подопригораның комментарийі:   «Тоталитарлық секта деген – заң термині емес, дұрысы, Қазақстанда солай. Бұл терминді дінтанушылар, әлеуметтанушылар, саясаткерлер, шенеуніктер, сектатанушылар және т.б. қолданады. Еуропа елдері заңнамасына осындай түсінік енгізуге әрекеттенген (иә, «тоталитарлық секта» емес, «секта» болар), бірақ артынан қандай да бір ұйымды секта деп атайтын белгілерді анықтау қиын болатынын түсінді. Тіркеу туралы куәлігі ұйымды заңды тұлға ретінде мемлекет мойындағанын және оның Қазақстан аумағында әрекет етуге құқылы екенін көрсетеді (тіркелмеген діни бірлестіктердің мұндай құқығы жоқ). Тоталитарлық сектаның белгілеріне күш көрсету және психикалық қысым, отбасынан ажырату, алдау, мемлекет құрылысы мен мемлекеттік рәміздерге деген кері көзқарас, тұлғаға бақылау жасау және тағы басқа белгілер жатады, қызметінде осындай белгілері бар екені анықталған ұйымдар қайта тіркеуден өтпейді, себебі:

    • Тіркеуге өткізетін құжаттарда некеге және отбасына, қатысушылардың (мүшелердің) денсаулығына қатысты көзқарасы, қатысушылардың (мүшелердің) конституциялық құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысты көзқарасы көрсетілуі керек – 2011 жылғы 11 қазандағы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 16-бабының 3-тармағы. Осыған сай, мемлекеттік органдар діни бірлестік құру туралы бастама көтерушілердің барлық ұсынған құжатын заң талаптарының сәйкестігіне тексереді.
    • Тіркеуге өтініш білдірген әр үміткер бойынша дінтану тұрғысындағы экспертиза жүргізіледі. Соған сай, егер сарапшылар ұйымнан жоғарыдағы жоспар бойынша кілтипан тапса, экспертиза қорытындысы теріс болады, мемлекеттік тіркеуге де жіберілмейді».
    Гонения на Свидетелей Иеговы
    «Иегова куәгерлері христиан орталығы» аймақтық діни бірлестігінің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі.
    Редакцияның ескертпесі. Иегова куәгерлерінің алғашқы қауымы Қазақстанда 1992 жылы тіркелген. 2012-2013 жылдары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңның талаптарына сәйкес, Иегова куәгерлері діни бірлестігі Қазақстандағы барлық облыс орталықтарында облыстық әділет басқармаларында, сондай-ақ, ҚР Әділет министрлігінде қайта тіркелді.

    2. Иегова куәгерлеріне Еуропа мен АҚШ-та тыйым салынған

    Өтірік. Иегова Куәгерлері қауымы заңды негізде әлемнің көптеген елдерінде әрекет етеді.

    Заң бойынша бұл діни қауымға тек келесі елдерде ғана тыйым салынған: Ауғанстан, Алжир, Бахрейн, Бутан, Бруней, Бирма, Қытай, Джибути, Египет, Эритрея, Иран, Ирак, Иордан, Кувейт, Лаос, Ливия, Марокко, Солтүстік Корея, Оман, Катар, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, Сомали, Сирия, Тәжікстан, Тунис, Түркіменстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Вьетнам.

    Қызыл түспен Иегова куәгерлерінің қызметіне тыйым салынған немесе шектелген елдер белгіленген:

    Страны, в которых Свидетели Иеговы запрещены
    Дереккөз: https://ru.wikipedia.org

    G7 елдеріндегі Иегова Куәгерлерінің саны:

    Количество Свидетелей Иеговы в странах большой семерки
    NationMaster.com 2002 жылғы деректері

    Мұндағы Қазақстанның орны:

    На каком месте Казахстан по числу свидетелей Иеговы?
    NationMaster.com 2002 жылғы деректері

