БАҚ-ты реттеушілерге бір ескерту

    цензура

    КИТОАҚШ президенті Дональд Трамптың баспасөзді жиі кемсітуінің салдары не болатынын білгіңіз келсе, бұрынғы президент Рафаэль Корреаның үкіметі жылдар бойы БАҚ-ты тұқыртып келген Эквадордағы жағдайға көз салыңыз. 2007-2017 жылдары билік құрған тұсында Корреа баспасөз бостандығын шектеуге бағытталған түрлі шаралар қолданды. Трамп сияқты ол да өз жақтастарын жұмылдыру үшін бар бәлені БАҚ-қа жауып отырды.

    Журналистика — қызмет ретінде

    2015 жылы Корреа конституцияға өзгеріс енгізіп, коммуникацияны су және электр қуаты сияқты қоғамдық қызмет түріне жатқызды, сөйтіп сөз бостандығына мемлекеттік бақылауды күшейте түсті. «БАҚ-та жан-жақты жазуды қамтамасыз ету» деген мақсатпен ол 2013 жылы Эквадордың «Коммуникация туралы» заңын қабылдатқызды. Ол заң үкіметке журналистерге көп айыппұл салуға, оларды күштеп кешірім сұратуға, тіпті түрмеге жабуға мүмкіндік берді.

    Трамп сияқты Корреа да анда-санда телерадио хабарларға шығып, журналистердің атын атап кемсітіп отырды. Ал оның үкіметі ақпарат құралдарын жиі сотқа берді. Мәселен, Корреа елдегі ең басты газеттердің бірі — El Universo-дан 80 миллион доллар өндіруді сұрады. Ақыр соңында газет «рақымшылық жасағаны» үшін 40 миллион доллар төлеуге мәжбүрленді.

    Қоғам үшін…

    Онлайнда жалған ақпарат көп тарап, бұл халықтың медиа мен басқа институттарға деген сеніміне селкеу түсіріп жатқанда, айтылатын сөзге шектеу қою – дұрыс сияқты. Ең бастысы – Facebook сияқты ақпарат тарататын негізгі платформаларды көбірек реттеу керек.

    Бірақ, кей жағдайларда «қоғамның мүддесі» үшін шығарылған заңдар оларға қарсы жұмыс істеуі мүмкін. Сонымен бірге, заңды журналистиканы қорғайды деген заңдар іс жүзінде оларды қара ниеттілерден қорғауда қауқар таныта алмайды. Жақында «Журналистерді қорғау комитетінің» (CPJ) өкілдерін Эквадорға алып барғанымда осыны толық түсіндім.

    Эквадор журналистерінен түйгенім – Корреаның медиа саясаты мен оны жүзеге асыру әрекеттерінің нағыз цензура санатына өтіп кеткені анық. Үкіметтің мәлімдемелерін толық жеткізбеген, шетелдік БАҚ-тардың үкіметті мақтап, оппозиция өкілдерін жамандаған хабарларын көшіріп таратпаған ақпарат құралдарына айыппұл салынған. Кей жағдайларда тіпті ақпарат құралдары үкімет өкілдерінің өздерін сынаған материалды жоққа шығарған  ұзақ-сонар мәлімдемелерін басуға, я эфирден беруге мәжбүрленген.

    Эквадордың мысалынан көріп отырғанымыздай, қағаз бетінде жақсы болып көрінетін заңдарды (мәселен, сыналған адамның «жауап беру құқығына» кепілдік беру) асыра пайдалану оңай. Эквадор журналистерінің айтуынша, үкімет өкілдері тілшілермен сөйлесуден әдейі бас тартады, себебі егер сын материал шыққан жағдайда олар ол ақпарат құралын өздерінің редакцияланбаған, қиылмаған ұзақ терістемелерін беруге мәжбүрлейтінін жақсы біледі. «Терістеме құқығы» істерінде БАҚ-қа қарсы шағымдану құқығы беріледі, бірақ бұл ұзақ әрі шығыны көп сот процесіне ұласып кетеді.

    Сол сияқты қарапайым адамдардың да баспасөздегі мақалаға шағым беру құқығы көп ойындарға пайдаланылады. Үкімет өкілдері көбіне өз аттарынан ақпарат құралдарына шағым түсіретін «қарапайым адамдарды» тауып алып отырады.

