ШЫНДЫҚ | Қазақстанда ҰБТ-дан төмен балл алып та грант иеленуге болады

Грант тізімі шыға салысымен ҚР Білім және ғылым министрлігі арыз-шағымның астында қалды. Баспасөзде, сайттар мен әлеуметтік желіде «120 балл алған бала оқуға түсе алмай, 50 балл алған бала түсіп кетті» деген сарындағы жазбадан көз сүрінді. «Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл жинаған балалар қалайша грант иегері болады?» деген сұрақ қойылды. Біз мұның рас-өтірігін тексеріп көрген едік.

Үкім: Шындық

Шынында да, төмен балл алып (ең жоғарғы 140 балдың жартысынан да төмен), мемлекеттік білім грантының иегері болуға болады. Бар мәселе талапкердің қандай мамандық таңдағанында.

Неліктен?..

Біріншіден, биыл былтырғы жылмен салыстырғанда, грант саны көп. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, былтыр шамамен 32 000 грант бөлінсе, биылғы жылы 37 932 грант бөлінген. Оның ішінде күндізгі бөлімде оқушыларға – 34 782 грант. ҰБТ нәтижесі бойынша, республика бойынша орташа балл 80,5 болған.

ШЫНДЫҚ | Қазақстанда ҰБТ-дан төмен балл алып та грант иеленуге болады
ҚР БҒМ инфографикасы

Екіншіден, әр мамандық бойынша бөлінген грант саны әртүрлі. Былтырғыдай биыл да педагогика саласына, әлеуметтік мамандықтарға және техникалық салаға бөлінген грант саны көп.

Мысалы, педагогика мамандықтары мен филологияға 6 385 грант бөлінсе, Халықаралық қатынастар мамандығына бар болғаны 32 орын бөлінген (Оның 22-сі қазақ бөліміне, ал 10-ы орыс бөліміне).

Яғни, 130 балл алған талапкердің Халықаралық қатынастар мамандығына түсу мүмкіндігі жоқ деген сөз, өйткені бұл мамандыққна грант алған ең төменгі балл иегері 131 балл жинаған. Қосымша ең төменгі балдар – 104 және 103. Дегенмен, мұндай балмен педагогика мамандықтарына және техникалық мамандықтарға еш қиындықсыз түсуге болады: биыл техника саласында білім алушыларға 11 255 грант бөлінген, жаратылыстану бағытына – 2133 орын (салыстыру үшін айтсақ, құқықтану саласына бар болғаны 100 орын берілген).

Грант иелену үшін қанша балл жинау жеткілікті?

Былтырға дейін ең жоғары балл 120 болғаны белгілі. Биыл – 140 балл. Ал Қыздар мемлекеттік университетінің Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығына 76 балмен түскен талапкер бар (орыс бөлімі, ауыл квотасымен). Дәл осы оқу орнының дефектология мамандығына осындай басымдықтан 74 балмен түскен. Ал Тараз мемлекеттік педагогика университетінде дефектологияға ауыл квотасымен 69 балмен ілініп кеткен.

Яғни, ең жоғарғы 140 балдың жартысынан да аз балл жинап та грант иеленуге болады.

Болашақ математиктердің алды 134 балл жинаса, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына ауыл квотасымен 73 балмен түскен. Математикадан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының орыс бөліміне 57 балл иегері грант алып кеткен. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының математика факультетіне 51 балмен де түсіп кеткен талапкер бар.

Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының физикасына 65, 60 балл алған түлектер грантқа түссе, Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетiнің орыс бөліміне 62 балл иегері түскен. Ал физиканы ағылшын тілінде оқыту үшін 50 балл алу жеткілікті болған.

Информатика мамандығына грантқа 59 балмен түскендер бар (Арқалық университеті). Физика секілді мұнда да ағылшын бөліміне 50 балмен ілініп кеткен.

Биологияны ағылшын тілінде оқытатындардың алды 127 балл жинаса, соңғысы 51 балмен ілінген.

Техника және ауыл шаруашылығы мамандықтары

Грант көп бөлінетін саланың бірі – техникалық мамандықтар. Биылғы грант иегерлері тізімінде мұнай-газ ісі мамандығына ауыл квотасымен 60 балл алып түсіп кеткен талапкер бар. Металлургия мамандығына 53 балмен түскендер кездеседі. Машина жасау мамандығына 69 балл иегері грантқа ілінсе, Көлік және көлік техникасы мамандығына 62 балмен де грантқа қол жеткізу мүмкіндігі болған.

Ауыл шаруашылығы саласына биыл барлығы 1669 грант бөлінген. Оның ішінде арнайы жеңілдігі бар түлектер саны – 77. Бұған ветеринария бойынша бөлінген 668 грантты қосыңыз. Ауыл шаруашылығына 50 балмен грантқа түскендер кездеседі.

Өсімдік қорғау және карантин мамандығы бойынша грант иегері болу үшін ҰБТ-да 56 балл жинау жеткілікті болған. Ал Ветеринарлық санитария бойынша 51 балл иегері грант алған.

Жеңілдіктер мен квоталар

Грант санының көптігінен бөлек, жеңілдіктер мен квоталар бар. Мәселен, Жалпы медицина мамандығының қазақ бөліміне ең төменгі балл 111 болса, орыс бөліміне 82 балмен түскен. Жеңілдігі барлар Фармация мамандығына 59 және 51 балмен түскен. Жалпы медицинаға 66 баллмен ілінген.

Кімдерге жеңілдік беріледі?

– Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 1%;

– І, ІІ топтағы мүгедектер мен бала күнінен мүгедектерге – 1%;

– Жеңілдіктері мен кепілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтарға – 0,5%;

– Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын шетелдегі қазақтарға (2%) арнайы квота бар.

2017-2018 оқу жылында тек қана білім беру саласы бойынша жетім балалар мен мүгедек балаларға 63-63 орыннан барлығы 126 грант бөлінсе, басқа елден келген қандастарымызға 126 орын бөлінген.

Гуманитарлық ғылымдар бойынша жеңілдікпен грант иеленгендер саны – 36. Құқықтану бойынша 5 адам, өнер саласы бойынша 9 адам жеңілдікпен грант алған. Жаратылыстану ғылымдары бойынша 99 түлек жеңілдікпен білім грантын иеленген.

Сондай-ақ, биыл да Алтын белгі иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері де жеңілдікпен грант иеленді.

Factcheck.kz