    3. Иегова куәгерлері Әскерде қызмет етуден бас тартады

    Рас. «Иегова куәгерлері христиан орталығы» (Қазақстан) баспасөз қызметінің айтуына қарағанда, Иегова куәгерлері өздерінің діни ұстанымына орай Әскерде қызмет етуден бас тартады және қолына қару ұстамайды. Сонымен қатар, бұл діни ұйымның барлық белсенді мүшелері дін қызметкері болып есептеледі, өйткені Иегова куәгерлері өздерін шіркеу қызметкері және діндар деп бөлмейді, қауымға мүше барлық адамды Құдайға сыйынушы, белсенді дін адамы деп біледі.

    Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметкерлердің мәртебесі туралы» заңының 36-бабына сай, тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметкерлері бейбіт заманда шақыру бойынша әскер қатарына алудан босатылады.

    Осылайша, бұл діни ұйымның мүшелері әскери комиссариатқа тиісті құжаттарын тапсыру арқылы әскерге шақырудан босатылады және әскери билет алады.

    Ұйымның баспасөз қызметіндегілердің айтуынша, «шұғыл әскери қызмет жүйесі бар елдерде және әскердің баламалы жүйесі бар елдерде Иегова куәгерлерінің жас мүшелері ондай қызметтен бас тартпайды».

    4. Иегова куәгерлері қан құйдырудан бас тартады, соның ішінде әңгіме өз балаларына қатысты болса да, бұл шұғыл процедурадан бас тартады

    Рас. Бірақ, заң бойынша оған толық тыйым салынбаған. Роман Подопригора былай деп түсіндіреді:

    Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сүйенеміз. 39-бапта Медициналық көмектен бас тарту құқығы туралы айтылған.

    1.Науқас немесе оның заңды өкілі осы Кодекстің 94-бабында келтірілген жайттардан басқа уақытта медициналық көмектен бас тарта алады…

    2.Кәмелетке толмаған немесе әрекет қабілеті жоқ адамның заңды өкілі сол адамның өмірін құтқаруға қажетті медициналық көмектен бас тартқан жағдайда, медицина мекемесі қамқорлық органына және (немесе) сотқа науқастың мүддесін көздеп сотқа бере алады.

    94-бап. Азаматтардың рұқсатынсыз медициналық көмек көрсету

    Азаматтардың рұқсатынсыз медициналық көмек көрсетуге келесі тұлғалар жатады:

    1) өз еркін білдіре алмайтындай шок, кома жағдайында болса;

    2) айналасына қауіп төндіретін аурулармен сырқаттанған болса;

    3) ауыр психикалық ауытқудан (аурудан) зардап шегетін болса;

    4) психикалық ауытқуы (ауруы) бар және қоғамға қауіпті әрекет жасағандар.

    2.Кәмелеттік жасқа толмағандарға және сот әрекет қабілеті жоқ деп таныған жандарға медициналық көмек көрсету үшін рұқсатты олардың заңды өкілдері береді. Заңды өкілдері болмаған жағдайда медициналық көмек көрсету туралы шешімді консилиум қабылдайды, ал консилиум жинау мүмкін болмаған жағдайда – тікелей медицина қызметкері шешім қабылдап, әрі қарай медициналық мекеменің лауазымды тұлғалары мен заңды өкілдерін хабардар етеді.

    Сонымен қатар, 91-баптың 4-тармағы бар: «Медициналық көмек ала отырып науқас өз денсаулық жағдайы туралы толыққанды ақпарат алуға, соның ішінде ықтимал қауіпті және ұсынылған және балама емдеу тәсілдерінің артықшылығын, емнен бас тартқан жағдайда оның салдары қандай болуы мүмкін екенін біле алады, диагнозы, ол туралы болжам және емдеу шаралары туралы өзіне түсінікті тілде жауап ала алады, сондай-ақ, үйге шығу немесе басқа емдеу мекемесіне ауыстыру себептерін түсіндіруді талап ете алады».

