ФЕЙК | WhatsApp мессенджеріндегі жыландар шабуылы туралы хабарлама

    WhatsApp әлеуметтік желілерінде кезекті фейк ақпарат тарап кетті. Онда Төтенше жағдайлар министрлігі республика тұрғындарын бұрын елімізде кездеспеген, ұзындығы 1 метрден 4 метрге дейін жететін улы жыландардан сақтану керектігін ескерткен.

    Бұл ақпарат кейбір әлеуметтік желілер және мессенджерлермен қатар Ресей, Қазақстан, Қырғызстанның БАҚ беттерінде тарады.

    Үкім: Жалған

    ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтты.

    Біріншіден, Мекеме мұндай ақпарат таратпаған. Екіншіден, ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті бар, ал Төтенше жағдайлар министрлігі деген мүлдем жоқ.  Сол себепті ақпараттың жалған екендігін сеніммен айта аламыз.

     

    Хабарлама қайдан шықты?

    «Российская газета» ақпаратына сенсек, бұл хабарламаны ең алғаш Ингушетия Республикасы Магас қаласының әкімдігі таратқан: «Ингушетия ұзындығы 4 метрге дейін жететін қауіпті улы жыландардан сақтану керектігін ескертті».

    Бірақ Магас қаласының ресми сайтынан біз мұндай мәліметті таппадық. Сайт әкімшілігі хабарламаны өшіріп тастаған тәрізді.

    Сол себепті Ресей мен Қырғызстан таралған ақпараттың жалған екендігін ресми түрде терістеді.

    Төтенше жағдайлар министрлігінің аймақтық баспасөз қызметі Ингушетиядағы улы жыландар жайындағы ақпараттың жалған екендігін мәлімдегені туралы ақпарат STAV.AIF.RU сайтында да жарық көрген.

    STAV.AIF.RU сайтынан скрин

    Ингушетия Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз мамандары жұмыс уақытында жыландарға қатысты ешқандай хабарлама келмегенін және төрт метрлік улы жыландардың шабуылы жайлы ақпаратты Магас әкімшілігі сайтынан өшіріп тастағандығын айтты.

    kg.akipress.org сайтынан скрин

    Сонымен қатар бұл хабарламаны Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі де жоққа шығарды:

    Күннің қатты ысып кетуіне байланысты бұрын кездеспеген улы жыландардың пайда болғаны жайлы WhatsApp мессенджерінде тарап кеткен ақпарат шындыққа жанаспайды.

    Сонымен қатар хабарламада мекеменің мұндай мәлімдеме жасамағаны да айтылады.

    Анықтама үшін

    Қазақстанды мекен ететін үлкен жыландар бар. Олардың ішіндегі ең ірісі әрі улысы – гюрза. Ұзындығы 2 метрге жуықтайды.

    Жыландардың басқа қауіпті түрлерінің ұзындығы бір метрге де жетпейді.

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.