    Ленин мен реформалар

    Эквадордың қазіргі президенті Ленин Морено медиаға салынған шектеулерді азайтуға уәде берді. Жақында «Журналистерді қорғау комитеті» өкілдерімен болған кездесуінде Эквадордың Коммуникация хатшысы Андрес Мишелена үкіметтің «Коммуникация туралы» заңды биыл өзгертуді жоспарлап отырғанын айтты. Дегенмен, біз кездескен журналистердің айтуынша, заңның мазмұны әлі өзгермеген.

    Жалпы, Латын Америкасындағы ақпарат құралдары элитаның қолында, олардың ауқатты қожайындары БАҚ-та материалды өз мүдделеріне қарай жариялатады. Сондықтан да соңғы жиырма жылда билікке келген солшыл саясаткерлердің көбі үні естілмей, тасада жүрген және маргиналданған қауымдастықтарды медиада көп қамтуға уәде берген.

    Мәселен, Аргентинада бірнеше адамның көп БАҚ-қа иелік етуіне тыйым салынды. Кей елдерде тасада қалған жергілікті қауымдастықтарға камера және хабар тарату лицензиялары берілді. Кей жағдайларда үкіметтер өз мәлімделерін тарату үшін жекеменшік телестансалардың хабарларын үзіп отырған. Корреаның кезінде тіпті үкімет елдің ең ескі басылымыEl Telégrafo-ны басқару тізгінін қолына алды.

    Он жыл бұрын әркелкі медиа қалыптастыру жолына түсті деген Эквадор ақыр аяғында елдегі журналистік зерттеу және сыни журналистика атаулыны түгел дерлік жойды. Бұл елдің болашағына ешқандай жақсылық әкелмейді. Белсенді, фактіге негізделген журналистика – қоғам игілігі үшін жақсы. Биліктің төртінші тармағы ретінде медиа жемқорлық, табиғаттың бүлінуі сияқты қоғамның сеніміне селкеу түсіретін түрлі мәселелер бойынша үкімет пен корпорацияларды жауапкершілікке шақырып отырады. Бірақ, Эквадорда қазір журналистер «жұмысымның салдары қандай болады?» деп қорқып жүреді.

    Латын Америкасындағы басқа елдер сияқты Эквадор да тым бөлшектенген ел. Корреа үкіметінің кедейлікпен күрестегі және денсаулық сақтау мен білім саласын қаржыландырудағы ерекше жетістіктерін алға тартатын солшылдардың арасында бұрынғы президентті қолдайтындар әлі де көп. Олар Корреаның тұсында жемқорлық артқан жоқ дейді және үкіметтің БАҚ-ты қысымға алуын қолдайды, себебі олардың айтуынша, ақпарат құралдары оңшылдардың сойылын соғып, корпоративтік мүдделерді қорғаған.

    Реттеу бағасы

    БАҚ-қа сенім азайып бара жатқан АҚШ сияқты елдер мына жайттан сабақ алғаны жөн. АҚШ-тағы 2016 жылғы сайлауда Facebook пен Twitter-дың жалған ақпарат таратып, сенімсіздік пен нәсілдік алауыздық туғызғаны белгілі болғалы бері әлемде оны қатаң реттеу туралы пікірлер жиі айтыла бастады. Бірақ бұл ережелерді әділетті түрде орындату мүмкін емес, және оның біз күтпеген салдары болуы ықтимал.

    Жалған ақпаратпен күрес деген – қырағы бақылаушы рөлін атқаратын, терең әрі фактіге негізделген журналистикадан көз жазу болса, онда оның бағасы тым қымбат екен. Эквадордың мысалы осыны көрсетті. Бұдан тек Эквадор ғана емес, әлемнің басқа демократиялық елдері де сабақ алады деп үміттенейік.

    Аня ШиффринАня Шиффрин – Колумбия университеті Халықаралық және қоғамдық қатынас мектебі медиа және коммуникация бағдарламасының директоры.

    Copyright: Project Syndicate, 2018.
    www.project-syndicate.org


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.