    Яғни, кез келген кәмелет жасына толған адам заң бойынша көмек көрсетуге рұқсат талап етілмейтін жағдайлардан басқа жағдайда медициналық көмектен бас тартуға құқылы. Балаларға қатысты жағдай бөлек: оларға белгілі бір шарттар сақталған жағдайда ата-анасының рұқсатынсыз да көмек көрсетіледі (93-баптың 4-тармағы, 94-баптың 2-тармағы).

    5. Иегова куәгерлері туған күндерін және кейбір күнтізбелік мейрамдарды тойламайды

    Рас. Діни ұйымның баспасөз қызметінің түсіндіруінше, Иегова куәгерлері туған күн, Жаңа жыл, Рождество және басқа да пұтқа табынудан тамыр тартатын мейрамдарды тойламайды.

    6. Иегова куәгерлері ұлттық мәдениеттің, тілдің және мұраның дамуына кедергі жасайды

    Жартылай шындық. Әдетте Иегова куәгерлерінің барлық діни әдебиеті ұйым жұмыс істейтін елдің тіліне аударылады, оның ішінде Қазақстан да бар (ұйым өкілдері берген ақпарат бойынша). Алайда, діни қауым өкілдері пұтқа табынудың кез келген түрінен басын аулақ ұстайтынын ескерсек, «мұраны» дамытпайды деуге негіз бар.

    7. Иегова куәгерлері өздерінің діни ұстанымын өзгелерге таңады

    Жалған. Роман Подопригораның түсіндірмесі:

    Егер жеке бостандығын шектеу, күш көрсету арқылы таңатын болса, бұл қылмыстық жауапкершілікке тартатын әрекеттің белгілері. Ал егер олай болмаса, Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конституциясының 20-бабы бойынша (осы мәселеге қатысты тұстары алынды):

    1.Сөз және шығармашылық бостандығына кепілдік беріледі.

    1. Әркім заңмен шектеу қойылмаған жолмен ақпарат алуға және таратуға құқылы.

    2011 жылғы 11 қазандағы Қазақстан Республикасы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 6-тармағы бойынша:Әркім діни немесе басқа сенімді ұстануға, оны таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және Қазақстан Республикасы заңнамасына сай миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.

    8. Иегова куәгерлері алкоголь пайдаланбайды

    Өтірік. Ұйымның баспасөз қызметі өкілдерінің сөзіне сүйенсек, діни қағидалар қауым мүшелеріне аздаған алкоголь тұтынуға рұқсат береді.

    9. Иегова куәгерлері балаларының көңіл көтеру шараларына баруын шектейді

    Жартылай шындық. Ұйым өкілдерінің айтуынша, «қауым мүшелерінің белгілі бір көңіл көтеру шараларына, фильм, кітап немесе ән таңдауына шектеу жоқ». Алайда, «отағасының белгілі бір билігі бар болғандықтан, отбасы мүшелеріне белгілі бір көңіл көтеру шараларына тыйым сала алады.

    10. Иегова куәгерлері сайлауда дауыс бермейді, яғни азаматтық позициясы жоқ, мемлекеттік органдар мен заңды мойындамайды

    Манипуляция. Иегова қауымдастығы өкілдерінің түсіндіруінше, ереже бойынша қауым мүшелері саяси тұрғыда бейтарап болуы тиіс, сол себептен Иегова куәгерлері сайлауда дауыс бермейді. Алайда, дауыс беруден бас тарту ол адамның азаматтық позициясы жоқтығын және заңды, мемлекетті мойындамайтынын білдірмейді.

