Дезинформация мәселесін қалай шешеміз?

МЕНЛО ПАРК, КАЛИФОРНИЯ – АҚШ-тағы 2016 жылғы қарашада өткен президент сайлауы цифрлық арналардың “фейк” жаңалық таратушылардың қолшоқпары болу мүмкіндігін көрсетіп берді, дегенмен дезинформациямен күрес төңірегіндегі пікірталас та толастай қойған жоқ. Facebook, Google және Twitter басшылары Конгреске келіп, Ресей дереккөздері бұл платформаларды сайлауға ықпал ету мақсатында қалай пайдаланғаны жөніндегі сұрақтарға жауап бергелі де сегіз ай өтті. Мәселені шешуге талпыныс барысында белгілі болғаны – бұл проблеманың жалғыз шешімі жоқ.

Мұнда бір ғана күрделі шешім емес, мәселені түрлі қырынан реттей алатын бірнеше қадам жасау керек болады. Қазіргі ақпараттық экожүйе “Рубик кубигі” іспетті, оның әр шаршысының “мәселесін шешу” үшін бірнеше қозғалыс жасау керек. Ал цифрлық дезинформацияға келсек, кемінде төрт өлшемді назарда ұстау қажет.

Біріншіден, жалған ақпаратты кім бөлісіп отыр?

Шетелдік актор таратқан жалған ақпарат ел азаматы таратқан ақпараттан құқықтық әрі нормативтік тұрғыда мүлде өзгеше қарастырылады. Мәселен, АҚШ азаматына сөз бостандығы жөнінен көп құқық берілген, ал шетелдіктердің араласуына қатысты талаптар біршама қатаң.

АҚШ-та шетелдіктердің араласуы бойынша күрделі емес істерді қарағанда тілді зерттеу және геолокация техникасын қолдана отырып, сырт елден әрекет етіп отырған акторды анықтауға тырысады. Платформа деңгейіндегі өзгерістер іске аспаса, санкция түріндегі кең ауқымды үкіметтік интервенция қолданылуы мүмкін.

Екіншіден, жалған ақпаратпен неге бөлісіп отыр?

Әдейі таратылмаған қате ақпараттан (misinformation) дезинформацияның не үгіт-насихаттың айырмашылығы – ол мақсатты түрде таратылады. Медиа сауаттылық не фактчекинг науқандары арқылы ниеті түзу акторларды жалған ақпаратты байқамай таратудан жартылай болса да сақтауға болады. Ал арам ниетті акторларды жалған ақпаратты әдейі таратудан тыю өте қиын әрі бұл олардың мақсаттарына байланысты болмақ.

Мәселен, “фейк” жаңалық сайтын жүргізіп, мыңдаған доллар ақша тауып, жаман аты шыққан македониялық жастар сияқты табыс табуды мақсат еткендерді кіріс моделін болдырмайтын жаңа жарнама саясаты тоқтатуы мүмкін.  Бірақ бұл саясат дезинформацияны саяси не әлеуметтік мақсатта бөлісетіндерді ауыздықтай алмайды. Егер бұл акторлар ұйымдасқан желі ретінде әрекет ететін болса, оларды тоқтату үшін бүкіл желіге әсер ету керек.

Үшіншіден, дезинформацияны қалай бөліседі?

Егер акторлар ақпаратты әлеуметтік медиа арқылы тарататын болса, платформалардың саясаты мен үкімет ережелеріне өзгеріс енгізу тиімді болмақ. Бірақ бұл өзгерістер нақты болуы керек.

Дезинформация мәселесін қалай шешеміз?
«Матрица» фильмінің кадры // Кадр из фильма «Матрица»

Мәселен, контентті боттар жасанды түрде дабырайта бермеуі үшін платформалар қолданушылардың нақты құжаттарын талап ете алады (дегенмен, бұл авторитарлық режимдердегі жағдайды қиындатады, себебі онда анонимділік демократияға септесіп отыр). Адамның ойы мен әрекетіне ықпал ету үшін оның қызығушылықтары мен мінез-құлқын зерттеу мақсатында тұтынушы мәліметтері мен демографиялық мағлұматтарын пайдаланып “микротаргеттеуді” болдырмау үшін платформалар мәліметтерді бөліседі және жеке құпияға қатысты саясатын өзгертіп, жаңа жарнама ережелерін енгізе алады. Мәселен, жарнама берушіге “еврейлерді жек көретін” 2300 адамның аккаунтын небәрі 30 долларға сатып алуға мүмкіндік берудің орнына платформалар саяси жарнаманың нысанасын жариялап, таргеттеудің белгілі бір критерийлеріне тыйым салады не нысана топтың көлемі қаншалық кіші болатынын анықтайды. Қазір олар мұның кейбірін істеп те жатыр.

