Фактчек-2018: Болжамдар | қатерлер мен мүкіндіктерге шолу

Жаңа жылда фактчекингтен не күтеміз? Халықаралық фактчекинг желісі (IFCN) өкілдері Алексиос Манцарлис пен Даниэль Функенің жыл сайынғы болжамы (Poynter Institute материалының аудармасы).

1. Саяси кеңесшілер фейк дайындау процесіне бұрынғыдан гөрі белсене кіріседі   

Victory Lab мексикалық маркетинг компаниясы фейк жаңалықтар тарататын сайтты іске қосқанын жария етіп те қойды, жаңалықтар негізгі мемлекеттік саяси партия мүшелерінің аттынан жарияланады. Дегенмен жаңалық ойлап табу үшін аса қиналудың қажеті жоқ, жай ғана қарсыластардың сөзін жоққа шығарудың өзі жеткілікті. Пол Хорнер жасаған секілді сайттарды тауып алу соншалық қиын емес. Ал одан гөрі күрделірек жайттарды анықтау үшін зерттеуші журналистер керек, олар саяси науқан аяқталмай тұрып мемдер мен фейк ақпараттың қайдан шыққанын анықтауы тиіс.

2. Жалған ақпарат таратушылармен күресті заңдастыру әрекеті сәтсіз болады (әсіресе демократия қалыптасып қалған елдерде)

“Фейк жаңалықтар” спамның бір түрі болғандықтан, олармен техникалық құралдар арқылы күресу керек. Ал заңнамадағы өзгертулер боттарды және hate speech жазбаларын реттеуге, монополияға қарсы айыппұлға (бәсекелестік мәселесі бойынша қазіргі еуропалық комиссар Маргарет Вестагер ұсынып отыр), цифрлы сауаттылықты дамыту мәселесіне инвестиция тартуды жалғастыруға ғана мүмкіндік беруі мүмкін. Ал авторитарлық елдерде биліктің жақтастары сөз бостандығына залал келтіруі мүмкін, мұның жарқын мысалы ретінде “фейк жаңалықтар” деген тіркестің жиі ауызға ілінуін айтуға болады. АҚШ президенті Дональд Трамптың осы тіркесті баспасөзге қатысты көп айтуы тек Америкадағы ғана емес, басқа елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарына да сенімнің төмендеуіне ықпал етуі мүмкін.

Фактчек-2018: Болжамдар | қатерлер мен мүкіндіктерге шолу
Poynter Institute жасаған фактчекинг зерттеу базасы. Дереккөз: poynter.org

3. Фактчекинг пен фейк жаңалықтардың ықпалы туралы нақты деректер қолжетімді болады

2017 жылы фактчекингтің ықпалы жан-жақты зерттелгені соншалық, Poynter Insitute арнайы мәліметтер базасын да жасап қойды. Зерттеу “кері әсер” туралы әңгімені пікірталас деңгейіне дейін көтерді. Алайда, 2018 жылы нақты көрсеткіштерді зерттеу керек. Бұл ретте ең маңызды қадамның бірі фейк жаңалықтарға соғылған белгілерге қатысты Facebook деректерін жария ету болмақ.

4. Фактчекерлер үшін тағы бір “майдан алаңы” – Whatsapp пен WeChat

Мессенджерлерде 2017 жылы фейктердің көптеп тарағаны мәлім болып отыр. Фактчекерлер үшін олардың рас-өтірігін тексеру өте күрделі, мәселен, Whatsapp желісінде құпиялық болғандықтан деректерді тексеру қиын. Сондықтан дәстүрлі әдіс-тәсілді қолдануға тура келеді, дәлірек айтсақ, оқырман процеске тікелей араласып, редакцияға рас-өтірігін анықтау үшін хабарламаларды жолдайды, сосын осы хабарламаларға жасалған фактчекті әрі қарай басқа топтарға, өз ортасына таратады. Дегенмен, жалпы жағдай бұрынғыша қала береді. IFCN Латын Америкасы, Африка мен Қытайда жалған ақпарат көбейеді деп болжап отыр, олар, әсіресе денсаулыққа және табиғи апаттарға қатысты болуы мүмкін.

Фактчек-2018: Болжамдар | қатерлер мен мүкіндіктерге шолу
Дереккөз: faktisk.no

5. Фактчек бойынша әріптестік артады

Мұндай тенденция біраздан бері байқалады, ал келесі жылдан тіпті арта түспек. 2017 жылы құрылған норвегиялық Fasktisk ұйымы осының дәлелі. Оны елдегі VG, Dagbladet, NRK and TV 2 сынды ірі жаңалық тарату ұйымдары мен француздық Crosscheck бірлесе отырып құрған. Бұл жобаға 37 медианың өкілдері қатысқан.

6. Көзқарастар өзгереді, дискуссия азаяды, бірақ…  

Журналистер “фейк жаңалықтар” деген тіркесті азырақ қолданатын болады, оның орнына  “шындыққа негізделген баспасөз” (“reality-based press”) деген идеяға бейімделу байқалады, The Washington Post өкілі Маргарет Сулливан ойлап тапқан бұл термин материал жазудың басынан аяғына дейін толыққанды ашықтықты сақтау дегенді білдіреді. Енді фактчек тек либерал БАҚ үшін ғана маңызды емес, 2017 жылы консервативтік көзқарасымен танымал The Weekly Standard та фактчек жасай бастады, сонымен бірге The Washington Post пен The New York Times секілді ұзақ мерзімді зерттеулерге инвестиция сала бастады. Бұл журналистер арасындағы дискуссияны азайтуға ықпал етуі мүмкін.

Бірақ, мұндай өзгерістер пост-шындық дәуірінің ең негізгі мәселесін шешпейді. Дәлірек айтсақ, медиа ұйымдардың бюджетінің қысқаруы мен аудиторияның “жаға ұстатар” жаңалықтарға құмарлығы әлі де сақталады, ал АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлаудың жаңғырығы келесі жылы да басылмауы мүмкін.

Фактчек-2018: Болжамдар | қатерлер мен мүкіндіктерге шолу
Дереккөз: Africa Check

7. Африкада фактчек дүмпуі болады  

Дәлірек айтқанда, Сахараның оңтүстігіне таман. Оған негіз де жоқ емес. 2017 жылдың қараша айында Йоханнесбургте өткен бірінші фактчекинг саммитінде басқа да жайттармен қатар 2012 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Africa Check тәжірибесі талқыға түсті. Кения мен Зимбабведе фактчек бойынша жаңа бастамалар пайда болды. IFCN жағдайды Латын Америкасымен салыстырып отыр, бір-екі жыл бұрын онда да фактчекингпен айналысатын ұйымдардың саны арта бастаған.

Журналист, фактчекер, фотограф. Автор factcheck.kz c 2017 года.

Factcheck.kz