    Діни бірлестік өкілдерінің factcheck.kz редакциясына берген ресми жауабы мынадай:

    Біз мемлекеттік билікке қысым жасамаймыз, саяси партияларға немесе жекелеген адамдарға дауыс бермейміз, мемлекеттік сайланбалы қызметке түспейміз және үкіметті ауыстыру мақсатымен ешқандай әрекет жасамаймыз. Мұндай позицияны ұстануымызға библия бойынша мықты негіз бар. Алайда, саяси бейтараптық ұстанымы «билікті мойындамау» дегенді білдірмейді. Саясат пен мемлекет бір-біріне тепе-тең ұғым емес. Иегова куәгерлерінің кейбірі саясатпен байланысы жоқ мемлекеттік қызмет атқара алады. Біз заңға бағынамыз, салық төлейміз және биліктің азаматтардың лайықты өмір сүруі үшін жасайтын қамқорлығын қолдаймыз. Мемлекеттік төңкеріс жасауға қатыспаймыз, бірақ библияның бұйыруымен «патшалар және барлық жоғары лауазымдылар үшін» дұға етеміз. Әсіресе, олар ғибадат етуге қатысты шешім қабылдаған уақытта.

    Сондай-ақ, ұйымның баспасөз қызметі діни қауым мүшелерінің қоғамға пайдалы жұмыстары үшін жергілікті билік тарапынан берілген алғыс хаттарын да ұсынды.

    Свидетели Иеговы и общественно-полезный труд
    Қасқелең қаласы әкімінің атынан берілген алғыс хат
    Свидетели Иеговы - экстремисты или нет?
    Тараз қаласы әкімінің орынбасары қол қойған алғыс хат

    11. Иегова куәгерлері құрылымы бойынша қаржылық пирамидаға жатады

    Жалған. Діни қауымдастықтың баспасөз қызметі өкілдерінің сөзіне сүйенсек: «Иегова куәгерлері ұйымы коммерциялық емес ұйымға жатады. Ұйымдық жағынан да, заңдық тұрғыдан да (Редакцияның ескертпесі: жарғы көшірмесінің электронды нұсқасы factcheck.kz редакциясында бар) біздің қызметіміз пайда табуды көздемейді. Иегова куәгерлерінің орталықтары мен қауымдастықтарының аздаған шығындары еріктілердің садақасы есебінен жабылады. Кездесулерімізде ғибадат ету үшін ақша жиналмайды, ұйым мүшелері жарна төлемейді. Шығындарымыздың аз болуының бір себебі, бізде дін қызметкерлеріне ақы төленбейді. Құдайға сыйынатын ғимараттағы қызмет көрсету жұмыстарының көпшілігін ғибадат етушілер өздері атқарады».

    12. Иегова куәгерлері «келушілердің сенімін пайдаланып, оларды бүкіл мүлкін ұйымның пайдасына беруге мәжбүрлейді»

    Үкімі жоқ. Ұйымның баспасөз қызметі берген ресми жауаптан үзінді:

    Иегова куәгерлерінің жарияланымдарында да, ғибадат ету кездесулерінде де қысым көрсету туралы айтпағанда, «баспанасын сатып, түскен ақшаны садақа есебінде беруге» мәжбүрлемейді. Әрине, Иегова куәгерлері діни бірлестігі ресми тіркелген заңды тұлға болғандықтан, азаматтық-құқықтық қатынастарға қатыса алады және садақаны да қабылдайды. Бірақ, заң да, діни бірлестіктің жарғысы да мұндай әрекеттен ешкімнің де пайда табуына жол бермейді. Иегова куәгерлері де қоғамның толыққанды мүшесі болғандықтан, журналистерден бізге қарсы айыптауларды мұқият тексеруді өтінеміз.

    Редакциядан: Көріп отырғанымыздай, Иегова куәгерлері туралы мифтің көпшілігі – шын мәнінде миф. Біз оқырманның сын көзбен қарай алатынына, жалған пікірдің жетегінде кетпей, ақпарат ағынындағы жаңалықтардан тиісті қорытынды шығаратынына сенеміз. «Иегова куәгерлері христиан орталығы» аймақтық діни бірлестігі өкілдерінің барлық ресми жауаптары редакцияда бар және талап етілген жағдайда электронды нұсқада ұсына алатынымызды ескертеміз.

    Аударған Жұлдыз Әбділда

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.