Бұл да қарулану жарысы іспетті нәрсе. Арам пиғылды акторлар цифрлық платформа енгізген өзгерістерге дереу бейімделе қояды. Оригинал фотосуретті анықтау үшін блокчейнді қолдану біртіндеп міндетті бола бастайды. Бірақ цифрлық платформалар үкімет ережелеріне қарағанда өз саясатын жағдайға тез бейімдей қоятынына шүбә жоқ.

Дегенмен, цифрлық платформалар дезинформацияны жалғыз басқара алмайды, себебі кей есептеулерге қарасақ, ең сорақы “фейк” жаңалық ақпаратының 40 пайыздайы ғана әлеуметтік медиа арқылы таралады, ал қалған 60 пайызы алдымен “көлеңкелі әлеуметтік медиа (хабарламалар не достар арасындағы емейлдер) арқылы жөнелтіледі. Бұл саланы басқару тіпті қиын.

Не таралып жатыр?

Дезинформация мәселесіндегі соңғы және бәлкім ең басты өлшем – нені бөлісіп жатыр? Сарапшылар көбіне тез көзге түсетін тұтастай “фейк” жаңалыққа назар аударады. Бірақ цифрлық платформалардың мұндай контентті ауыздықтауға құлшынысы бар, себебі жалпы жұрт өтірік жаңалықты жаппай бөлісіп, ақымақ көрінгісі келмейді.

Дегенмен, жұрт өз көзқарастарымен үндес ақпаратты оқып, онымен бөліскенді жөн көреді, егер ол эмоция тудыратын, әсіресе ашу келтіретін жаңалық болса тіпті жақсы. Қолданушылар контенттің осындай түрін таратуға бейім болғандықтан, цифрлық платформалар оны айшықтап көрсетуге тырысады.

Мұндай контент халықты бөлшектеп қана қоймайды, кісіні шатастырып, отқа май құяды, және оның конструктив демократиялық дискурсты бұзуы да мүмкін. Бірақ, бұрмаланған ақпаратқа негізделген қауіпті тайталас пен өзара қайшы көзқарастарға негізделген еркін саяси пікірталастың арасындағы шекара сызық қай жерден өтеді? Және оны кім сызуы керек? Жалпы, біреу сызуы керек пе?

Тіпті бұл этикалық сұрақтарға жауап берген күннің өзінде ауқымды проблемалық контентті анықтауда үлкен практикалық мәселелер туындайды. Дезинформацияның ең қауіпті деген мысалдары белгілі бір сайлауға не кандидатқа емес, қоғамдағы нәсілдік жікке бағытталған. Және олар көбіне ақылы материал да емес. Сондықтан олар Facebook пен Twitter қабылдаған “Адал жарнама Актісі” сияқты сайлау науқандарын қамтитын заңдармен реттелмейді.

АҚШ-та дезинформация мәселесінің шешімі бұлыңғыр болса, жалпы халықаралық контексте жағдай бұдан да қиын. Онда проблема тіпті орталықсыздандырылған әрі нақты емес. Жалпыға ортақ, жан-жақты шешімнің жоқ болуы да содан.

Дегенмен, әрбір қолданылған шара шағын бір мәселені шешетін болса (мәселен жақсартылған жарнама саясаты проблеманың 5 пайызын, түрлі микротаргеттеу саясаты 20 пайызын шешеді), бәрін қосқанда прогреске қол жеткізуге болады. Нәтижесі онша керемет болмаса да, проблемалық контенттің аз бөлігін ғана қамтыса да, сөз бостандығын құрметтейтін демократиялық қоғамға сай ақпараттық орта қалыптасар еді.

Бір жақсысы – қазір сарапшылар Facebook-тегі қорғалған жеке құпия мәліметтерін тексере алады. Сол арқылы олар платформаның бүкіл әлемдегі сайлаулар мен демократияға ықпалын түсіне (және жақсарта) алады. Google, Twitter, Reddit және Tumblr сияқты басқа платформалар да осы ізбен жүреді деп үміттенеміз. Дұрыс түсіне білсек және фундаменталдық, сатылы өзгерістерге деген құлшыныс болса, бүгінгі құрсаудағы демократиялар үшін цифрлық платформалардың әлеуметтік және саяси әсерін қауіпсізірек етуге болады.

Дезинформация мәселесін қалай шешеміз?Келли Борн – William and Flora Hewlett Қорының Мэдисон бастамасының бағдарлама жетекшісі.

Copyright: Project Syndicate, 2018.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz